Талғат ЫСҚАҚОВ: Бәсекеге қабілеттілік - заман талабы
2017 ж. 11 шілде
4980
0
– Талғат Жүнісбекұлы, әңгімемізді «Бал текстиль» кілем фабрикасының қалай құрылғандығынан бастасақ...
– 2011 жылы индустрияландыру картасы аясында «Оңтүстік арнайы экономикалық аймағы» ашылып, мемлекет тарапынан тоқыма, текстиль кластерін дамытуға көңіл бөліне бастады. Осы уақытта жер алып, «Бал-текстиль» ЖШС-ны құруға бел шеше кірістім. Дегенмен, бұл істі жалғыз атқарудың қиын екендігі айтпаса да түсінікті еді. Сондықтан, кілем өндірісінде отыз жылға жуық тәжірибесі бар «КARTAL-сarpets» фабрикасымен серіктес ретінде келісімшарт жасадым. Осылайша 2013 жылдың қазан айында алғашқы өнімімізді шығардық.
– Фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Тарқатып айтып берсеңіз...
– Жоғарыда атап өткенімдей, біздің серіктес компаниямыз әлемнің алпыстан астам еліне өз өнімдерін экспорттап келе жатқан ірі кәсіпорын. Біз де ішкі нарықты жетік білетіндіктен, екіжақты біріккен еңбек өз нәтижесін бере бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі мыңға жуық кілем дизайны бар компаниямыз 4 865,6 мың шаршы метр кілем және кілем өнімдерін шығарды. Оның ішінде былтыр шығарылған жалпы 2 415,0 мың шаршы метр өнімінің 30 пайызы экспортталды.
Осы уақытқа дейінгі жоспарымыз үш кезеңге бөлінген-ді. Мәселен, бірінші кезеңді өз қаражатымыздың есебінен 1 млрд. теңгеге игердік.
Ал, екінші кезеңді «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Өндіріс – 2» даму бағдарламасының аясында жеңілдетілген 6-пайыздық несие алып, 2 млрд. теңгеге жүзеге асырдық. Ал бүгінгі таңда үшінші кезеңді бастауға қызу әзірлік үстіндеміз.
– Қазақ кілемдеріне өз еліміз бен шетелде сұраныс ерекше артуының сыры неде?
– Мұның сыры – біздің компаниямыздың кілем өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарында, облыс, қала және аудандарында халыққа қол жетімді бағамен сатылуда. Сұраныстың артуы – жоғары сапа мен қолжетімді бағаның нәтижесі деп білемін.
– «Бал текстильдің» экспорттық географиясының жылдан жылға кеңейе түсуі компанияны белгілі жетістікке бастайтын болар...
– Әлбетте, жүйелі жүргізілген жұмыс өз жемісін беріп те келеді. Модерн, классикалық стиль мен ұлттық нақышта дайындалған кілемдер тек Қазақстандағы тұтынушылардың ғана емес, жалпы Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Германия, Ұлыбританияға экспортқа шығарылуда. Әсіресе Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие болып отырғандығы да көңіл қуантады.
2014 жылы«Алтын сапа – 2014» республикалық сапа конкурсында «Халық тұтынатын Үздік тауар» номинациясы бойынша 2-ші дәрежелі диплом иегері атандық. Сондай-ақ, 2016 жылы Женева қаласында өткен халықаралық конкурста үздік сапа номинациясының аясында ISAQ жүлдесі – Алтын Жұлдыздың иегері деп танылдық. Мұның өзі Швецияның IKEA сауда жүйесі арқылы ұзақ мерзімді келісім-шарт негізінде еткен еңбегіміздің еленгендігі деп білемін. «Бал текстиль» – Қазақстандағы тұңғыш швециялық IKEА тұрмыстық тауарларды сату бойынша әлемдік көшбасшылардың ірі компаниясымен келісім шартқа отырған тұңғыш фабрика. Өнімдердің сапасын бақылау және арттыру мақсатында кәсіпорын өнімдері Ресей, Қытай, Үндістан, Германия, Ұлыбритания мемлекеттерінің зертханаларында сынақтан өткізіліп, сапа сертификаттарын алып отырады.
Бүгінде IKEА компаниясы біздің өнімдерімізді аталған мемлекеттердегі өздерінің сауда нүктелерінде сатылымға шығаруда. Біз де тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Бұл тұрғыда дизайнның әртүрлілігі, кілемнің түр-түсінің тартымдылығы да өндірістің өрісін одан әрі кеңейтуге жол ашуда.
– Ұмытпасақ, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстіктің «Ең үздік салық төлеушісі» атандыңыздар....
– Иә. Мәселен, фабрика мемлекетке 2012 жылы – 186 000 теңге, 2013 жылы – 25 000 000, 2014 жылы –162 400 000, 2015 жылы – 199 000 000, 2016 жылы – 330 300 000 теңге көлемінде салық төледі. Мұның өзі мемлекет қазынасын молайту жолында қосқан өз үлесіміз екені айқын.
– Осы кәсіптің көкжиегін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетіледі?
– «Оңтүстік арнайы экономикалық аймақта» кәсіпкерлер үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Мәселен, өз ісін дөңгелетіп әкетемін деген кәсіпкерлер үшін жер телімдері тегін беріледі. Коммуникацияларды тарту жұмыстарына да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, шикізатқа қажетті кедендік салықтардан босатылуымыздың өзі біз үшін жасалған қолайлы жағдайдың бірі. Қандай да бір көлденең кедергілер туындап қалған жағдайда Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі бізді қолдап, тығырықтан шығар жолды ұсынып жатады. Сонымен қатар, «Оңтүстік арнайы экономикалық аймақ», «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіміз ісімізді ілгерілетуге өз септігін тигізіп келеді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстікке жасаған сапары барысында «Бал текстиль» өнімдерімен танысып, әсіресе ұлттық ою-өрнектерімізді дамыту жолындағы еңбектеріңізге ерекше ризашылық білдіргені белгілі. Талғат Жүнісбекұлы, өзіңіз басқаратын ұжымда қазіргі таңда осы бағытта қандай істер атқарылуда?
– 2014 жылдың 15-мамырында Мемлекет басшысы облысымызға жасаған сапарының аясында біздің «Бал текстиль» кілем фабрикасына арнайы ат басын бұрды. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз – ұлтымыздың бет-бейнесі, ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Сондықтан да, біз ұлттық ою-өрнектерімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, заман талабына сай одан әрі жандандыра түсуге тиіспіз. Дегенмен, ою-өрнекті қолданудың жөні осы екен деп, орынсыз әр жерге тықпаламай, әрқайсысын өзінің мән-мағынасына қарай орнықты қолдана білу де – басты міндеттің бірі. Қазіргі таңда біздің компанияның білікті дизайнер мамандары осы мақсатта жұмыс жүргізіп келеді. Ою-өрнектеріміз бедерленген кілемдер біздің жерлестерімізді ғана емес, әлем халықтарының да қызығушылығын арттырып отыр. Мәселен, Түркияның алдыңғы қатарлы кілем шығаратын зауыттарының өзі кілемдерін біздің ұлттық ою-өрнегімізбен басып шығаруда. Осынау ұлттық құндылығымызға франциялықтар да бей-жай қараған жоқ. Олар да бұл тұрғыда жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр.
– Ілгеріректе кейбіреулерге түріктің кілемі таңсық көрінетін-ді. Ал қазір отандық өнімді қолдауға деген құлшыныс қандай?
– Иә, бұдан біраз уақыт бұрын Қазақстанның өнімі десе мұрнын шүйіріп қарайтындар табылатын. Шетелдік өнім көздеріне кереметтей көрінетіндер де көп тұғын. Бірақ дәл қазіргі уақытта жағдай басқаша. Қазақстанның Тәуелсіздігімен бірге еліміздің өндірісі де өркендеп даму үстінде. Кілем өндірісінің де өрісі күн санап кеңейіп келеді. Мәселен, «Бал текстиль» кілем фабрикасы өзі өнім шығара бастаған төрт жылдың ішінде еліміздегі кілем шығарушы фабрикалардың лидеріне айналып үлгерді. Біздің ерекшелігіміз – тұтынушының талап-тілегіне сай жұмыс істей алуымызда.
Кейбір сауда орындарында жартылай жүн немесе жібек деп тауардың өтімділігі үшін жалған мәлімет беріп жатады. Ал, біз үшін басты мақсат – әрбір тұтынушыға дұрыс ақпарат беру. Бұл ұстаным өз кезегінде отандық өнімге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етті.
Бүгінгі таңда біз шығарып жатқан өнімдер орта тұтынушыларға арналған. Біздің мақсатымыз – болашақта жоғары сападағы элиталық үлгідегі кілемдерді шығару. Келесі жылы ортадан жоғарғы сапалы өнімдерді шығаруға кіріспекпіз. Бұл біздің жылдан жылға дамып келе жатқанымыздың көрінісі.
– Сөзіңіз аузыңызда, аға, айтыңызшы, бүгінгі тұтынушы нені талап етеді? Сіздер шығаратын кілемнің құрамы қандай? Адам саулығына қандай да бір залал келтірмей ме?
– Қазіргі таңда дүниежүзінде табиғи талшықтардан, яғни жүннен тоқылатын кілемдерге сұраныс жоқ. Себебі, ондай өнімдер аллергиялық аурулар туғызады. Сондықтан, үй жағдайында синтетикалық талшықтағы кілемдер пайдаланылады. Қазір халықтың басым бөлігі полипропилен, полиэстер, акрил, вискоза жіптерінен жасалған кілемдерді таңдайды. Бұл тұрғыда біздің өндіріп жатқан өнімдеріміз жоғары талапқа сай. Сонымен қатар біз, еуропалық стандартқа сай жібек кілемдер шығарудамыз. Бұл экологиялық тұрғыдан таза.
Сондықтан да, адамның денсаулығына қандай да бір кері әсер етпейді деп сенімді түрде айта аламын. Және де баршаңызды отандық өнімді қолдауға шақырамын. Өйткені өз өніміміз шетелдік кілемдерден бір мысқал да кем емес. Себебі біз әлем елдері шығарып жатқан инновациялық қондырғылармен жұмыс істейміз. Мәселен біздің фабрика бельгиялық «Michel Van De Wiele», Германияның «M-Tec», Түркияның «Gurelmak», Тайваньдық «Emery» маркалы құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Ал, тоқымаға қажетті жіптерді «BCF», «Hest-Set» «Frize» «Oerlikon Neumag» сынды германиялық машиналарда жасап шығарамыз. Осылайша халықаралық озық үлгідегі құрал-жабдықтарын тұтыну арқылы әлемдік нарықты бағындыруға қадам басып келеміз.
– Көрмені аралау барысында шетелдік өнімдерді де көзіміз шалып қалды. Бұл құбылыс отандық өнімді қолдаушылардың қатарын сиретіп жібермей ме?
– «Ұлы дала кілемдері» деп аталатын бұл көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Алматы жұртшылығына отандық өнімді жете таныстыру әрі насихаттау. Бұл жолғы көрмеге Өзбекстан, Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және т.б. мемлекеттердің кілемдері қойылды. Бұл өз кезегінде отандық өнімді қолдауға кедергісін тигізбейді. Біздің халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан, қатар тұрған тауарларды, сапасы, бағасы, түр-түсі, дизайны, яғни барлық жағынан салыстырып көру арқылы дұрыс таңдау жасай біледі. «Бал текстильдің» өнімдері шетелдікімен салыстырғанда бағасы төмен, сапасы жоғары екендігіне көз жеткізеді деген сенімдемін.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғалы бері шетелдің барлық қақпасы бізге айқара ашылды. Ендігі жерде біз бәсекеге қабілетті болуға тиіспіз. Бұл жөнінде Ел Президенті Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетуде. Бұл тұрғыда бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын ашу – заман талабы. Технологияны әр уақытта жаңартып отыру да маңызды. Өз кезегінде біз бұл талапқа толыққанды жауап бере аламыз. Бизнес бәсекелестік болған жерде ғана дамиды. Сондықтан да, біз үдеден шығу жолында тынбай еңбек ете бермекпіз.
– Кілем өндірісінде еліміздің көшбасшы кілем компаниясы өз қызметкерлерінің әлеуметтік хал-ахуалына қаншалықты көңіл аударады?
– Бүгінде «Бал текстиль» кілем фабрикасында 270-ке жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақының көлемі – 75 мың теңге. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға компания атынан көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, біздің қызметкерлеріміз үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысқа келіп кету үшін арнайы көлік қызметі де ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түркиялық тәжірибелі мамандардың іскерлік дәрістері ұйымдастырылды. Нәтижесінде кілем дизнайнері, тоқымашы сынды жаңа маман иелері пайда болды. Көздің жауын аларлық әдемі дизайн үлгісінің барлығы қазіргі таңда өзіміздің шебер мамандардың қолынан шығуда. Сондықтан болса керек, өнімдеріміз отандық және халықаралық сапа байқауларында топ жарып жүр.
– Талғат Жүнісбекұлы, кәсіпкер ретінде қайырылымдылық шараларының басы-қасынан табылып жатасыз. Бірін айтсаңыз, енді бірін жария еткенді жөн санамайсыз. Өзіңіз ұйтқы болған игі істер туралы оқырман қауым өз аузыңыздан естісе...
– Оның барлығын бірдей тізбектеп жатудың жөні жоқ шығар. Дегенмен, бастыларын атап өтуге болады, әрине. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей бастамасымен «Туған елге тағзым» атты туған жерді түлетуге арналған бағдарламаны жүзеге асыру ісі көзделген-ді. Бұл мақсатта облыс көлемінде қаншама қыруар шаруалар атқарылуда. Солардың бірі деп, Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылында 22 млн. теңгеге №5 балалар және жасөспірімдер спорт мектебін қайта жөндеуден өткізіп бергенімізді айтуға болады. Бұл біздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай туған жерге жасаған тамаша тартуымыз деп есептеймін.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Медеу ауданы Самал ықшамауданындағы балалар ойын алаңын 5,8 млн.теңгеге абаттандырып бердік. Балалардың қуанғанын көру – біз үшін де үлкен қуаныш.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы бірқатар мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға бір жылдық оқу құралдары мен қажет заттарын алып бердік. Және де соңғы үш жыл ішінде жүзге жуық мешітке, отыз шақты Балалар үйіне өзімізден шыққан кілемдерді төсеп бердік. Қайырымдылық мақсатындағы мұндай жұмыстарымыз алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz