Мәжіліс депутаты: БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢДЫ БЕЛІНЕН БАСУДА
2017 ж. 06 қыркүйек
5013
22
Былтыр Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов қызметінен босатылған болатын. «Зейнет жасындағы адам ғой – қолданыстағы заңнамаға сәйкес алдын ала ескертіп, құрметті демалысқа құрметтеп шығарып салған шығар. Университетті көп жыл басқарып, әл-қадерінше еңбек сіңірген азамат қой, өйткені. Студенттер үшін салдырған тамаша бассейнінің өзі неге тұрады?! Десе де, оны келесі жылы аталып өтетін әкесі – халқымыздың біртуар азаматы Бәйкен Әшімовтің ғасырлық мерейтойына дейін қызметінде қалдыра тұрғандары жөн емес пе еді?..» - деген дүдәмал ойға қалғанбыз. Көп ұзамай Оңдасын Бәйкенұлының министрліктің өзін қызметінен босату туралы бұйрығымен келіспей, сотқа арыз түсіргенін естідік. Соттаса-соттаса, Жоғарғы Сотқа дейін жетіп, ақыры жеңіп шықты. Себебі министрліктің бұйрығы Еңбек кодексіне қайшы, яғни заңсыз болып танылған.
Сол жолы «Еліміздегі ең білімді мамандар қызмет істейді деп саналатын Білім және ғылым министрлігіндегілердің заңды білмеуі қалай?..» - деп, қайран қалғанбыз...
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің...» демекші, заңды белінен басудың көкесін биылғы мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде көріп, жағамызды ұстадық. Осыған орай бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі заңгер, ғалым Әбдіманап Бектұрғанов бастаған бір топ депутат қол қойған (ішінде мен де бармын), Премьер-Министрдің әлеуметтік салаға жетекшілік жасайтын орынбасары Ерболат Досаевтың атына жолданған депутаттық сауал жарияланды.
Онда үстіміздегі жылы мектеп бітірген түлектерге жоғары оқу орындарында білім алуы үшін бөлінген гранттарды үйлестіру ісі қоғам тарапынан көптеген наразылық тудырғандығы айтылды.
Өйткені, Білім және ғылым министрлігінің басшылары биыл «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы болмайды, білім гранты тек Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге беріледі деп алдын ала мәлімдеген болатын.
Алайда іс жүзінде білім гранттары қолданыстағы «Білім туралы» Заң мен Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне сәйкес «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығын сақтай отырып бөлінді. Осылайша сөзі мен ісі қабыспаған министрліктің әрекеті талапкерлер мен ата-аналардың түсінбеушілігін туғызғаны белгілі.
Бұған қоса, министрлік үстіміздегі жылы мемлекеттік білім гранты конкурсының нәтижесі бойынша грант иегерлерінің тізімін 2 рет жариялауға жол берді (10 тамызда және 14 тамызда). Бірінші тізімде гранттар "Алтын белгі" белгісімен марапатталған түлектердің басымдығы ескеріле отырып бөлінген, ал екінші тізімде Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай алғандар ғана грантқа ие болған.
Шындығына келгенде, бұл – министрлік басшыларының қалауы бойынша қалай болса солай шешілетін оңай мәселе емес, қолданыстағы заң бойынша әділ шешімін табуға тиісті маңызды мәселе. Сондықтан да біз вице-премьерден мынадай сұрақтарға жауап беруді сұрадық:
Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссиясы қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алмай, енді ғана дайындалып жатқан заң жобасына сілтеме жасап, заңды бұзушылыққа неліктен жол берді?
Бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілді? Еліміздің бір жоғары оқу орнына түсушілер тізімінен алынып тасталып, басқа өңірлердегі жоғары оқу орындарына жіберілген талапкерлердің әлеуметтік жағдайлары ескерілді ме?
Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпаратқа сәйкес медициналық жоғары оқу орнына түсуге «Алтын белгі» иегерлеріне берілген 220 грантты Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде жарамсыз етіп тастағанын қалай түсінуге болады?
Грант бөлу кезінде қателіктер жіберген Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің жауапты қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылды?
Өз басым Білім және ғылым министрлігінің «Алтын белгі» иегерлерінің жоғары оқу орындарына грантпен түсудегі басымдық құқығын алып тастау ниетін және мұндай марапатқа кімдер лайықты екендігін анықтауды мектептердің құзыретіне бергендігін мүлдем құптамаймын. Меніңше, «Алтын белгіге» үміткерлер – мектепте ұзақ жылдар бойы жүйелі білім алып жүрген үздік оқушылар. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуде есте ұстау қабілеті мықты шәкірттер тиянақты білімсіз-ақ, алдын ала дайындық кезінде түрлі нұсқадағы тестілердің жауаптарын жаттап алу арқылы жоғары ұпай жинай алуы ықтимал. (Емтиханда жоғары баға алудың осыған ұқсас жаттап алу әдісін өзіміздің студент кезімізден білеміз.)
Тағы бір айта кететін жайт, биыл «Алтын белгі» иегерлерінің саны былтырғымен салыстырғанда екі еседей көбейіп кеткендігіне мектеп директорлары ғана емес, ең алдымен, Білім және ғылым министрлігінің өзі кінәлі. «Алтын белгі» берудің бұрынғы тәртібі сақталмаған соң осылай болатындығын болжап білуге аса данышпандықтың қажеті жоқ еді. Мұның өзі білім саласындағы былық-шылықты да көбейте түспесі, азайтпайтыны айдан анық.
Менің осы пікірімді қолдайтын депутаттар баршылық. Демек, Білім және ғылым министрлігі дайындап жатқан «Алтын белгі» иегерлерінің мемлекеттік білім беру гранттарына басымдық құқығын алып тастау туралы Заң жобасы алдағы уақытта қолымызға тисе, оны қызу талқылап, қызылкеңірдек болатын шығармыз.
Кәрібай Мұсырман, Фейсбук парақшасынан