Әкім мас күйінде қызметтік көлікпен адам қағып кетті
2017 ж. 13 желтоқсан
2381
0
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында ауыл әкімі ішімдікке тойып алып, қызметтік көлікпен адам қағып кеткен. Содан соң оқиға орнынан ізін суытқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ал жол көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған Бөржар ауылының 47 жастағы тұрғыны ауыр халде ауруханаға түсіп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Кейіннен белгілі болғандай, адам қағып қашып кеткен сол ауылдың әкімі екен.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың сөзінше, жол көлік оқиғасын жасаған Бөржар ауылдық округінің әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиға орнына барған полиция қызметкерлерінің анықтағаны ВАЗ-2107 қызметтік автокөліктің жүргізушісі адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. 2001 жылғы куәгердің берген дерегі бойынша кінәлі азамат анықталды. Адам қаққан күдіктіні полицейлер үйінен ұстады. Қазіргі таңда 1972 жылы туған автокөлік жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-ші «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы және 347-ші «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалардың қорытындысы бойынша оның мас халде болғаны расталған. Жәбірленуші азаматтың тірі қалуына байланысты ол қамауға алынбаған», - деді Салтанат Қаракөзова.
Ордабасы аудандық әкімдігінің мәліметінше, жол көлік оқиғасын жасаған әкім қазір денсаулығына байланысты демалысқа шығып, ауруханада жатыр.