ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ЕР НҰРТАС
2017 ж. 17 сәуір
5431
5
Бірінші, сонша жыл ел
басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған
емеспін – АРЫМ ТАЗА. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы
күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған
емеспін – ҚОЛЫМ ТАЗА!
Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген
емеспін – ЖҮЗІМ ТАЗА!
Нұртас ОҢДАСЫНОВ
Бұл фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Алматыфильм» киностудиясымен бірлесе отырып шығарған.
Гүлсім Оразалиеваның «Нұртас Оңдасынов» атты кітабының желісі бойынша түсірілген фильмде, Қазақстан Үкіметін ең ауыр жылдарда (1938-1951) 13 жыл табан аудармай басқарған Республикамыздың экономикасы мен өнеркәсібінің, мәдениеті мен ғылым-білімінің дамуына ұланғайыр үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, біртуар тұлға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өмірі мен қызметі баяндалады. Фильмнің режиссері – Оңдасын Тастанов.
Деректі фильмнің мақсаты – халқы үшін қалтқысыз еңбек еткен, ел үшін туған ердің атын ұмытпай, оның өнегелі істерін бүгінгі өскелең ұрпаққа дәріптеп үлгі ету.
Деректі фильмнің тұсаукесеріне жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбеков,"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын, Халықаралыө "Алаш" сыйлығыңың лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың иегері Қазыбек Иса, журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразаліқызы және т.б. бірқатар беделді тұлғалар қатысты.
Нұртас Оңдасынов – Қазақстан Үкіметін ең ауыр Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдарда Республиканың ішкі экономикасы мен мәдениетінің, ғылым-білімінің дамуына барынша күш сала отырып жан-жақты дамыта басқарған дара басшы. Ол 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы Атқару комитетінің төрағасы, 1938-1951 жылдар аралығында (13 жыл) Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы, 1951-1953 жылдары КПСС ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, 1953-1954 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы, 1955-1962 жылдары Гурьев облыстық Атқару комитетінің төрағалық қызметінен кейін 5 жыл облыстық КП ОК бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Соғыс жылдарында, Республикамызда Ғылым Академиясының жеке шаңырақ көтеруіне, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институты мен Ұлттық Консерваториясын құруға, Шет тілдер, Дене тәрбиесі және барлық облыс орталықтарында Мұғалімдер институтының ашылуына бірден бір ұйтқы болған қайраткер тұлға.
Сонымен қатар, еліміздегі ірі құрылыстар: Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдарының, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Ақтөбедегі ірі зауыттардың, сонымен қатар Мойынты-Шу темір жолының салынуына басшылық жасап, ерекше іскерлігімен танылды.
Ал, бүгінгі «Қазақфильмнің» де негізі сол уақыттан бастау алады. Басқа Республикаға эвакуациямен кетіп бара жатқан «Мосфильм» мен «Ленфильмді» Қазақстан Үкіметі атынан арнайы Қазақстанға шақыртқан Нұртас Оңдасынов екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Екі киностудияның хас шеберлерінің қолдауымен «Райхан», «Абай әндері» фильмдері түсірілді.
«Зейнеткерлікке шыққаннан соң шығармашылық қызметпен айналысып, 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді» — дейді Д. А. Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» кітабында.
Н.Д. Оңдасынов үш рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медельдармен, Құрмет грамоталармен марапатталған.