ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ ЕКІНШІ ӘКІМДІККЕ АЙНАЛДЫРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
2017 ж. 02 мамыр
1267
0
Өңірлердегі қоғамдық кеңестерді әкімдіктер жанында құру керек. «Аймақ» өңірлік даму мен жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қорының төрайымы Айгүл Соловьева осылай мәлімдеді.
«Мен қоғамдық кеңестер мәслихаттар жанында болуы тиіс деген тұжырыммен келісе бермеймін. Себебі бұл тұрғыда екі палаталы мәслихат деген ой келеді. Қоғамдық кеңестер тәуелсіз болуы тиіс немесе әкімдіктер жанынан құрылуы керек деп санаймын. Өйткені олар кеңес бере отырып, атқарушы билік органы қалыптастыратын бағдарламаларға жұмылдырылады. Орталық деңгейде дұрыс шешім жасалған, яғни қоғамдық кеңестер орталық органдар жанында құрылған, ал өңірлік деңгейде оларды мәслихаттар жанына жұмылдырған», – деді ол. «Үшінші жаңғыру аясындағы конституциялық реформа» атты дөңгелек үстел барысында. Осы орайда ол мәслихаттар дербес болуы тиістігін және жаңғыру үдерістерін жүзеге асыру үшін қоғамда болып жатқан процестерге тиісті іс-қимылдар жасалуы керектігін айта келе, өңірлік дейгейде мәслихаттар әкімдіктерден тиісті дәрежеде арақашықтықты сақтауы қажет екенін түсіндірді.
Бұл жерде Айгүл Соловьевамен толықтай келісуге болмайды. Рас, мәслихат әкімдерден аулақ болғаны дұрыс. Бірақ, бізде ол іс жүзінде мүлдем басқаша, депутаттар әкімнің айтқанынан шыға алмайды. Енді Қоғамдық кеңесті әкімдіктің қолтығына тығу – жұмсартып айтқанда екінші әкімдік жасау немесе оның бір бөліміне айналдыру. Өйткені одан кейін қоғамдық кеңес әкімдікке тікелей тәуелді болып қалады. Керісінше әкімдік пен мәслихат сол халықтың қамын ойлайтын Қоғамдық кеңеске тәуелді болуы керек.
qazaquni.kz