Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің біріндегі бір бөлмелі пәтердің түгі қалмай өртеніп кетті, деп хабарлайды Baq.kz.
Павлодарда өртке оранған үйде құран кітабы ғана жанбай қалған
2017 ж. 22 сәуір
3857
3
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт туралы сағат 15.00-де хабарлама түскен.
«Жеке құрамның 15 өрт сөндірушісі қызыл жалынмен 1,5 сағат бойы арпалысты. Салдарынан үй жиһаздары, заттар мен электроника құралдары жанып кетті. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі мен оқыс оқиғаның себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрт тоқ сымдарының тұйықталуынан орын алған. Тілсіз жау 18 шаршы метрлік аумақты жалмады», - дейді ведомствоның баспасөз қызметінің маманы Марал Сағынаева.
Пәтер иесі Наталья Баймұратованың айтуынша, өрт болған кезде үйдегілердің барлығы сыртта болған. Бүгінде 53 жастағы азаматша бір бөлмелі пәтерде қызы және екі жиенімен тұрады.
«Абырой болғанда, пәтерде ешкім болмады. Қызыл жалын салдарынан үйіміз түгі қалмай жанып кетті. Қаңыраған қабырғалар ғана қалды. Жиендерімнің күнделікті киетін киімі де жоқ. Оларды мектепке қалай жіберемін? Уайымдап отырмын. Қолымда болған қаражатқа уақытша пәтер жалдадық», - дейді Наталья Баймұратова.
Бір қызығы, Наталья Бекмұратованың пәтерінде болған алапат өрттен Құран кітабы ғана аман қалыпты.
«Құранның ішінде жиендерімнің туу туралы куәліктері болған еді. Қасиетті кітап жанған жоқ», - дейді пәтер иесі.
Айта кетейік, өртеніп кеткен пәтер бұрын жатақхана болған көпқабатты үйде орналасқан. Төтеншеліктердің айтуынша, өрт қауіпсіздігі сақталмайтын осы тектес нысандарда тұру аса қауіпті. Кеңестік кезеңде салынған нысандарда өрт оқиғалары жиілеп кеткен. Осыны қаперге алған төтеншеліктер тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр пәтерді аралап шығуды әдетке айналдырған. Жалпы, облыс орталығында жылыту кезеңі басталғалы бері өңірде 120-дан астам оқыс оқиға тіркелген. Салдарынан тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 15 млн теңгеден асып жығылған. Өкінішке қарай, газдан уланып, өрттен көз жұмғандар саны арта түскен. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан 15 адам қайтыс болған.