Алматыда танымал кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиевтің ұсталуына қатысты жаңа деректер шықты
2017 ж. 12 маусым
3822
5
Бүгін Алматыда белгілі кәсіпкер бандитизммен айналысты деген күдікпен ұсталды. Еліміздегі ең ірі шыны зауытының директоры Мұратхан Тоқмәдиевтің қолына кісен салу үшін тіпті арнайы жасақ орталықтан алдырылған, - деп хабарлады КТК арнасы.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің мұздай қаруланған сол жасағы, шыны зауытын қоршауға алып, түгел тінтіп шықты. Ал «Депутаттық корпус» қылмыстық тобының серкесі Тоқмәдиевтың қолына кісен бала-шағасының көзінше салынған.
Еліміздегі шыны шығаратын ең ірі зауытта жұмыс аптасының алғашқы күні осылай өзгеше басталды. Таңның атысымен «КазСтройСтекло» мекемесіне бетін тұмшалап, өздері мұздай қаруланған жасақ сау ете қалды. Бұл тонау да, рейдерлік шабуыл да емес, арнайы қызметтің операциясы болатын.
Осы кадрларға қарап-ақ күш құрылымдарының қарсылыққа дайын болғанын аңғару қиын емес. Қайта, оқ атылған жоқ. Ал зауыттың гектарлаған аумағы тыңғылықты тексеріліп шықты. Арнайы қызмет өкілдерінің не іздегені мен не тапқаны әзірге белгісіз. Бір анығы кәсіпорын қожайыны Мұратхан Тоқмәдиевтің қолына кісен салынған. Онда да жұмыс орнында емес, тура үйінде. Танымал кәсіпкерді ұстау үшін күш құрылымдары Алматыдағы ең қымбаттардың бірі саналатын «Арман вилла» тұрғын үй кешенінде арнайы операция жүргізді.
«Каз СтройСтекло» зауытының басшысы қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене араласып жүрген кәсіпкер ретінде танымал. 50 жастағы Тоқмәдиев 5 баланың әкесі. Өзінің игі істері туралы талай фильм де түсірген екен.
Бірақ Мұратхан Тоқмәдиевтің шын мәнінде не істегенін арнайы қызмет жақсы біледі. Себебі, жылдар бойы оны аңдып жүрген. Шығыс Қазақстан облысының тумасы құқық қорғау органдарында «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі ретінде тіркеуде тұр. Мәліметтерге қарағанда, бұл топ қалталы бизнесмендерден ақша бопсалаумен айналысқан. «Мурка» деген лақап атпен танымал Тоқмәдиев байлықты адал еңбекпен емес, осындай арам жолмен тапқан дейді тергеушілер.
«Депутаттық корпус» мүшелері бұған дейін де бірнеше рет қолға түскенімен, әркез судан құрғақ шығыпты. Өйткені, қылмыстық топтың билік тұтқасын ұстаған таныстары көп көрінеді. Соған қарағанда, тұтқындаулар Тоқмәдиевпен бітпейтін сыңайлы.
Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ірі кәсіпкерді құрықтаған бірінші жағдай емес. Осыған дейін атышулы Тоқтар Төлешов пен бас прокурордың орынбасары ұсталып, ұзақ мерзімге сотталды. «Ағайынды төртеу» тобының серкелері мен жуырда ғана қолға түскен Алматының Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы да қамауда отыр. Бұлар да осы Тоқмәдиев сияқты кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан.