Мемлекет есебінен байығандарға қатаң тосқауыл қойылады
2017 ж. 30 қараша
1751
0
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы және оның аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамының қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда төраға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет офицерлеріне Мемлекет басшысының кездесу барысында берген тапсырмаларын мәлімдеді.
«Біздің міндет – қоғам өмірінің барлық салаларында жемқорлықпен тиімді күресуді қамтамасыз ету. Ол әлеуметтік, ауылшаруашылық, құрылыс мәселелері, кен игеру, қаржы және квазимемлекеттік секторлар, құқық қорғау, сот органдары және басқа да салалар» – деді Қ.Қожамжаров. Сондай-ақ, төраға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімді жұмыс атқаруына қажетті жағдай мен құралдар бар екенін атап өтті.
Басым міндеттерге қылмыстық тізбектің барлық құрамын, яғни орындаушыдан ұйымдастырушыға дейін әшкерелеу қойылды. «Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорық көріністерін кім жасаса да, онымен қатал күресуді міндет етіп қойды» – деді жетекші.
Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта Ұлттық бюроға бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту тапсырылды. «Айыпты тұлғалардың мүлігіне тыйым салу және шетелдегі заңсыз активтерін анықтау арқылы Мемлекеттің ұрланған қаражатын толығымен өндіруді қамтамасыз ету керек. Мемлекет есебінен заңсыз байыған бірде-бір тұлға ұрланған қаражатты не Қазақстанда, не шетелде пайдалануға мүмкіндігі болмауы керек», – деп көрсетті төраға.
qazaquni.kz