ҚАРЖЫЛЫҚ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЯР ЕМЕС
2017 ж. 17 қараша
2921
0
Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне жетекшілік еткен марқұм Қозы-Көрпеш Жаңбыршинның кезінде бұл ұйым белсенді жұмыс істегені ел есінде. Басқа-басқа, тіпті Парламентегі қаржылық заңбұзушылықты бүкпелемей ашық айтқаны да белгілі. Жауапкершілігі мол ұжым сол үрдісті жалғастырып өз жұмысын одан әрі жандандыра түскен секілді.
Есеп комитеті аудиттік тексерулер барысында Денсаулық сақтау министрлігіндегі қаржылық былықтарды атады. Мемлекеттік аудитпен камтылған республикалық бюджет қаражатының жалпы көлемі 781,4 млрд. теңгені құрады. Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 31,2 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 31,4 млрд. теңгеге 101 рәсімдік бұзушылық, 46,8 млрд. теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. Мемлекеттік аудит барысында қаржылық бұзушылықтар сомасы толық көлемде қалпына келтірілді және өтелді, 3 заңды тұлға және 14 лауазымды адам әкімшілік жауапқа тартылды. Аудиттің жекелеген материалдары құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін жіберілді Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелерінде бірқатар жүйелі проблемалардың сақталып отырғаны анықталды.
Сол сияқты мемлекеттік аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жұмысында 16,9 млрд. теңгеге заңбұзушылық, 43,2 млрд. теңге көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын дұрыс игермеу, жалпы сомасы 26.7 млрд. теңгені құрайтын процедуралық бұзушылықтардың 147 фактісі анықталды. Бұл бар-жоғы екі саланы тексеру барысындағы көрсеткіштер. Осыдан-ақ елімізде қаржылық заң бұзушылық етек алып бара жатқанын байқауға болады.
qazaquni.kz