АЗҒЫНДЫҚТЫ АШЫҚ НАСИХАТТАЙТЫН ТЕЛЕАРНАЛАРДЫ ЖАБУ КЕРЕК!
2017 ж. 06 мамыр
3831
15
Бүгін белгілі журналист Мырзан Кенжебайдың qazaquni.kz сайтында жарияланған «Телеарналар тілімізді шұбарлайтын қатерлі құралға айналуда… (1731 | 06.05.2017 ). Ұлт рухын оятудың орнына көргенсіздікке толы көрсетілімдері көп»- деген тақырыптағы мақаласы мені амалсыз төмендегі ойларға жетелеген еді.
Қазір Қазақстандағы барлық телеарналар ашықтан-ашық қазақты қорлайтын дүниелер көрсетуге құмар болғалы қашан. Ана қоянбаевтар, қабатовтар және бұлар сияқты толып жатқан басқа аузы-бастарын қисаңдатқыштар, ауыздарына келгенді айтқыштар, атап айтқанда қаптаған сайқымазақтар, телестудияны тауыққораға айналдырып алған журналист емес бастықсымақтар – күндіз-түні ұлтымызды мазақ етуде. Бұлар туралы талай жаздық та, талай айттық та. Бірақ әлі ешқандай шара қолданылған жоқ, тіпті, «шара қолданамыз» деген ниетті де байқамадық. Бұларға(қорлағыштарға) онсыз да қорлық пен зорлықты, теперішті көп көрген біздің маңдайының соры бес елі «қалың елім қазағым, қайран жұртым...» не істеп қойды екен?
Телеарналары азғындықты, мазақты насихаттайтын мемлекетті не деуге
болады өзі? Бұл – таусылмайтын ұзақ әңгіме...
Жә, негізгі тақырыбыма көшейін.
Соңғы кездері Қазақ қыздарына дұрыс тәрбие берудің орнына азғындықты «керемет жетістік» ретінде насихаттап жатқан қазақстандық телеарналарды қалай түсінуге болады?
...Бірнеше айдың жүзі болды, не белгілі халық әртісі емес, халық жазушысы емес, атақты ақыны емес, мемлекет қайраткері емес, белгілі халық әртисі емес, керісінше, күйеуінің көзіне шөп салғанын ашық айтып , мақтаныш көріп жүрген, ана байын абақтыға қаматып тастаған, қолма-қол басқа байға тие салған біреуді біздің телеарналар күндіз-түні жарыса насихаттап, қазақ қыздарына үлгі етпек?
Бұл - Қазақты қорлау ма, қорлау?
Неге бұл телеарналар, осындай арсыздықтарды ашық насихаттауға, мақтаныш тұтуға құмар?
Жаман жолға түскен қазақ қыздарын жібі түзу ұлт қыздарына үлгі етпек пе?
Бұл, Қазақстанның өзінің телеарналары біздің қазаққа неге өш? Біздің ұлттан ала алмай жүрген қандай еселері бар, «жүргіштікті», «көзге шөп салушылықты», ашық «төсектес болуды», тойларда тыр-жалаңаш шешініп тастаған әйелдерді, еркектерді ашық насихаттайтындай, біз оларға не жаздық өзі?
Ақыры пайдасынан зияны басым бұл телеарна атаулыларды жауып тастау керек шығар онда...
Ана біз әңгімемізге арқау еткен байының көзіне шөп салғанын мақтан тұтқан арсызды күндіз-түні насихаттайтындай, оның мемлекетке қандай еңбегі сіңді екен?
«Әйелі бұзылған ұлт – түбінде құриды» деп бір данышпан айтқандай, бұл телеарналар қазақ әйелдерін бұзуға үлес қосу арқылы қазақты жер бетінен тып-типыл етіп жойып жібермек пе?..
Бұған кім жауап береді?..
Жұмаш КӨКБӨРІ,
байырғы тележурналист,
06.05. 2017 жыл