Кеш болмай тұрғанда, білім саласындағы реформаны тоқтату керек - Әбенов
2017 ж. 25 қазан
4901
28
"Мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасын қарапайым мектептерде оқытылуына толықтай қарсымын! Мәселе оқулықтарда да, тіпті, үш тілділік те емес"…
Осылай күйініп, өзекті мәселе көтерген бұрынғы Білім вице-министрі Мұрат Әбенов әлі кеш болмай тұрғанда, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасын қарапайым мектептерге көшіру процесін тоқтата тұруды сұрайды. Бұл туралы kaz.365info.kz хабарлады.
"Біріншіден, Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасы — академиялық, ол ерекше ойлау қабілеті бар, білімді игеру деңгейі жоғары, қарымы мықты балаларға лайықталып, күрделендіріліп жасалған.
Бір сөзбен айтқанда, оны өз бетімен зерттеу жұмысымен, ғылыми қызметпен айналыса алатын балалар алып жүреді. Шынын айтайық — біздегі балалардың барлығы ондай емес қой. Олай болуы да міндетті емес. Сондықтан да Назарбаев зияткерлік мектебіне қатаң сүзгіден өткен, белгілі бір дәрежедегі балаларды қабылдайды. Басқаларын алмайды. Өйткені тартпайды, жетпейді ол деңгейге. Одан кейін, экономикасы шикізатқа байланған, технологиясы әрең дамып жатқан елге осынша академиялық білімі бар баланың қажеті қанша өзі? Біз оларды жұмыс орнымен қамти да алмаймыз ғой", - дейді Әбенов.
Ағылшын тілін білетін маман 70 мың теңгеге жұмыс істей ме?..
Екіншіден, Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасын алып жүру үшін, өте талантты мұғалімдер іріктеліп алынады. Олар ағылшын тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, оқушыға қажетті білім беруге қабілетті болуға тиіс. Бұдан бөлек, білім берудің озық технологиясын жетік білуі қажет. Ондай мұғалімдер баланың әрқайсысына жекелей жол тауып, оның жасырынып жатқан талантын ашуда дайын білімді бере беретін ұстаз ғана емес, сонымен қатар, жаттықтырушысы, тәлімгері бола білуі керек. Бәрін болмаса да ондай мұғалімдерді дайындап шығаруға болады.
Бірақ ондай мұғалімдерге жоғары айлық керек. Осындай ерекше таланты бар мұғалім экономиканың өзге салаларында да сұранысқа ие болуы мүмкін ғой. Кім мықты білімімен 70 мың теңге айлыққа жұмыс істейді?
Ал Назарбаев зияткерлік мектебі жақсы айлықпен қамтуға қабілетті. Қарапайым мектептердің оған шамасы жетпейді. Зияткерлік мектептерде бір сыныпқа екі мұғалім бекітіледі: біреуі мұғалім, екіншісі тәлімгер. Әр сыныпта 20-ға жетер-жетпес бала. Өйткені әр баламен жұмыс істеуге мүмкіндік болу керек, өйткені бағдарлама күрделі ғой. Демек, 350 мың мұғалімнің қатарына тағы 100 мыңы керек, содан соң, олардың айлығын Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі айлықпен теңестірейік. Оның түк қиындығы жоқ. Қазір солай ете салсақ та болады. Бірақ қайдам?..
Төменгі сыныптың балаларына түскі ас жоқ, қайдағы бесін?..
Үшіншіден, Назарбаев зияткерлік мектебі бағдарламасымен оқу үшін жаңа құрал-жабдықпен жабдықталған, соны үлгідегі оқу ғимараты қажет, ал балалар бір ауысымда ғана оқуы тиіс, өйткені олар түстен кейін алған білімін зертхана мен шеберханаларда сынауы керек қой. Әр оқушымен жекелей сабақтың мән-маңызы да осында. Олар алған білімін сол арада тәжірибеде сынап көруі тиіс. Оған қоса, балалар талантын жетілдіре түсу үшін түрлі үйірмелерге қатысуы керек. Ал бізде ондай ғимараттар бар ма? Біздегі мектептердің тең жартысында екі ауысымда сабақ өтеді. Таңертеңгілерге түстен кейін кабинет жоқ.
Демек „түске дейін теория, түстен кейін тәжірибе„ деген қағидат жұмыс істемейді.
Төртіншіден, баланы бүтін бір күн бойы мектепте ұстап, бастары жақсы істеуі үшін — оларға түстіктен соң, бесін тамақ та беру керек. Назарбаев зияткерлік мектептерінде бұл бюджет есебінен жасалады.
Ал қарапайым мектептерде біз, тіпті, төменгі сынып оқушыларын түстікпен қамсыздандыра алмай отырмыз.
Көріп отырғандарыңыздай, бұл арада бірнеше жүйелі мәселе бар. Оны шешу үшін көбірек ақша мен уақыт керек. Бағдарламаны алып кету үшін де дайындық қажет.
Үкіметтен кейінге шегеруді сұрасын…
Уақыт сол бағдарламаны оқыта алатын деңгейдегі мұғалімдерді дайындап, іріктеу үшін қажет. Сол секілді уақыт қала мен ауылдағы білімнің деңгейін теңестіру үшін де керек. Ал өте көп ақша ғимараттарды салуға, зертханалар ашуға, оның ішін қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, мұғалімдердің жалақысын өсіруге, жаңа ғимарат пен мамандарды ұстауға қажет.
Әрине, тарпа бас салып, Білім және ғылым министрлігі басшылығын сілкілеудің қажеті жоқ. Оларда кінә жоқ. Министрлік бюджеті қарастырылып, уақыты белгіленген мемлекеттік бағдарламадағы реформаларды қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Бірақ осы күйіндегі реформалар бәрібір күткен нәтижеге тезірек жеткізбейтінін дер уақытында түсініп, шешім қабылдауымыз тиіс.
Бұл процесті тоқтататын қандай да бір мүмкіндік бар шығар. Әлі кеш болмай тұрғанда, сөйтейік енді. Бұлтартпас себеп жоқ емес, бар. Қазір бюджет тапшылығы, ақша жетіспеушілігі деген мәселе бар.
Үкіметке шығып, реформаны жүзеге асыру кезеңін кейінге шегере тұруды сұрау керек шығар. Әйтеуір, бірдеме қылу керек. Басқа амал жоқ бізде…
Әйтпесе, білім саласын әбден тығырыққа апарып тірейміз…