Д. Абаев - Әлеуметтік желіден алынған талай ақпарат тексерілмей жарияланып жатыр
2017 ж. 17 маусым
1821
6
БАҚ қызметін үйлестіретін заң жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына тапсырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ашық диалог" тележобасы кезінде ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаңа заң қабылданған жағдайда БАҚ өкілдерінің қызметінде қандай өзгешеліктер болатынын айтып берді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң жобасына 250 түзету енгізілген. Маңызды өзгерістерге ұшыраған үш сала: бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттандыру және байланыс.
Министрдің түсіндіруі бойынша, журналист материалды жарияламас бұрын адамның жеке мәліметтерін қолдану үшін одан рұқсат сұрауы керек болады.
"Рұқсат алу - бұл норма. Біз оны сақтадық та, нақтыладық. Жазбаша рұқсат алудың қажеті жоқ. Диктофонға айтылса да болғаны. Жеке мәліметтер әлем бойынша қорғалған. Бұл қалыпты тәжірибе", - дейді Абаев.
Сонымен қатар, ресми хабарлама, нақтылығын тексеру, мемлекеттік органның ресми өкілі сияқты түсініктер енгізіледі. Зорлық-зомбылық көрген балалардың суретін жариялауға тыйым салынады.
"Журналист ақпараттың растығын тексеру үшін бірнеше амал жасау керек. Мысалы, қазір әлеуметтік желілерден алынған көптеген ақпарат тексерілмей жариялана береді. Біздің ойымызша, ақпаратты жарияламас бұрын оны нақтылап алу керек", - дейді министр.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның атауы да өзгеруі мүмкін. Министрдің айтуынша, бұл ескірген түсінік, ол билік пен қоғамның біржақты ғана қатынасын білдіреді. Жалпы коммуникация туралы заң туралы ойлау керек.