ТЕРІС ПИҒЫЛДЫ АҒЫМДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНІ - ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМДІ ЖОЮ
2017 ж. 17 мамыр
3554
0
Отанның әрбір адам үшін қасиетті ұғым екендігі, оның отбасынан бастау алып, мемлекетті іштей жұмылдырып тұратын алып күш екендігі баршаға аян. Бұл туралы бұрын да, қазір де қаншама туындылар жазылып, қаншама қанатты, аталы сөздер айтылуда. Сондықтан да өз отанын, туған жерін қорғау баршаның азаматтық парызы. Еліне адал қызмет етіп, оны қорғауды мақсат ету, өз Отаны мен атамекеніне сүйіспеншілікпен қарау сезімі «патриотизм» ұғымымен анықталады. Бұл - адамның өз отбасына, қоршаған ортасына, тұрған жерінің табиғатына, жалпы еліне деген құрметтен бастау алатын сезім. Міне, жастарды осындай шынайы патриоттық сезімге баулып тәрбиелеу ісі қоғам үшін маңызды мәселелер қатарынан орын алады. Өйткені, бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, елдің өркендеп дамуы үшін өте қажетті нәрсе. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы оның азаматтарының білімділігімен қатар, олардың отансүйгіштік сезімдерінің деңгейіне байланысты. Өз елінің, ұлтының патриоты болған азамат қана елінің тағдырына жанашырлықпен қарап, оған адал қызмет етуді өзінің борышы деп санайды.
Қазақ халқы да қашан да «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген даналық сөзді тәрбиенің негізі ұстанымдарының бірі ретінде ала отырып, әр баланың отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуге баулып тәрбиелейді, ата-бабамыздың көздің қарашығындай қорғап келген жері мен аңсап өткен тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кейінгі ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Дегенмен соңғы жылдары еліміздің аумағында осынау отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармастан, оны қорғамақ түгіл, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығынбайқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты - ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу ғана.
Мәселен, кейбір дәстүрлі емес ағымдар елдігіміздің символикалық белгілері болып табылатын мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, мемлекеттік мерекелерді тойламайды. Яғни, олардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімнен ада екенін байқауға болады.
Ал, нағыз патриоттық сезім адамның ең алдымен өз елінің Ата Заңын, Туын, Елтаңбасын, Әнұранын, Төлқұжатын, мемлекеттік тілі секілді мемлекеттік нышандарын ерекше құрметтеуінен басталады. Сондықтан да мемлекеттік рәміздерге елімізде биік мәртебе беріліп, оларды қадірлеу елдің тәуелсіздігін құрметтеумен теңестіріледі, оларды құрмет тұту азаматтардың отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға септігін тигізеді деп есептеледі.
Сондай-ақ, адамды өз отбасынан, одан ары Отанынан безінуге жетелейтін ислам атын жамылған діни ағымдардың да еліміздің аумағында жүргізген әрекеттерін жасыра алмаймыз. Олар санасы әлі қалыптасып үлгермеген өскелең ұрпаққа шетін көзқарастарын сіңіру арқылы оларды жерінен, елінен айыруды көздейді. Қалыптасқан ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзіндік ойлау қабілетінен айрылып, күйзеліске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елін тастап кетуге дейін барады. Жалған жиһадтың соңында, «таза исламды» аңсап, «жұмаққа» баруды көздеп туған жерін оп-оңай тастап кетушілер де осындай теріс пиғылды ағымдардың қатарын толықтырушылар. еді. Өткен жылдары елімізден «жиһадтың» жетегіне еріп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанған азаматтардың саны төрт жүзді құраған болатын.
Зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығаратын теріс пиғылды ағымдар өздерін ғана шынайы ислам дінінің ұстанушылары деп жариялап, билікке қарсы шығуға бағытталған көзқарастарды насихаттайды. Олардың мемлекетке қатысты ұстанымдары зайырлы мемлекет басшысын мойындамауға, азаматтық міндеттерден, зайырлы өмір сүру салтынан бас тартуға негізделеді.
Осындай идеологияның ықпалына түскен діни сауатсыз жастар өз еліне қарсы көзқарасыты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетінде тұруды көздеп елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, елімізде отбасын тастап, туған жерден безетіндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгілі. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар- жалған жарнамаға елітіп, жаңылған, сауатсыз жандар.
Ал, оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер. Ал, шынайы ислам дінінде Отанға деген, отансүйгіштік, патриоттық сезімге деген көзқарас қандай? Бұл ұғымдардың мәні қалай түсіндіріледі?
Ислам дінінде Отанды, туған жерді қорғау ең қасиетті борыштардың бірі болып саналып, оны қорғау жолында қайтыс болғандар шәйіттердің қатарынан саналатындығы бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін көрсетіп тұрса керек. Сонымен қатар, Отан қорғаудың маңыздылығын көрсететін мынадай тағылымды хадис те бар: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз». Осының өзі басқа жерді өзінің туған жерінен артық санап, «жұмақ өмірді» аңсап, Отанынан безінудің қисынсыздығын көрсетуге жетерліктей.
Қорыта айтқанда, жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттарының елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Сол мақсатта, яғни елді тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгілі. Өйткені, елдің ертеңі білімді жастардың қолында. Бүгін жастарды арбап, білімнен, руханияттан айрыып, өз мақсаттарына қолдана алса, мәңгүртке айналған адамды өз мүдделеріне қолдану қиын шаруа емес. Сол себептен олар жастардың білім алуына, ғылыммен шұғылдануына қарсы бағытта қарқынды жұмыс жүргізеді.
Сондықтан да жастарды әр түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жері мен салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін берік ұстануға тәрбиелеу арқылы елдің тұтастығы мен ынтымағына қол сұғуды көздеген теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтандыруға күш салғанымыз жөн. Оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуіміз қажет.
Ата-бабаларымыз да территориялық тұтастығымыз пен руханиятымызды қорғау жолында қаншама тер төгіп, ерен еңбектер атқарды. Атамекенін жатқа таптатпаған жауынгер қазақ халқының ұрпақтары енді осы найзаның ұшы, білектің күшімен келген туған жердің, тәуелсіздіктің қадірін жете түсінуге міндетті. Талайлар аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, елдің мәңгілік елге айналуына үлес қосу - бүгінгі буынның перзенттік парызы.
Осы тұрғыда айтылған Елбасы Н.Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Бұл туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жақсы жан – тәнімен сезіну керек»- деген тағылымды сөзі жоғарыда айтылғандарды нақтылай түседі.
Теңлібаева Жанар Қантемірқызы,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері