Рузаны қолдау – рухты қолдау!
2017 ж. 20 қыркүйек
3207
23
Рузаны қолдау – рухты қолдау, Бейсенбайтегін қорғау – басымызды қорғау!
Дәп осылай түсінсек қана – біз ресми жарияланғанымен, шын мәнісінде, табаны тайғанақтап тұғырына шыға алмай жатқан Ана тілімізді сақтап қала аламыз! Руза Бейсенбайтегі деген кім? Өз сөзіне құлақ салайық...
"ОРЫСША АЙТПАСАҢ, КӨМЕКТЕСЕ АЛМАЙМЫЗ"...
...Кештетіп үйге қайтып келе жатқанда, ит қауып алды. Алдымен, 102-ге (полицияға) звондадым. Өйткені, иттің қарғыбауы (яғни, нақты қожайыны) бар еді. – Алло, полиция, мені ит қауып алды. Иттің иесі бар. – Говорите по-русский, пожалуйста! Если не будете говорить по-русский, мы вам ничем не можем помочь… Ит талап, жеп қойса да, қазақша сөйлесем!.. Келесі күні полицияның бастығына звондап, болған жайды айттым: «Министр Қасымовқа «ит қапты» деген сөзді түсінбеген Павлодар полициясының атына арыз жазам» – дедім. Шыр-пыр болды. Кешірім сұрады. Қасымовқа хат жазғам жоқ, негізі жазу керек еді...
ТРАМВАЙДАҒЫ ТАРҒЫЛ ТІЛ
Қыс еді. Аяз. Трамвайда келе жатырмын. Іші толған жарнама. Бір бұрышына ұзыннан-ұзақ «С новым годом! С новым счастьем!» – деп жазыпты. Орысшасы бар. Қазақшасы жоқ. Қайда? Неге жазбаған? Бірден жүргізушіге бардым. Дәу орыстың әйелі екен. Орыс па, қазақ па – мен барлық жерде қазақша сөйлейтін адаммын. Сұрақты да қазақша қойдым: – «Жаңа жылдарыңызбен!» деп неге қазақша жазбағансыздар? – Говорите на русском языке! – Мен сізге мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын. Құттықтауды неге қазақша жазбағансыздар? – Вам что не понятно? Говорите на русском! Ааа, это вы! Вас весь город знает. Да, вы всех достали со своим казахским языком. А ну-ка, пошла вон!.. «Пошла вон!»-нан басталды бәрі. Жүргізуші әйел мені боқтай жөнелді. Атын кейін білдім. Татьяна екен. Боқтағанымен қоймай, төбелесуге әзір тұр. Құттықтауды неге қазақша жазбағанын сұрағаным және қазақша сөйлегенім үшін... Трамвайдың алдына тұрып алдым. Күллі ел қарап тұр. Сол жерде трамвай басқармасына звондадым. «Біріншіден, мына жүргізушіні ауыстырыңдар, екіншіден, құттықтауды қазақша жазыңдар!» – дедім. Татьяна түтігіп кетіпті. Трамвайды іске қосып, алға жылжи бастады. Таптағысы келеді, білем. Жылжытып, жылжытып трамвайды менің дәл тұмсығыма тіреді. Тапжылғам жоқ. Тұрдым. Мені «қорқады» деп ойласа керек. Трамвай тоқтап тұр. Іші толы адам. Оның артында тағы 4-5 трамвай тоқтап қалған. Амалы таусылған Татьяна мені іштегі жұртқа жамандай бастады. Қазақтар бар екен. «Да что это такое! До каких пор можно терпеть! У нас же в стране за казахский язык уже матами кроят» – деді бір-екі әйел. Иә, жабылғандар әлдеқайда көп болды. Татьяна тектес шовинистер әлгі бір-екі қазақ болмаса, менің шашымды жұлуға әзір еді. Арғы жақтан трамвай басқармасы шыр-пыр болып жатыр. Полиция келді. Орыстар арыз жазуға шебер ғой. Мені алып кетті. «Мұныңыз хулигандық, сізді соттаймыз!» – деді. Колесников деген орыс бар екен. Мені танитын сияқты. «Она уже достала всех своим казахским языком» – дегенін анық естідім. Полиция менің трамвайдың алдына не үшін тұрып алғанымды тексергісі де келген жоқ…
ЛИФТ БАР, ТІЛ ЖОҚ!
...«Павлодар-лифт» деген мекеме бар бізде. Керекуде лифт – ақылы. Ай сайын төлеп отырмыз. Бір қазақ әйел жинап алып кетеді. Өз тілін ұмытқаны сондай, «атың кім?» деген сұрақтың мағынасын түсінбейді. «Себебі, детдомда өстім, ол жақта ешкім қазақша сөйлемейтін» – дейді ол. Соған біраз қазақша үйреткен болдым. Бір күні жоғалып кетті. Бір ай, екі ай өтті. Жоқ. Ақшаны кімге төлейтініміз белгісіз, литфтілер бақылаусыз қалды. «Павлодар лифтінің» анықтама телефонына хабарластым: – По-русский говорите! Басшыларына хабарластым. Анығы, қабылдау бөлмесіне: – Басшыларыңызды қосыңыз! – По-русский говорите! – Мен сізге мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын. – Женщина, либо переходим на нормальный русский язык, либо я бросаю трубку. Тастай салды. Негізі, түсініп тұр. «Сендер менімен қашан қазақша сөйлемейінше және кешірім сұрамайынша, мен лифтінің ақысын төлемеймін» – дедім тұтқаның ар жағында қызға қайта хабарласып. Бес ай өтті. Бес айда менің қарызым 3553 теңгені құрапты. «Павлодар-лифт» мені сотқа берді. Мен қарсы арыз жаздым. «Павлодар-лифт»-нің сорақылықтары – бұл ғана емес. Лифтінің ақысын төлеу туралы түбіртегінде қазақша бір ауыз сөз жоқ. 97 жылы «ова, овна-дан» құтылғанмын. Сол уақыттан бері Руза Бейсенбай-тегімін. Куәлігімнің көшірмесін «Павлодар-лифт»-ге өз аяғыммен апарып бергенмін. Олар менің фамилиямды қалай мазақ қылғандарын білесіз бе?.. Бір жолы – «БейсенбайМERI (!)» деп келді. Енді бірі жолы – «БейсенбайТЫЗЫ» деп жазыпты. Соңғы рет – «БейсенбайТЫГЫ» деп көрсетілген түбіртек келді. Түбіртектің бәрін жинап алып, сотқа бердім...
ШАЛАҚАЗАҚ ШЕНЕУНІКТЕР
...Бас прокурордың аты-жөнін білмекке (облыстық), қоңырау шалғанымда, хатшысы: – Здравствуйте, прокуратура области слушает! – деді. – Айналайын, заңдық нормаларды қадағалайтын сіздер – неліктен көрші мемлекеттің тілінен айырылмайтын болдыңдар? Қазақша жауап беріңіз, не прокурордың, бас прокурорға дейін, блогтарына қоямын, – дегенімде әлгі қыз: – Делайте, что хотите! – деді. Жауабынан түйгенім, шынымен де, көрші мемлекеттің юрисдикциясына көшіп кеткен болуымыз керек?!. Облыстық прокуратура, облыс әкімшілігі, қала әкімшілігі, қала полициясы, облыстық ішкі саясат…бәрі-бәрі де.
***
Қазақ жерінің көрікті кербезі Баянауыл топырағында Ана тілі үшін – мемлекеттік мәртебесі бар, заңдық құқы толық Мемлекеттік тілдің мүддесі үшін қазақтың қызының жападан жалғыз күресіп, талай құқайларды басынан кешкені – Тәуелсіздік алғанына 25 жылдан асқан Қазақ Елінде орын алғандығына сенеріңді де білмейсің!
Сөзімді белгілі ақын Қазыбек ИСА ағамыздың мына өлеңімен аяқтағым келеді:
«...Керекудің керемет бір қызысың, «Оңға бассын» деп тілеп жүрміз ісің. Атын жазып қойсақ та – Атазаңға, Аталмайтын тілімнің жұлдызысың!
Ұлт жолында дамылсыз дара күшің, Жүрсің тілдің қайтарып бар ақысын. Әкімдерің алады ұялмай-ақ, Сен істеген істердің жалақысын…».
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Қазақ үні