ҚАЗАҚША сөйлемеген, ҚҰРАН оқытпаған БАҚАУОВ - әкім бе, губернатор ма?
2017 ж. 01 маусым
10598
37
Павлодарда қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиынында облыс әкімі Болат Бақауовтың негізінен ресми тілде сөйлеуі жұртшылықтың наразылығын тудырды. Бұл туралы қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі өзінің фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.
"Біз де болдық, тастардың жанында... Ескерткіш орнатамыз деген тастарға гүл қойдық. Ескерткішті, халық жиналмасын (митингі болып кетеді деген қауіп қой) деп қаланың сыртына шығарып қойған, зират басына. Онда да 2 жыл бұрын осы Боқауов (әкімнің тегі пікір авторынан еш өзгеріссіз көшіріліп алынды - ред.) құран бағыштауға рұқсат бермеген. Зират басында мұсылмандарға құран бағыштауға рұқсат бермеген деген не сұмдық деп жағамызды ұстадық. Мен сұрап едім, ішкі саясатқа қолын сілтеді. Не өзі мұсылман емес және оған қарсы. Екінші бір нұсқа: шексіз қорқақтық (орыстар бар ғой деген қорқақтық). Тастарға имам да гүл қойды. Бір жақсысы, алдыңғы жылдардағы жәй сөз сөйлеуден айырмашылық бар. Әскерилер салтанатты түрде, себет-себет гүл қойды. Соған рахмет десек те, Боқауовтың 1 мин. қазақаша, 5 мин. орысша сөйлегеніне тағы қарным ашты. Соны айта бастап едім, (артында тұрғам) "сосын, митингі" бітсін деді. Бәрібір айттым: "Қазақ тіліне деген дискриминация ғой, әкім бола тұрып істеп тұрғаныңыз" деп. Рахмет деді. (Қандай пиғылмен айтқанын түсінбедім).
Айта кетейік, бұл Павлодар облысының әкіміне қатысты алғашқы шу емес. "Бақауов құран оқытпады" деген белсендінің сөзін оқып жағамызды ұстадық. Әрине, құзырлы органдар анық-қанығын анықтай жатар.
Бір жағынан бұл таңсық та емес. Бұған дейін Бақауовтың аң аулаймын деп басы дауға қалған еді. Қабан шошқаны атып, үстіне мініп алған әкімнің суреті интернетте әжептәуір шу жасады. Шулағандардың дені неге атты емес, шошқа жейтін қазақ әкімін бірінші рет көрдік демесі бар ма...
Алтай Сағидолда,
qazaquni.kz