ҚАЗАҚҚА НОҚАТСЫЗ ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ КЕРЕК
2017 ж. 25 шілде
4730
22
Таяуда дәл осы тақырыпта көрсетілген жазу үлгісіне жаппай көшуіміз бек мүмкін. Мұнда қазақтың төл дыбыстары латынның 26 таңбасына емін-еркін сыйып тұр әрі әрбір әріп тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы құрып берген үндестік заңына сүйенеді. Бұл жоба бүгінде мемлекет қарауында жатыр. Егер қазақ тіліне тән дыбыстарды ақпараттық технологияның талабын түсінбейтін кейбір ғалымдар секілді өзімізше реформалап, түрлі ноқатпен таңбаласақ, онда ақ теріні көк теріге ауыстырған боламыз. Олай мемлекет қазынасын қыруар шығынға батырғанша кеңестік идеологияның иісі аңқыған көне кириллицада қала берген абзал. Біз қанша жыл қағажу көріп, шетке қағылып келген қазақ тілін компьютерлік бағдарлама тіліне көшіруге тиіспіз. Ал әлемдегі бүкіл сандық технология тек 26 әріпке негізделген. Ғылым мен жаңа электронды өндіріс ноқаты бар символдарды танымайды. Осы бір ғана кедергінің өзі бүкіл ел экономикасын ойсыратып, ғаламдық өркениет көшінен кейін қалдыруы ғажап емес.
Бұл туралы егжей-тегжейлі қазақ тіліне лайықталған латын графикасының авторы, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің роман-герман филологиясының маманы, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, сондай-ақ, Швейцариядағы Еуропа университетінің DBA деңгейіндегі докторы Арман БАЙҚАДАМ "Жетісу" газетінің тілшісіне әңгімелеп берді.
– Арман, Елбасы әр Жолдауында әліпби реформасы жайлы айтып келеді және биыл жылдамдатуды тапсырды. Бірақ әлі де сылбыр сияқтымыз. Латын қарпіне тез арада көшу қаншалықты қиындық тудырып отыр?
– Ешқандай қиындығы жоқ. Латын әліпбиіне көшу уақыт талабымен келген реформа деп есептеймін. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің қай түрін қарасаңыз да, көпшілік латын қарпімен жазуды оңтайлы көреді. Әріптері аз әрі тез теріледі. Қазақтың әлеуметтік желісі әлдеқашан латыншаға көшіп қойды. Тек бірізділік жетпей тұр. Аға буын үйрене алмайды десек, бұл да бос әңгіменің бірі болып қалады. Ағылшын тілінде үш апта оқып үйренсе, соның өзі жеткілікті. Ал қарияларға бұл әріп тіптен таң емес. Олар – 1930 жылдарда қолданылған латын әліпбиімен сауат ашқандар. Сонда жылдам көшуге не кедергі? Әрине, кеңестік кезеңнен қалған қорқыныш, үрей кінәлі. Қазақ халқы әр дыбысты жеке таңбалап үйреніп алған. Латыншаға ауыссақ, қазақ тіліне тән дыбыстарға таңба жетпейтіндей сезінеді. Қарапайым мысалмен жеткізсек, ағылшындар «ит» деп жазады да, «күшік» деп оқи береді. Яғни, дыбысты таңбамен шектемейді. Сол тілді қазір бүкіл әлем оқып жатыр. Латын қарпіне ауысқанда бізде де дәл ағылшындар сияқты транскрипция, жазылым мен айтылым сөздіктері баршаға қолжетімді болады.
Өз басым кирилл әрпіндегі қазақ тілінде орфоэпиялық, орфографиялық сөздіктер жоқ деп есептеймін. Менің жобама қарсы дау айтатын ғалымдар бұл пікіріме келіспейді. Мысалы, бізде сөздікте жазылуында да, айтылуында да «Айгерім» деп көрсетілген. Негізі «Әйкерім» болып жазылуы тиіс қой. Сол сияқты «Айғаным» сөзін де алуға болады. Содан кейінгі мәселе, кирилл әрпінде ешкім орфографиялық немесе орфоэпиялық сөздікке мұқтаж емес. Оның үстіне, бұл екі кітап қолжетімсіз. Біз латын графикасына ауысқан кезде осындай мәселелердің бәрін кириллицамен бірге «көміп», тарихтың тап-таза жаңа парағын ашамыз.
– Латын – әлемді біріктіретін әліпби. Барлық елдің сыртқы саясатында,бүкіл техника тілінде қолданылатын жаңа әліпбиге көшудің қазақ ұлты үшін басты артықшылығы неде?
– Біз егер болмашы қиындықтарға қорқынышпен қарай берсек, болашақта ғылыми-техникалық прогреске мүлде ілеспейміз. Мұндайда ары-беріден соң ұлттық құндылықтарымызға қауіп төнеді. Екінші дүниежүзілік соғысты есіңізге сала кетейінші. Сол сұрапыл соғыста қатты күйреген екі ел. Бірі – Германия. Бірі – Жапония. Екі елде реваншизм құбылысы байқалды. Бұл дегеніміз – жеңіліске ұшыраған, рухы сынған, еңсесі түскен елдің қайтадан талпынысқа түсуі, жеңген мемлекеттен қалыспай, намысқа тырысып, қайта бас көтеруі. Германия реваншизмнің арқасында машина жасауда, Жапония электроника саласында әлем бойынша алдыңғы қатарға шықты. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың соңына дейін сақталды. Ал ХХІ ғасырдың басында неге АҚШ электроникадан озып кетті? Бар мәселе Германия мен Жапонияның әліпбиінде болып отыр.
Жапондар ата тарихынан иероглифті қолданады. Ал неміс халқы умлаут, яғни, диакритикалық белгілермен сөздерін таңбалап келді. Нәтижесінде, екі ел екі есе жұмыс атқарды. Латын графикасын қолданбағанның кесірінен техника өндірісінде «Google», «Microsoft Corporation»,«Apple» секілді алпауыт компанияларға жол беріп, көштен қалып қойды. Көрдіңіз бе, латын әрпін қолданған кезде біз технологияда өндіруші елге айналуға мол мүмкіндік туады.
Латын графикасына өтудің басты артықшылығы – Батыс Еуропаның ғылыми-техникалық прогресіне ілесу. Смарт, сенсор, ақпараттық және жалпы сандық технологияның ілгерілеуіне ілесу үшін бізге міндетті түрде латын қарпіне көшу қажет. Ең бастысы, қалайда ешбір ноқатсыз, артық нүкте, үтірсіз таза 26 әріптен тұратын латын таңбасын қолдануымыз тиіс. Бағдарламалау тіліне бір ноқаттың қосылғаны жеткілікті. Бүкіл тіліміздің ойран-асырын шығарады. Тағы да пернетақтаның жоғары бөлігіне түрлі ноқаты бар латын әріптерін орналастыруға тура келеді. Бізге мұндайдың керегі не? Бізге юзер болудың қажеті жоқ. Біз ақпараттық технологияны өндіруші ел болсақ қана бәсекеге қабілетті бола аламыз.
– Латын графикасы бүгінгі ағылшын тілінің әліпбиі ғой. Жаппай әлем ағылшын тілін оқуға көшті. Халықаралық тілде сөйлеуге талпынатын жастар өсіп келеді. Жаңа әліпбиден қазақ тіліне қауіп төнбей ме?
– Жоқ, керісінше, қазақ тілінің бағы жанады деп ойлаймын. Әлемде ағылшын тілінде ғана транслитерация жоқ. Қалған елдің бәрінде бар. Транс- литерация – әліпби ауыстыру. Дыбысталуына сай басқа әліпбиді қолдану құбылысын осы ғылым зерттейді. Қазақ тілі осыған дейін бірнеше графиканы қолданғаны тарихтан мәлім. Қазақ тілі латын графикасы арқылы бағдарлама тіліне енеді. Демек, әліпбидің ауысқанынан ешқандай қауіп төнбейді.
Рас, қазақтың саны аз. Мынадай дамыған заманда қайтадан машина жасап шығаруымыз, бір нәрсе өндіруіміз екіталай. Бірақ жастардың бойына сын тұрғысынан ойлайтын қабілет қалыптастырған жөн. Сонда біз өзге тілге жұтылып кетпейміз. Қазірдің өзінде математикадағы есептерді шығару бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреміз. Бір сөзбен айтқанда, бізде математика да, мәдениет те дамыған. Тек енді соларды қараңғыда қалдырып кетпес үшін әлемге таралған англосакстардың тілін үйрену керекпіз. Оларда бағдарлама тілі – 26, қарым-қатынас тілі – 26. Екеуі де бірдей. Ешқандай кедергі жоқ. Пернетақтада артық таңба басып, тіл ауыстырып әуре болмайды. Біздің жобамыздың мақсаты да сол, мүмкіндігінше ағылшын тілі әліпбиінің заңдылықтарына жақын болу. Оның үстіне, ағылшын тілі әлемдік юникод жүйесіне негізделген. Нәтижесінде, уақыттан ұтамыз. Ал кәсіпкерлік саласында уақыт ақша деп түсіндіріледі.
Егер біз латын қарпіне көшіп үлгермесек, онда жастар ағылшын тілді болып кетеді. Қауіптің көкесі сонда басталады. Кезінде орыс тілінсіз өмір сүру қиын болды. Бүгінде ол орынды ағылшын тілі басты. «Болашақ» бағдарламасы бар, үш тілділік саясаты бар, біздің елдің кейінгі буыны ағылшынша араластырып сөйлеуі мүмкін. Ағылшынға да, қазаққа да ортақ бір әліпбиді қолданысқа енгізсек, ана тіліміз сақталады әрі технологияның тіліне айналады.
– Роман-герман филологиясының маманысыз. Латын графикасының түп-төркіні осы роман-герман тілдік тобында жатқан жоқ па? Қазақ тіліне лайықталған латын әліпбиін қалай жобалап шықтыңыз?
– Дұрыс айтасыз. Латын тілінің төркіні осы еуропалық тілдер тобымен тікелей байланысты. Бұл сала – менің ең алғашқы мамандығым. Латын әліпбиін ойластырғалы бері мен қазақ тілін көп зерттедім. Мұнда тағы да алдымыздан юникод шығады. Бұл код есептеу техникасында, индустрияда, компьютерлік құралдарда әріптерді бейнелеудің стандарты ретінде қолданылады. Біздің мақсат – қазақ тілінің таңбасын да, бағдарламасын да 26 символикаға сыйдыру. Әлемде көп ел ағылшын әрпін қолданғанмен, таңбалары 26-дан асып кеткен. Яғни, компьютер тілінде олардың әліпбиі іске аспайды.
Орта есеппен А4 форматтағы қағазға кирилл әріптерімен мәтін теруде 15 минут жұмсайды екенбіз. Ал латын графикасына көшсек, небәрі 5 минутымызды алады. Кирилл әрпін тергенде көбіне пернетақтаға қарап жұмыс істейтініміз жасырын емес. Ағылшындар олай етпейді. Олар бірден экран бетіне қарап отырып мәтін тереді. Осыдан мынадай есеп шығарып көрелікші. Жас баладан тұлға болып қалыптасқанға дейін адам шамамен 100 мың параққа сөз басасыз. Орта есеппен күніне он минуттан жоғалтқанда 10 миллион минут тек пернетақта алдында өтеді. Бұл – екі жарым жыл деген сөз. Өзіңіз ойлаңыз, тек қана екі жарым жылыңыз әріп іздеуге, теруге кетеді.
Ағылшында сөздердің жазылуы бір бөлек, оқылуы бір бөлек. Біз ағылшын әрпінен жазылуын ғана аламыз да, ал дыбысталуын өзімізге бейімдейміз. Мысалы, спорт терминдерінен мысал келтірейік. Футболды бүкіл әлем, оның ішінде ағылшындар да «football» деп жазады. Ал біз оны қазақ латын графикасына сәйкес, «fwtbol» футбол деп жазамыз ба? Жоқ, әрине. Біздің әліпбидің басты артықшылығы да сол, халықаралық терминдерді сол қалпында қалдырамыз. Бұдан біздің таңбалану заңдылықтары бұзылмайды. Тек қалай дыбыстаймыз деген мәселеде ғана қазақ тіліне бейімдейміз. Бәлкім, ата-әжелеріміз сияқты «бұтбол» немесе «пұтбол» деп атасақ та болады. Міне, қазақ тілі осылай сақталады. Осы секілді терминдердің бәрін енгіземіз. Таңбалануы сол қалпында тұра береді. Тек транскрипциясы, яғни, дыбысталуын өзіміз жасаймыз.
Иә, латын графикасының біз ұсынған жобасының авторы менмін. Бірақ бәрін өзім құрастырдым, жүйеледім деуден аулақпын. Төрт-бес жігітпен бірігіп қазақ тілінің емлесін, фонетикасын зерттедік. Қай сөзде қалай оқылады, қалай жазылады – бәрін бір жүйеге түсірдік.
– Латынша қаріпті қолдануда Әзірбайжан, Түркия және көршілес Өзбекстан елдерінің тәжірибесін, жіберген кемшіліктерін ескерген жөн. Олардың әріптерінен сіздің жобаның ерекшелігі тек ноқаттың жоқтығында ма?
– Біздің графиканың олардан айырмасы көп. Айырмасы емес, артықшылықтары көп дегеніміз дұры- сырақ. Мәселе тек ноқаттарда ғана емес, таңбаларды дұрыс дыбыстай білуде, әлемдік стандартқа сәйкес оқи білуде жатыр. Өкініштісі, отандық филологтар сол елдердің жүріп өткен жолын, әріп таңбалаудағы қателіктерін қайталағысы келеді. Қазіргі таңда Өзбекстан ұзақ жылдық қиындықтардан кейін басы артық ноқаттарынан құтылып үлгерді. Компьютерге ноқатсыз тіл оңай енетінін енді ғана түсінді. Ал Әзірбайжан мен Түрік елінде ноқаттар былай тұрыпты кейбір әріптерді мүлде басқаша оқитыны тіпті түңілдіреді. Мәселен, оларда латынның «С» (си) әрпін «Ж» деп оқитындары қызық. Сонда «Coca-Cola» деген әлемдік брендті не деп оқитындарын түсінбейсіз.
Біздің латын графикасында дыбыстарды таңбалауда да артықшылықтар жетерлік. Ең біріншіден, мемлекет экономикасына тиімділікті ескердік. Әріптерді таңбалауда филологиялық тұрғыдан бұрын қаржылық шығынды көбірек ойластырдық. Мәселен, қазіргі тіл ғалымдары арасында «Қ» әрпін «Q» деп дыбыстайық деген ұсынысты қолдайтындар көп. Егер біз бұлай өзгертетін болсақ, бүкіл халықаралық юникодтарымызды қайта жасауға тура келеді. Айта кетейік, код жүйесінің үш түрі бар. Біріншісі, жылжымалы, екіншісі, жылжымайтын, үшінші жеке адамға бекітілген есепшоттар.
Жылжымалы мүлік – автокөліктерге тоқталайық. БҰҰ Конвенциясында бекітілген кодымыздың бәрі – «KZ» немесе «KAZ». Қазақстанда орта есеппен 5 миллион көлік бар десек, бюджеттен тек 65 миллиард теңгені мемлекеттік нөмір ауыстыруға жұмсайды екенбіз. Дәл осы сияқты банк жүйелеріндегі кодтарды ауыстыруға триллионға жуық қаржы жұмсалады. Бұл бір ғана әріпке байланысты туатын кедергілер. Бұған сіз төлқұжаттағы «KZ» белгілерін қосыңыз. Олардың бәрін «QZ» деген белгіге ауыстыру үлкен шығынды талап етеді.
– Бұл экономикалық тұрғыдан ескере отырып жасағаныңыз. Жаңа айтып қалдыңыз, филологиялық қандай ерекшелігі бар сонда? Біздің түсінгеніміз, әліпбидің ноқаты көп болса, техникалық ілгерілеуден кейін қаламыз ба?
– Көп болса емес, мүлде ноқатсыз графика керек. Көп немесе аз деп бөлген дұрыс емес. Бүкіл әліпбиге бір нүкте қосылса бағдарлама тілі үшін сол да жетіп жатыр. Оқымай қояды. Оданша 1200-ден астам шрифтің ішінде екі-үшеуі ғана оқитын кирилде қала берген жөн. Бұл, әрине, қасірет. Сондықтан, ғаламның қай бұрышында отырсақ та, емін-еркін кез келген пернетақтаны қолдана беруге ұмтылайық. Елбасы айтқандай, біз болашақта цифрлы Қазақстан жүйесін құруымыз қажет. Цифрлы технология, міне, осыдан басталады.
Біздің ғалымдардың арасында латынның «С» (си) әрпін «С» таңбасына жұмсайық дейтіндер бар. Біз мұны «К» әрпінің орнына таңбаладық. Неге дейсіз ғой? Дәл ағылшынның «C» әрпінен басталатын компания (company), компьютер (computer), конгресс (congress) сынды терминдері көп. Оларды біз өзіміздің «К» әрпіне түзеп отырмаймыз ғой. Онда несіне латын әрпіне көштік деген сауал туындайды. Керек десеңіз, «С» (кирилмен оқылғанда «К») әрпінен басталатын 5 мың термин бар. Егер түрік ағайындар сияқты біз оны «К» әрпімен бұзсақ ғылыми-техникалық ілгерілеуіміз қайда қалады? Осыны ойлаған жөн.
Латын графикасын құраған кезде біз «Ғ» дыбысына «Q»-ды бердік. Өйткені, бұл әріптен басталатын халықаралық терминдер өте аз. Латыншаның диграфтарын (sh, ch, ng) да сол қалпында дыбысталуымен бірге қалдырдық. Қайта мұнда ұтқан жеріміз «ң» дыбысы болды. Ағылшында да «ng» (ң) әрпі бар. Енді біз латыншаға көшкенде орыстар секілді бұл дыбысты «нг» (мәселен, «Самсунг», «Ринг») деп оқымаймыз. Тағы бір дау тудырған әріп – «Х» (икс). Қазаққа мұның керегі не деп, оны кирилше «Ш» дыбысына берейік дейтін ғалымдар пайда болды. Егер оны «Ш» деп оқысақ, физиктер мен химиктер, математиктер икс теңдеуін қалай таңбаламақ?
– Сіз ұсынған латын графикасының атауына «Байлатын» деген атау беріліпті. Бұл неліктен? Сіздердің жоба қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау тапты ма?
– А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да, тіл комитеті де біздің жоба жайлы терең біледі. Арнайы хат та жазылған. Әрине, ескіше ойлайтын, кеңестік жүйе ықпалынан шыға алмайтын кейбір ғалымдар бұл әліпбиге қарсы. Қазіргі таңда көп қарсылықтарға, дау-дамайға қарамастан, біздің әліпби жоғары жаққа талқылауға өтті. Бүгінде мемлекет алдында екі әліпбидің жобасы жатыр. Бірі – менікі. Ал екіншісі – Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев ұсынған латын қарпі. Бұл ғалымның әліпбиінде де ноқаттар жоқ. Тек «Ә» дыбысын «ае» деген дифтонг арқылы таңбалауында үлкен кемшілік жатыр деп есептеймін. Біз «Ә», «А» дыбыстарына бір ғана «А» (ей) әрпін қолдандық.
Өзіңіз ойлаңызшы, бүкіл әлем оқып жатқан ағылшын тілінде 44 дыбыс бар. Осыншама дыбыстың бәрі 26 таңбаға сыйып тұр. Ал қазақ тілінде ағылшынға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Бізде бір таңбамен ары кетсе екі дыбысты белгілейміз. Қазақ тілінде сырттан кіргендермен қосқанда 32-ақ дыбыс бар. Ағылшында бір ғана «А» (ей) әрпі төрт түрлі дыбыс береді. Ал қазақ тілінде «А» және «Ә» ғана. Сол секілді «ы – і», «ү – ұ», «о – ө» дыбыстары да жұп-жұптан құралған.
Графикамызды менің тегіммен «Байлатын» деп атауда да үлкен мән жатыр.Қазақ халқы қашанғы өзін кері итеріп, бұға беруі керек? Кириллден біздің қай жеріміз кем? Ол осы біз қолданып жүрген әріпті құрады. Сол сияқты Паскаль, Ватт, Вольтер, Ампер деген ғалымдар өздері ойлап тапқан жаңалықтарына өз есімдерін беріп кетті. Бір сөзбен айтқанда, латыншаға көшкен кезде қазіргідей сырттан кіретін техникаларға кирилл әрпін енгізіп отырмаймыз. Оған қосымша қаражат жұмсалмайды. Түпнұсқадағы латын графикасын қолдана береміз. Қарап отырсақ, латын әліпбиі қай жағынан да тиімді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қуаныш ТҰНҒАТАР.