Осы аптада Қазақстан мемлекеттік шекарасының бүкіл периметрін бақылау күшейтілді. Бірақ Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзінен кейін БАҚ қазақ-қырғыз шекарасын ерекше назарға алды. Бұл туралы ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Вnews.kz порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Дәурен Абаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға пікір білдірді
2017 ж. 15 қазан
2501
5
«Жоспарланған жұмыс жүріп жатыр. Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бүкіл периметрі бойынша бақылау күшейтілді. Атамбаевтың сөзінен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ-қырғыз шекарасындағы учаскеге баса назар аударылуда. Менің білуімше, президенттік сайлауға байланысты осыған ұқсас шаралар басқа да іргелес мемлекеттер тарапынан қолға алынып жатыр», - деді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, Қырғызстанмен шекарада Қазақстанның Шекара қызметі адамдарды, көлік құралдарын, жүк және тауарларды тексеруді күшейткен. Алайда шекарадан өтуге ешқандай шектеулер немесе тыйымдар болмаған.
«Тек соңғы 3 күнде қырғыз тасымалдаушылары көлік және шекара заңнамасын көптеп бұзған. 447 көлік құралы тексеріліп, 78 автокөліктен өрескел заң бұзушылық анықталған. Салмағы мен көлемі талаптарға сай келмеуі, каботажды тасымалдау, қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмауы және тағы басқа. Сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалына рұқсат болмағаны үшін жеті жолаушы автобусы айып тұрағына қойылды. Жоғарыда аталған құқық бұзушылықтар үшін 3 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», - деді министр.
Фитосанитарлық бақылау күшейтілгеннен бастап бес құқық бұзушылық анықталған. Салмағы 25 тонна болатын өнім кері қайтарылды және 68 мың теңге айыппұл салынды, деді Дәурен Абаев.