Қорғанысты күйттеп жүріп, өз қорғанысында қапы қалған Ахметов
2017 ж. 14 маусым
5370
16
Информбюро коллажы
...Қазақстан үкіметінің басына Кәрім Мәсімовтен кейін 54 жастағы Cерік АХМЕТОВ келгенде күпті көңіл жұрт бір сергіп қалып еді. Тәуелсіздік алған қазақ халқының С.Терещенко, Ә.Қажыгелдин, Н.Балғымбаев, Қ.Тоқаев, И.Тасмағамбетов, Д.Ахметов, К.Мәсімовтен кейінгі сегізінші премьер-министрі Серік Ахметовтың мамандығы инженер-металлург, арнайы жоғарғы оқу орнын емес, Қарағанды металлургия комбинатынның жанындағы ЖТОО-ын сырттай оқып бітірген өмір жолы Елбасымыздың өмірбаянына өте ұқсас еді. Секең еңбек жолын Теміртаудағы атақты Қарағанды металлургия комбинатында токарьдан бастап, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық комсомол, партия комитеттерінде хатшылық қызметтер атқарды. Кейінірек Теміртау қаласы мен Қарағанды облысының әкімі лаузымдарында болған Серік Нығметұлы қызметтік мансаптың тиісті сатыларынан сүрінбей өткен тәжірибелі де салқынқанды шенеунік болып саналатын. Серік Ахметовтың жеке басының қасиеттері мен оны жетекшілік еткен кабинетінің кәсіптік біліктілігі және іскерлігі қандай дәрежеде болды?..- 2012 жылы қараша айында Серік Нығметұлы: «БҰДАН БЫЛАЙ ҮКІМЕТТІҢ БАРЛЫҚ ЖИНАЛЫСТАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ӨТЕТІН БОЛАДЫ» деп, аталған жиынды таза қазақ тілінде жүргізді. Шалатілді саналатын Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ қазақша әуезді сөйледі. Табиғаты салмақты Секеңнің бұл батыл әрекеті жұртты дүр сілкіндірді: қазақтілді басылымдар қуанышын жасырмаса, орыстілділер бөрінің артындай шулап шыға келді. Сөйтіп, Секең туған ұлтының намысын бір қайрады...
- Cерік Ахметов өзіне дейінгі әріптестері секілді кеңсесіндегі орынтағына жабысып қалмай, көбірек ел аралады, жұрттың жағдайын өз көзімен көріп, көңілге түйді.
- 2013 жылғы құрғақшылыққа байланысты тығырыққа тірелген ауыл шаруашылығына сүбелі көмек көрсетіп, қомақты қаржы бөлді.
- Тәжірибеге енгізіп, өміршең етуге кез келген кісінің дәті бармайтын «Халықтық ІРО» бағдарламасын нақты бастап, жүзеге асырды.
- Атқару билігінде айтарлықтай құрылымдық өзгертулер жасап, лауазымдық міндеттерді мұқият бөліп берді. Аймақтық даму министрлігін құрды. Мұндай министрліктер Ресей мен Қытайда бұрыннан бар еді. Жер көлемі мол біздің елімізде жергілікті билік орындарының жұмысын қадағалап, ширатып отыратын арнайы мемлекеттік құрылымның қажеттілігі сезіліп тұратын. Осының нәтижесінде «Аймақтардың дамуы», «Қол жетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы-2030», «Жұмыспен қамту-2030», «Ақ бұлақ» бағдарламалары мен Тұрғын үй шаруашылықтарын қайта жарақтандыру, моноқалаларды дамыту мәселелерін жүзеге асыру міндеттері жаңа министрлікке жүктелді.
- Халықтың қалауымен емес, жеке Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Беларусь және Ресеймен бірігіп құрылған Кедендік одақта Серік АХМЕТОВ елдің есесін жібермей, тиімді жұмыс атқаруға тырысты.
- Ең бірінші министрлер кабинеті кезекте азық-түліктің, коммуналдық қызметтің қымбаттауына барынша жол бермеді. Үкімет басшысы инфляцияны ауыздықтап, ЖІӨ-нің өсімін көтеруге бар күш-жігерін салды. 2012 жылы Ұлттық банктің мәліметі бойынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсіп, құнсыздану 6 пайызды ғана құрады. Сыртқа тауарлар шығару 69,2 млрд. долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Шетелдерден тауар сатып алу көлемі 24,5 пайызға көтеріліп, 32,1 млрд. долларға жетті. Елімізге келген тікелей инвестицияның мөлшері 11,7 млрд. долларды құрады делінгенімен, кейінірек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл көрсеткішті 20 млрд. доллар деп түзеткені де есімізде. Серік Ахметовтың Үкіметі кәсіптік біліктілікпен жұмыс істеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін елеулі реформалар жасауға қадам басып келе жатты...