Атыраулық алып қашқан қалыңдығының туыстарына: Қыз қайтыс болды, денесін алып кетіңіздер
2017 ж. 12 қараша
13924
6
Ақтөбелік студент қызды 4 ай бұрын атыраулық жігіт алып қашып кеткен. Алайда қыз белгісіз себептерден көз жұмған. Бұл туралы stan.kz хабарлады.
Қыздың туыстары тойдың қашан болатыны туралы жаңалық күтіп жүрген. Алайда «құдалары» жан түршігерлік хабар жеткізген.
«Қарындасымыз бірнеше күн бұрын қайтыс болды. Әлі күнге дейін не болғанын білмейміз. Ағамның қызы Ақтөбе қаласында оқитын. 4 ай бұрын атыраулық жігіт алып қашып кетті. Жігіт жақтан алдымыздан өтуге ешкім келген жоқ. Біз жігіттің туыстары келіп, той күнін қашан айтады деп күтіп жүрдік. Бірақ олар: «қыздарың қайтыс болды, денесін алып кетіңдер», – деген хабарлама жіберді. Екі ағамыз бірден Атырауға жол тартты», – дейді Талғат Әбдіраманов.
Туыстарының сөзінше, қайтыс болған Данараның денесін бірер күн бұрын алып келген. Олар өлімнің нақты себебін анықтау үшін, медициналық сараптама жүргізуге ниетті.