КҮНГЕЙЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ҮЗДІК ҮШТІКТЕ
2017 ж. 05 мамыр
2013
0
Оңтүстік Қазақстан облысы іскерлік климатты қалыптастыруда республика бойынша үздік үштікте. Астана қаласынан кейін үшінші орынға тұрақтаған өңірдің шағын және орта бизнесті дамытудағы қарқыны жоғары. Оңтүстікқазақстандықтарға Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов осындай баға берді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кездесуде кәсіпкерлік саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар қаралды. Кездесуде аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев оңтүстік өңірінің кәсіпкерлік саласында жиі көтерілетін проблемалық сұрақтар туындап жататынына тоқталды. Атап айтқанда, өңірдің іскерлік климатын қалыптастыру, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, салық төлеу, жер телімдерінің берілуі сияқты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғалды. Республика бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағын, орта және ірі бизнеске қатысты түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі де осы мәселелер жөнінде тіркеледі. Өңір басшысы аймақта кәсіпкерлікке қажетті жер телімдеріне деген тапшылық туындап отырғанын жеткізді. Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетовтің айтуынша, күнгейлік кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. «Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік нысандары бойынша республикамызда алдыңғы үштікке кіреді. Мұндағы кәсіпкерлердің белсенділігі де жыл санап артып келеді. Бұл ретте жергілікті кәсіп иелеріне қолдау білдіріп отырған жергілікті биліктің де жұмысына оң баға беруге болады», – деді Болат Палымбетов.
qazaquni.kz