Ақордада журналистермен өткен кездесу барысында биыл гранттарды тағайындау кезінде шыққан дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Елбасы грант дауына қатысты: Заңды бұзған болса, мәселені қараймыз
2017 ж. 14 қыркүйек
3390
5
«Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік гранттарды бөлуде көп былық жасады. Мемлекеттік грантқа іліккен балалар оқуға түсе алмай қалды. Одан кейін Білім министрлігі «Алтын белгіге» ие болған 200 баланың грантын алып, оқуға түсе алмай қалған балаларға берді. Ал «Алтын белгілерді» медициналық университеттердің есебінен оқытамыз деп уәде берді», - деді ол.
Осы орайда журналист президентке өз сауалын жолдады.«Жеме-жемге келгенде «Алтын белгімен» түскен балалар өздері қалаған мамандыққа түсе алмады. Одан қалды өздері таңдаған аймаққа бара алмай ветеринар болды не басқа аймаққа кетті. Жалпы депутаттардың өздері Білім министрлігінің биылғы білім гранттарын заңға қайшы бөлгенін айтып жатыр. Сіз осыдан хабардарсыз ба?», - деді БАҚ өкілі.
«Неге олай болды? Гранттар алу үшін тиісті балл болуы керек қой. Тиісті балл алмағаннан кейін анау деп, мынау деп шыға келеміз. Солай білімді бола ма? Әр адам өзінің біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев университетіне түсу үшін жыл сайын 1 мың адам арыз береді. 10 мың адамның көп дегенде 450-500-і ғана аталған оқу орнына түсе алады. Бұл мәселеге (аталмыш оқу орнына түсуге байланысты – автор) ешкім араласа алмайды. Университетті басқарып отырған жапонның азаматы. Бізде адамбыз ғой. Маған да туған-туыстарым, достарым «мына жерде отырсың ғой» айта салсаңшы дейді. Мен «ол жерде Катсу деген кісі бар. Сонымен сөйлес» деймін де қоямын. Оқуға білімімен түсетін болса, сонда мектепте отырған балалар «оқуға түсу үшін нағыз білім керек екен ғой» деп ойланады», - деді Мемлекет басшысы күліп.
Кейін Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге тоқталды.
«Заңды бұзған болса, мәселені қараймыз. Заңды түрге келтіреміз. Заңды бұзбаған болса, өткен балалар грантты алуы керек, өтпегендері алмайды», - деді Қазақстан президенті.