Лаңкестікке үндегендер ұсталды
2017 ж. 30 қараша
1703
0
Алматыда қарулы жиһадқа шақырған бір топ адам қамауға алынды. Ер адамдар Whatsapp мессенджері арқылы бейнехабарлама таратқан. «Жұмағұлов, Омаров пен Әбішев тіркелмеген қоғамдық ұйым атауын жамылып, Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзуға, халықты қорқытуға, құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған акция ұйымдастыруға тырысқан», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өзінің бейнехабарламасында бетперде киген азаматтар Қазақстанда тыйым салынған діни-экстремистік «Хизб-ут-Тахрир» партиясының символикасын және қаруды қолға алған күйі жаппай құқықбұзушылық әрекеттерге баруға шақырады. Одан бөлек, қылмыстық топ өзіне сыбайластар жинап, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қоқан-лоққы көрсету акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған. Олар қызметкерлер мен олардың отбасын қорқытып-үркітетін бейнероликтер мен қоңыраулар жасап отырмақ болған.
Бүгінде олардың оқулықтары мен электронды тасығыштары тәркіленіп, күдіктілер уақытша оқшаулағышқа қамалды. Топ мүшелерінің бірі адам өлімі үшін бұрын істі болған. Тергеу болжамы бойынша, қылмыстық топ қазақстандық соттан шетелде жасырынып жүрген қылмыстық элементтердің бұйрығымен әрекет еткен.
qazaquni.kz