БАСТЫ БАҒДАР – ЖАСТАР БОЛАШАҒЫ

Елімізде түрлі партиялар мен қоғамдық ұймдар саны жылдан жылға артып келеді. Ол заңды да. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған осы аталмыш ұйымдар мемлекетіміздің қуаты артып өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына, ұлттық сананың дамуына, мәдениетіміз бен өнеріміздің әлемде танымал болуына өз игі әсерін тигізіп келе жатқаны дау тудырмайды. Олай болса қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетіп, оның белсенді мүшесі ретінде өз үлесімізді қосу әрбіріміздің азаматтық борышымыз екені анық. Жоғарыда айтқандай, еліміздегі белсенді қоғамдық ұйымдардың бірі – «Болашақ» республикалық жастар қозғалысы дер едік. Бұл ұйымның жұмыс істеп келе жатқанына міне 12 жылдың жүзі болған екен. Он екі жыл – адамның бір мүшел жасы болып есептелетіні белгілі. Әлі де балаң ұйым болғанмен, мықты деген жігіттің жұмысын атқарып үлгергенін алдымен айтуымыз керек. Қандай істі алсақ та біліктілік пен тәжірибе жылдар өте жиналатыны жалпыға аян. «Болашақ» бұл бағытта біршама тәжірибе жинақтап үлгергенін аңғарамыз. Оны осы кезеңде түрлі бағыттағы тартымды жобалары мен атқарған жұмыстарына қарап бағалауға болады. Ұйым жетекшілері мен оның белсенді мүшелері қоғамға аса қажет 350-ге тарта шаралар ұйымдастырып үлгеріпті. Бұл аз емес, мұндай көлемді жұмысты тәжірибесі толыққан кейбір партиялардың өзі атқара бермейді.

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – МАҢЫЗДЫ ІС

Осы жобалар мен шаралардың ішінде жастарға жұмыс беру және мамандығына қарай қызметке орналастыру мәселесі бүгінгі нарық заманында аса өзекті екені жасырын емес. Екі қолға бір күрек таба алмай, бос сенделіп жүрген адамдар қаншама. Жұмыссыздық өз кезегінде адамдардың, әсіресе шаңырағын енді ғана көтерген жас отбасының шырқын бұзып, берекесіздікке апарары белгілі. Бұл біздің елде ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша шешімін таппаған үлкен әлеуметтік мәселе. Әрбір мемлекет осы мәселені өз бетінше шешуге тырысуда. Біздің елімізде осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, біртіндеп іске асырылып жатыр. Бірақ, ол да адамдарымызды жұмыспен толықтай қамтуға қауқарсыз. Сондықтан қоғам болып жұмыссыздықпен күресу міндеті тұр алдымызда. Бір ғана мемлекеттік бағдарламаларға иек артып, қол қусырып отыра беруге болмайды. Бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарды жұмыспен қамтығанда ғана әлеуметтік әурешіліктер азайып, әрбір адам өз ісімен айналысып табыс таба алады. Ресми деректерге қарасақ Алматыға жыл сайын 20 мыңға жуық жас қоныс аударады екен. Ал, шын мәнінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары екені жасырын емес. Әрине олар Алматыға арман қуып, жақсы өмір сүрсем деген үлкен үмітпен келеді. Әрбір жастың мақсаты мен бағыты да әртүрлі. Бірі білім алу үшін, енді бірі жұмыс істеу үшін Алматыға ат басын тірейді. Өкінішке орай, келген жастарды құшақ жая қарсы алатындар жоқтың қасы. Онсыз да жұмыс орны жеткіліксіз үлкен қала бәріне бірдей қамқорлық көрсете алмайды. Әсіресе еңбек саласында. Бүгінгі белгілі кәсіпорындар мен мекемелер көбіне жұмыс өтілі мен тәжірибені талап етеді. Бірақ «Егер адамды жұмысқа алмаса, онда жастар жұмыс өтілі мен тәжірибені қайдан алады?» деген мәселеге ешкім бас қатырып жатпайды. Оларға бірден білікті, тәжірибелі маманды қабылдай салу анағұрлым тиімді. Жас маманды үйретіп, тәжірибеден өткізуге деген құлшыныс көрінбейді. Осы бағытта кәсіпорындармен келісімге келіп, бұл міндеттерді мойнына алғызу аса қажет. «Болашақ» республикалық қозғалысы осы олқылықты сәл болсын толтыру мақсатында еңбек өтілін талап етпейтін, жұмыс тәжірибесін қажетсінбейтін, өзге де бірқатар артық талаптар қоймайтын еңбек жәрмеңкелерін ұйымдастырып келеді. Тек қана соңғы 2017 жылы екі еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 30 мамырда 57 компания мен 700-ден астам жұмыс іздеуші қатысып, еңбек жәрмеңкесінде көптеген жұмыс орындары ұсынылды. Жастар осы жәрмеңкеде өз қалауы мен мүмкіндігіне қарай жұмыс түрлерін таңдай алды. Одан кейін 15 қараша күні Қазақ Қатынас жолдары университетінде 50-ден астам компанияның, 500-ден астам жастың басын қосып, еңбек жәрмеңкесі екінші мәрте өтті. Жәрмеңкеге қаламыздағы ең беделді түрлі сала компаниялары қатысып, кәсіп бастау, мамандықты игеру, резюме толтыру, жұмыс алдындағы өзіңді таныстыру сынды маңызды тақырыптарға білікті жастар тарапынан тренингтер жүргізілді. Нәтижесі жаман емес, наурыз-сәуір айларында 150 түлекті жұмыс алды тәжірибеден өткізіп, арнайы сертификаттар табысталды. «Болашақ» жастардың болашағы өз қолында екенін жақсы біледі және осы мақсатта жұмыс атқарып келеді. 2017 жылы «Self Made» жобасын бастап, түрлі бағытта жұмыстар атқарылды. Соның ішінде «Бағдаршам» атты жастарды бейімдеу орталығы ашылды. Орталықта осы уақытқа дейін тегін ағылшын тілі, тігін, компьютерлік сауаттылық және басқа да мамандық курстары оқытылуда. Сондай-ақ оннан астам түрлі семинар-тренингтер мен кездесулер ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Дүйсенбілік футбол-2017» және «Дүйсенбілік волейбол-2017» секілді спорт жарыстары ұйымдастырылды. Бұл шараның негізгі мақсаты – түрлі сауда орындарында істейтін жастарды салауатты өмірге шақыру. Дүйсенбі күндері сауда орындары демалатындықтан жарыстарды дәп осы күні өткізу алдынала жоспарланған. Жастардың арасында спорттың бес түрінен Спартакиада ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Бұл спорттық жарыстар мерзімі жалпы алғанда алты айға созылып, 40-тан астам базарды қамтыды. Әрине, жастармен жасалып жатқан бұл жұмыстар бір қарағанда айтарлықтай ауқымды көрінбеуі мүмкін. Дегенмен теңіз де тамшыдан құралады демекші, әрбір ұйым ортақ іске осыншама өз үлесін қосса еліміз бойынша қаншама шаралар атқарылар еді.

ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

Ару Алматы зор мүмкіндіктер мен жастар қаласы. Қалаға түрлі мақсатпен арман жетегінде келген жастар орнығып, отбасын құрып, бақытты болып жатқандары да баршылық. Оған бәріміз қуануымыз керек. Өйткені отбасы мемлекетіміздің тірегі. Ұлтымыздың санын өсіріп, болашақ азаматтарымызды тәрбиелейтін де солар. Өкінішке орай, керісінше шаңырағы шайқалып жатқан жас отбасылары да жоқ емес. Жарияланған деректерге қарасақ еліміздегі әрбір үш отбасының біреуі ажырасып кетеді екен. Оған түрлі жағдайлар себеп болып жатады. Біреулер материалдық жағынан қысылса, енді бір жас жұбайлар өзара тіл табыса алмай ажырасады. Осындай сәттерде отбасы құндылықтарын талқылау мәселесі бірінші кезекке шығатыны түсінікті. Дәстүрлі қазақ отбасы қандай болуға тиіс, отбасы бюджетін жоспарлау жолдары қандай, бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлі қандай деген тақырыптарда арнайы тренингтер мен шаралар ұйымдастырылып, қаламыздағы үлгілі отбасылармен қызықты кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер арнайы шаһардағы бірқатар жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен өтті. Өйткені отбасын құрудың алдында тұрған жастар үшін жанұялық өмірдің мәселелерін түсініп, түйткілді сұрақтардың шешімін таба білу өте пайдалы. Сонда ғана ажырасуға байланысты келеңсіз статистикалық көрсеткіштер төмендейді. «Жас отбасы» атты жоба аясында бірнеше форум өткізілді. Форумға қаламыздағы жас отбасылар, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, психологтар қатысып, түйткілді сұрақтарды талқылады. Арнайы баяндамалар оқылып, артынша қызу пікірталас жүрді. Әрбір жастың көкейіне түйген өз ойы бар. Сондықтан форумға қатысушы жастар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, олардың әрқайсысына ұтымды жауаптар айтылды. Мысалы саясаттанушы Асхат Қасенғали «Бүгінде көшенің қай бетіне қарасаңыз да міндетті түрде билбордтарға көзіңіз түсетіні анық. Түрлі тақырыптағы, жарнамалық маңызға ие билбордтардың ішінде отбасы құндылығына арналған билбордтар да бар. Бірақ менің көңілімнен шығатын билбордтар емес. Неге? Өйткені барлық билбордтарда бір баланы көтерген ата-ана ғана тұрады. Бір ғана баламен. Бұл біздің қазақ отбасының жарнамасы емес, бәлкім бұл Батыс Еуропа елдеріне тән отбасы шығар, бірақ бізге емес. Қоғамды визуалды аз балалы отбасыға тәрбиелеудің орнына, көп балалы отбасын насихаттауымыз керек. Ол үшін жаңағыдай билбордтарда міндетті түрде ата-әжесі, әке-шеше мен 4-5 бала бейнеленуге тиіс емес пе?! Міне бұл толық отбасын насихаттайтын және ұжымдық тәрбиені көрсете алатын жарнама болар еді. Біз үшін көпбалалы отбасы ауадай қажет. Қалыптасқан жағдайдағы күрделі әлемде ұлт пен мемлекет ретінде сақталып қалуымыз үшін біздің халқымыздың саны кемі 70 миллион болуы керек. Ол тек қана толыққанды көп балалы отбасы арқылы жүзеге аспақшы» деген ой айтты. Отбасы құндылықтарын насихаттайтын мұндай форумдар мен басқосулар, арнайы жобалар біздің елімізге аса қажет. Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы болып табылатын отбасын қалыптастыру маңызды. Өз Отанын жанындай жақсы көріп, қашанда қорғауға дайын тұратын азаматтар да осындай отбасынан шығады. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақтай халықтың келбетін – тұтас та бақытты отбасылар айқындауға тиісті. Біз сол үшін жұмыс істеп, осы мақсатта бар күшімізді жұмылдыруға міндеттіміз. Сондықтан да «Болашақ» республикалық жастар қозғалысы ұйымы жастардың болашағы үшін, еліміздің болашағы үшін еңбек ете бермекші. Нұрлан ТОҚТАРӘЛІ qazaquni.kz