ГРАНТ ДАУЫНАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
2017 ж. 09 қыркүйек
2691
3
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖҰМЫСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Сан-алуан реформалардың «шеберханасына» айналған Білім және ғылым министрлігі биыл да дау-дамайдың астында қалды. Ширек ғасырда 14 министрді ауыстырған бұл мекеменің жұмысы қашан көпшіліктің көңілінен шығары белгісіз. Үнемі «жаңалық» ашуға жақын тұратын, түрлі «реформаларымен» жұртты шаршатып та түңілдіріп те біткен министрлік тағы да грантқа байланысты басына бәле тауып алды. Гранттан қағылып, тегін оқудан шет қалған талапкерлер көптеген жоғары оқу орындарының табалдырығын тоздырып, министрлікке дейін шағымданып жатқанына ел куә. Осы мәселені оңтайлы ұйымдастыруға міндетті министрлік биыл да өз қызметін дұрыс атқара алмады. Оған айтар дәлеліміз жеткілікті, солардың кейбіреулеріне назар аударып көрелік. «Менің қызым Құралай Жақыпбай биыл 2017 жылы Шардара қаласында 11-сыныпты бітірді. Он бір жыл бойы үздік оқып, бес мемлекеттік емтиханды кілең «5»-ке тапсырып, «Алтын белгі» иегері атанды. Екі жыл бойы неміс тілі пәнін таңдап, дайындалды. Бірақ осы уақытқа дейін сынаққа кірген неміс тілі пәні дәл 21-маусым күні ҰБТ тапсыру кезінде жоқ болып шықты. Комиссия төрағасы қызыма «Сен мектепте ағылшын тілін оқыпсың, ендеше сол ағылшын тілін белгіле» депті. Осы арада не істерін білмеген балам география пәнінің жанына неміс тілінің орнына ағылшыннан гөрі математика пәнін дұрыс деп шешіп, математика-география пәндерін белгілейді. Қызым, сөйтіп, ҰБТ-дан 111 балл алып шықты. Ақыры 10-тамызда грант иегерлерінің тізімінде қызымның қалап жазған бірінші мамандығы «Логистикаға» (ҚазҰУ) түскеніне қуандық. Бұл қуанышымызды 14-тамыз күнгі Ғылым және Білім министрлігінің қайта жариялаған хабары су сепкендей басты. Енді қызым үшінші жазған «География» мамандығына түскенін көріп мең-зең болып жүр. Себебі, бұл мамандықты ол қалаған жоқ-ты» – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданынан хабарласқан ата-аналар. «Ғылым және білім министрлігіне айтатын сұрағым бар. Мен Ташкенттен келіп тестілеуден 107 балл жинадым. Бірақ Асфендияров атындағы университеттің жалпы медицина факультетіне түсе алмадым. Бірінші жариялаған тізімде жалпы медицина факультетіне 103-105 балмен оқуға түскендер бар екен. Ал мен 107 балмен түсе алмадым. Кімге шағымданарымды білмеймін», – деп жазады Динара Ахметова есімді талапкер. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас екен. Білім министрлігінің сырқаты денсаулық сақтау саласына да жұққан секілді. Дәрігер мамандығын таңдағандарды грантсыз қалдырған Денсаулық сақтау министрлігі екен. Жастар армандаған қағаз 200-ден аса талапкерге берілген болатын. Бірақ көп ұзамай ол жарамсыз болып шықты. Тіпті, қабылдау комиссиясындағылар сертификаттарды кері қайтаруды талап еткен. «Алтын белгі» иелеріне өзге қалалардағы жоғары оқу орындарында оқыңдар деп ұсыныс жасаған. Білім министрлігі талапкерлерге берілген сертификаттың кері қайтарылуына осы ведомствоны кінәлап, өздері сүттен ақ, судан таза болып шыға келді. Ең қызығы, еліміздегі басты жоғары оқу орны болып табылатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі шу бәрінен асып түсті. Басқа емес журналист мамандарын дайындайтын басты факультеттің дизайн бөліміне келген талапкерлер грантсыз қалды. Бұл жердегі әділетсіздікке шыдамаған ата-аналар тура Елбасының атына ашық хат жариялап, болып жатқан бассыздықты тоқтатуды талап етті. «Дизайн мамандығы бойынша 10-тамыз күнгі тізімде 16 талапкердің аты-жөні берілсе, ал 14-тамыздағы тізімде 30 талапкер көрсетілген. Сонда грант саны аяқ астынан қалай көбейіп кеткен? Екінші тізімде біріншідегі 16 үміткердің жетеуі алынып тасталынып, жаңадан 21 талапкер қосылған. Жоғары нәтижелері бар жаңа 21 талапкер қандай негізде, қайдан алынған?» деп жазды Елбасына бір топ ата-аналар. Егер бар мәселемен Елбасының өзі айналысатын болса Білім және ғылым министрлігінің, жалпы штаты қампиған министрлер кабинетінің қажеті қанша деген пікір білдірушілер де бар. Елбасының атына Ашық хат жолдаған ата-аналар заңды сұрақ қойып отыр. Бұл жастардың болашағымен, тағдырымен ойнау деген сөз. Өз шешімдерін күн сайын өзгертуге, ойларына келгенін істеуге оларға кім құқық берді? Бұл біздің білім саласының шалалығы мен талапкерлерді оқуға қабылдаудағы әділетсіздікті көрсетсе керек. Яғни, алдында айтқанымыздай Білім және ғылым министрлігі өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай отырғандығының айқын көрінісі. Былайша айтқанда бұл салада істі дұрыс ұйымдастыра білетін мамандар жоқ деуге негіз бар. Қайта-қайта ешқандай пайдасы жоқ реформа жасағанша өздеріне жүктелген міндетті тиянақты атқаруды үйренбей ме? Қолдарынан келмесе орындарын босатып, қызметтерінен өз еріктерімен кетпей ме? Осы жерде Оңтүстік Қазақстан облысында Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы өз еркімен қызметінен кеткенін айтқанымыз орынды. Майхан Нақыпов мұндай қадамға ҰБТ тапсырған түлектердің нашар көрсеткішінен соң барған екен. Шынын айтсақ, бұл өзге министрлерге үлгі болатындай батыл қадам. Әттең бізде ондай министрлер мен әкімдер жоқ. Орынтаққа бір отырса желімделіп қалғандай орнынан қозғалмайды, желкелеп қуып шыққанша тапжылмайды. Ең бастысы – өзінің сол орында түк бітіріп отырмағанын сезінбейді-ау! Жемқорлыққа жол беріп, сала жұмысын екі аяғынан бірдей ақсатып қойғаны қаперіне де кіріп-шықпайды. Өйткені ондай басшыларға бізде қатаң шара қолданылмайды. Бүгін министр қызметінен кетсе ертең тағы бір жоғары лауазымды иеленіп ала қояды. Тіпті мәжілісмен, сенатор болып шыға келетіндерді де көріп жүрміз. Бұдан кейін жоғары лауазым иелерінен қандай нәтижелі қызмет пен жауапкершілікті күтуге болады? Алдында қызметте өз міндетін дұрыс атқара алмаған министр немесе әкім Парламентке келіп кімге үлгі көрсетіп, кімге ақыл айтпақшы? Бір ғажабы, ол туралы өздері ойланбайды да. Халықтан ұят қой, жұрттың алдында масқара болдым, енді ешкімнің көзіне көрінбей-ақ қояйын дегенді білмейді. Соған қарағанда ондайларда ар, намыс деген атымен жоқ болуы керек. Сондықтан да алдағы уақытта біліксіз пысықайларды екінші рет жоғары лауазымды қызметтің маңына жолатпайтындай нақты заң қабылдау аса қажет. Заң демекші, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін тағайындалған мемлекеттік грант мәселесіне қатысты қайтадан қызметі көтеріліп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлығына тағайындалған Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдады. ҰБТ, грант маңындағы жылда болатын дау-дамай халық қалаулыларының құлағына ақыры жеткен секілді. «Биыл мектеп бітірген түлектерге жоғары оқу орындарында білім алуға гранттарды үйлестіру ісі қоғам тарапынан көптеген наразылық тудырды. Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы болмайды, білім гранты тек Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге беріледі деп мәлімдеген. Ал шын мәнінде білім гранттары қолданыстағы «Білім туралы» Заң мен білім грантын беру ережесіне сәйкес, «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығын сақтай отырып бөлінді. Осы қарама-қайшылық талапкерлер мен ата-аналардың түсінбеушілігін туғызды. «Білім туралы» Заңының 26- бабының 5-тармағына сәйкес, «Алтын белгімен» марапатталған түлектердің конкурс өткізу кезінде білім беру грантын алуға басым құқығы бар. Алайда Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранты конкурсының нәтижесі бойынша грант иегерлері тізімін екі рет жариялаған, яғни 10 тамызда және 14 тамызда. Бірінші тізімде министрлік «Алтын белгі» белгісімен марапатталған түлектердің басымдығын ескере отырып, гранттарды бөлген, ал екінші тізімде «Алтын белгі» иегерлері алынып тасталып, ҰБТ-дан жоғары балл алғандар грантқа ие болған. Шындығына келгенде, бұның барлығы әркімнің қалауынша шешіле беретін емес, қолданыстағы заң бойынша әділ шешімін табатын мәселе», – деді Әбдіманап Бектұрғанов. Осы орайда депутат көкейіндегі бірнеше сұрақтарды қойды. «Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім грантын тағайындау кезінде конкурстық комиссиясы қолданыстағы заңды басшылыққа алмай, енді ғана дайындалып жатқан заң жобасына сілтеме жасап, шешімін неге өзгертті? Екіншіден, 2017 жылғы 26 шілдедегі «Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 446 қаулысымен грант бөлу конкурсында «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы сақталған. Ендеше, министрлік шешімі қандай құжаттарға негізделген? Үшіншіден, бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілді? Елімізде бір жоғары оқу орнынан алынып тасталып, басқа бір аймақтағы жоғары оқу орнына қайта бөлінген талапкерлердің жағдайы қалай болады? Бұл туралы нақты ақпарат жоқ», – деп тоқталды депутат. Бұдан бөлек ол медициналық мамандықтар бойынша тапсырысты жариялау кезіндегі кемшілікке де назар аударды. «Неліктен медициналық мамандықтар бойынша бөлінген мемлекеттік тапсырыстың медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы бөлінісі құжаттар тапсыру аяқталуына бір күн қалғанда жарияланған? Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерге сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарына түскен «Алтын белгі» иегеріне берілген 220 грантты Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде жарамсыз етіп тастағанын қалай түсінуге болады? Грант бөлу кезінде екі түрлі бұйрық шығарып, қателіктер жіберген министрліктердің жауапты қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылды?», – деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов. Депутаттық сауал өте дұрыс қойылған. Білім саласындағы былықты тоқтататын уақыт жетті. Бірақ осы салада тәртіп орнайды дегенге қазір жұрт сенбейді. Өйткені 14 министр ауысқаннан ешқандай нәтиже болған емес. Керісінше жылдан-жылға бұл саланың жұмысы әлсіреп бара жатқан секілді. Сапасыз оқулықтар, түкке тұрмайтын реформалар, мемлекеттік жоспармен салынуға тиісті мектеп, балабақша ғимараттарын пайдалануға беру мерзімін мүлдем кешеуілдету, жемқорлық сияқты заң бұзушылықтардың бәрі осында. Тіпті жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік озық оқу орындарына берілетін жолдаманы жасы қырықтың қырқасына шыққан өз қызметкерлеріне беруге дейін барған министрліктегілерге не деуге болады? Айтар сөз жоқ. Бұл жолғы депутаттық сауалдан соң сала жұмысы дұрысталып кетеді дегенге сенім аз. Өйткені мұндай сауалдар талай рет жолданғанын білеміз. Тағы да сол жалтарма жауап беріп, сытылып шығып кетеді. Келесі жылы тағы да бүгінгі қателіктер қайталанып жатады. Себебі, алдында айтқанымыздай сала басшыларына деген қатаң талап жоқ, оларды тәртіпке, жауапкершілікке шақыратын заң жоқ. Қайта-қайта сауал жолдап уақыт өткізгенше, халық қалаулылары осы мәселені жедел қолға алған дұрыс шығар. Бәлкім сонда ғана біздің білім саласы дұрыс жұмыс істеп, жастарымыз сапалы білім алып, еліміздің ертеңгі күніне деген сенім орнайтын болар. Солай болады деп сенгіміз келеді... Зейнолла АБАЖАНОВ qazaquni.kz