КӘСІБИ-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ ТЕГІН БЕРІЛЕДІ

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Білім» және «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік аз қамтыл­ған тобына көмек көрсету» бойынша партиялық кураторлар комиссиясының отырысы өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты, партия­лық куратор Әбдіманап Бектұрғанов төрағалық еткен жиын бары­сында «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы бойынша Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру жұмыстары талқыланды. Шараға депутаттар, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, жоғары оқу орындарының өкілдері және басқалары қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаты, Білім бағыты бойынша комиссия мүшесі Бақыткүл Хаменова аталған бағдарлама әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға баласын оқыту үшін ыңғайлы бағдарлама екенін жеткізді. «Бұрын 2 жыл 10 ай жұмысшы мамандығын, 3 жыл 10 ай қосымша менеджерлік мамандықты алатын болса, ендігі ретте модульдік оқыту арқылы 3 жыл 10 айда білім алушы бірнеше мамандықты алып шыға алады. Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру 2017 жылдың қыркүйек айынан бастау алды. Дей тұрғанмен, жаңа бағдарламаға сәйкес жаңа талаптар, жаңа нормативті құжаттар керек», – деді ол. Әлі де болса, мамандықтар бойынша модульдік технология негізінде стандарттармен оқу жоспарларында бірізділіктің болмай жатқанын да тілге тиек етті. Алайда бүгінде Мәжіліс қабырғасында Білім және ғылым министрлігіндегі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшылығымен жаңа форматта жұмыс жүргізіліп жатқанын және аталмыш мәселе департамент мәліметіне сай бір аптадан соң шешімін тауып, барлық колледжге тиісті құжаттар жеткізілетінін айтты. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина елімізде тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан, еңбек нарығында қажетті кадрларды даярлау, олардың жұмысқа орналасуы, жұмыссыздықты азайту мәселелері әлі де өзекті болып отырғанын жеткізді. Мәселен, Алматы қаласында техникалық мамандықтар мен маркетинг саласындағы мамандықтарға сұраныс артып отыр. Сондай-ақ еңбек нарығында экономистер, қаржыгерлер, заңгерлердің көп болуына байланысты Алматы қаласындағы ЖОО түлектерінің 30 пайызға жуығы жақын арада жұмысқа орналасу қиындығына тап болуы мүмкін екендігін де еске салды. qazaquni.kz