"АҚ ЖОЛДЫҢ" АҚ НИЕТІНЕ ҚАРСЫЛАР баспанасыз жастарға бас ауыртпай ма?
2017 ж. 16 сәуір
8901
28
Осы аптадағы ең көп талқыланған тақырыптардың бірі - "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжілііс депутаты Азат Перуашевтың ауылдан келіп, қалада баспанасыз жүрген жастарға жатақхана салу мәселесі туралы депутаттық сауалы болды. Бұл бүгінгі күн талабынан туындаған мәселені сол жастардың өзі жаппай қолдағанмен, әлеуметтік желіліер мен сайттарда басынан бұрмалаушылық болды.
«Азат Перуашев ас үйі жоқ, әжетханасы жоқ бөлмелер салуды ұсынды» деп теріс жалаулатып шыға келді. Депутаттық сауалда ауылдан келген жастарды қиындықтан құтқару үшін, қала шетіндегі санитарлық тазалықсыз барактар мен жайсыз жерлердегі жағдайсыз бөлмелерді жалдап алып, пәтер қожайындарының жеке қалталарына шығынданып жатқан жастарды ол қыспақтан қалай құтқару керек? Ол үшін қазіргі заманға сай жағдайлы, бірақ арзан бағада болуы үшін асүйі ортақ және әжетханасы да ортақ (кейбіреулер әдейі арандатып жазып жатқандай асүйі мен әжетханасы ортақ емес немесе әжетханасы мен асханасы мүлде жоқ емес) коммуналдық жатақханалар салынуын сұраған болатын. Бұндай жағдайда баспана бағасы әдеттегіден 40 пайыз арзан болатыны да анық. Бұл ұсынысты қолдаушылар – ауылдан қалаға келіп, шынымен осындай арзан жатақтарға қолы жетпей жүрген қалың қазақ жастары мен олардың жанашырлары да, керісінше арандатып отырғандар орыс тілді БАҚ пен басында кемі екі-үш үйі бар, артық пәтерлерін сол жастарға қымбат бағаға жалға беріп, байып отырғандар.
Иә, тағы да қоғам екіге бөлінді. Қазақ тілділер жақтады, орыс тілділер даттады. Бұл біртұтас халық құрамыз деген Қазақстан билігінің ең басты кемшілігі 25 жылдан бері "бір тағдыр, бір елміз" деп ұран салғанымен, елді бір тілді ете алмағаны... Ең басты тәрбие құралы - тіл бір болмаған жерде, ел де біртұтас болмайды. Енді осы кемшіліктің орнын толтыру үшін, Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты болашаққа жол сілтеген бағдарламалық мақаласы қазір еліміздің ең басты тақырыбына айналды. "Ештен кеш жақсы" дегендей, үміт ұшқыны жалынға айнала бастады.
Алдымен, асай-мүсейін арқалап, қала шетіндегі барактарды, тозған ескі жатақтарды аралап шыққан нұротандық блогер Таңирберген Бердонгарға алғыс айтайын деп отырмыз. Себебі, қазіргі заманға сай жатақтар салуға басты себеп болған ескі барақ, тозған жатақтардың адам төзгісіз жағдайларын бейнебаянға түсіріп алып, жариялауға бекініп отырған біздің алдымызға түсіп алып шапқан бейнеблогер біздің жұмысымызды жеңілдетті. Екінші рахмет айтатынымыз, тәңір бере салған блогердің бірді айтып, бірге кетіп отырып, "Жатақхана салғанша Қазақстан азаматтарына он сотық жер беру керек" деген, бұған дейін талай көтерілген мәселені еске салғаны. Өзі "тағайындаған" мәслихат депутаттарының мәселелерін жұдырықпен шешіп отыратын экс-депутат Мухтар Тиникеев те осы "он сотықты" айтып, ақыл
қалтасын ақтарыпты... "Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа сарт ете қалады" деген мақалды орыстілділер, Таңирберген де, Мухтар да есітпеген болар, біз енді жақсылап естерінен кетпейтіндей етіп айтып берейік. Дәл осы қазақстандықтарға Жер кодексі бойынша тегін алуға тиесілі он сотық жер беру туралы бапты парламентте қорғап қалған "Ақ жол" партиясы болатын. "Он сотық жер телімін алу құқығыңызды "Ақ жол» партиясы қорғайды" (http://www.qazaquni.kz/2013/03/07/15462.html). 2013 жылы 7 наурызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Республикалық маңызы бар қалалар – Астана мен Алматының және облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беруді қысқартуды қарастырды. Сонда Өңірлік даму министрлігі халыққа тиесілі тегін он сотық жерді заңнан алып тастауға ұсыныс жасағанда "Ақ жол" партиясының фракциясы халықтың жер алу құқын қалдыруды қорғап шығып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жасаған еді. Ол кезде осы Мухтар Тиникеевтің өзі депутат еді және қазақстандықтардың он сотық жер алуын заңнан алып тастауға келіскен болатын…
Кейін бұл мәселе "Ақ жолдың" көтеруінен соң, шу болып кеткесін, он сотық жер беру қайта қалпына келтірілді. Бұл әділдіктің орнауына "Ақ жол" партиясының үлесі зор екенін мақтанышпен айта аламыз. Сол кезде "Ақ жол" партиясы да үндемей, басқа партиялардай келіскен болса, бұл күнде Қазақстан азаматтарына тегін он сотық жер беру заңнан алынып тасталатын еді...
Енді, Бердонгар мен Тиникеевтің екеуі де депутаттықтан шығып қалғасын, аяқ астынан шамаларына қарамай "елдің қамын жеген ердің" рөлін ойнауға тырысып, "халыққа он сотық жер беру керек"-деп, ақыл айтып шығуы - "Аңқау елге арамза молдалардың" санын екі адамға көбейтті... Сонда кезінде халыққа он сотық жер беру туралы заңды алып тастауға келіскендерін өзгелер білмейді немесе ұмытып қалды деп ойлайды-ау деймін.
Қазір қаладағы қазақ үшін басты мәселе - баспана! Ал, ауылдан келіп, базарлардың маңындағы барактар мен жайсыз-күйсіз тоқалтамдарда қиын күй кешіп жатқан қазақ жастарының жағдайы неге орыстілді БАҚ-ты ойландырмайды? Себебі, "басы ауырмағасын, құдаймен жұмысы жоқ" олар ондай қиындықты басынан өткермек түгілі, сырттай да барып көрмеген. Таңирберген Бердонгардың бұрын-соңды барып көру түгілі түсіне де кірмеген барактарды аралауы - солардың жағдайын ойлау емес - әлде бір тапсырысты орындау, шындықты айтып шырылдап жүретіндіктен қарсыластары аз емес Азат Перуашевті бір сүріндіріп қалу үшін ғана... Бірақ, керісінше өзі "Ақ жолдың" депутаттық сауалының өзекті екеніне елдің көзін жеткізіп бергенін білмей де қалды... Тағы да рахмет айтамыз. Кезінде оның Мәжіліске екі мерзімде депутат болғанда елдің есінде қалған "еңбегі" -әріптестерін Кеңес империясының Қызыл Армиясы күнімен құттықтаймын деп, қып-қызыл ұятқа қалғаны, сөзден жеңіліп қалғасын мүгедек жанды жекпе-жекке шақырғаны ғана. Бердонгардың бетіне бір оқытушының қатырып тұрып, қақырып тұрып түкіріп жібергені сотқа дейін барғанын да ұмытқан жоқпыз... Сонда "Бердонгаровтың бетіне түкіріп жіберіпті" дегенді естігенде, бір белгілі ағамыздың: "Онда бет бар ма еді" деп айтқаны есіме түсіп отырғанын жасыра алмаймын...
Қазір қалаға қаптап келіп жатқан қазақ жастарының жағдайын ойлау қазақ тілін қақпайтын және қажет деп таппайтын, қазақтың әлемдік мәдениетке қосылар ең қасиетті келін тәрбиесі институтын "Келинкамен" келеке еткен сайқымазақ Нуртас Адамбайдың мишығына кіреді екен дегенге біреу сене ме? Қатындардың рөлін ғана ойнамай, тірлігін де өмірде істеп жүрген ол да ғаламторда "Ақ жолдың" ақ ниетін бұрмалап, өсек-аяңын жариялап жүр дейді.. Жүре берсін, айта берсін... сүйікті рөлі һәм тірлігі ғой...
Ал "Ақ жолдың" депуатттық сауалының мақсаты және оның негізсіз бұрмалануы туралы Азат Перуашевтың өзі бірнеше БАҚ-та сұхбат берді:
"Мен, «Ақ жол» фракциясы атынан, жақсы жабдықталған, көріктендірілген жатақханаларды салуды ұсындым. Ал «әжетханасы жоқ пәтерлер» жайлы сыбысты басқа біреу таратты, менің сөйлеген сөзімнен бес секундтық ролик қиып алып, желіге салып жіберді. Онда неге менің сөйлеген сөзімді толық көрсетпеске?
Мынау орыс тілді БАҚ-тың қарсы шыққанына мен таң қалған жоқпын. Естеріңізде болса, бір-екі апта бұрын мен Парламентте «Қазақстан азаматтығын алу үшін, қазақ тілінен және тарихынан емтихан тапсыру керек» деген бастама көтердім. Ол кезде де орыс тілді БАҚ өре-түрегеліп қарсы шыққан.
Менің бұл ұсынысым – ауылдан қалаға келіп жұмыс істеп жүрген еліміздің жастарын қолдау. Қазір базарлардың маңына барып тексерсеңіз, көресіз: біреудің ауласында 10-15 отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатыр. Олар жетіскенен жүрген жоқ. Баспана алуға, ипотека төлеуге мүмкіншілігі жоқ. Бұндай азаматтар қаншама?.. Олар да біздің елдің азаматтары. Үкімет қабылдаған «Нұрлы жер» деген бағдарламада уақытша баспана беру мәселесі көтерілген еді. Бірақ, ол бойынша тек әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың ішінде қала азаматтары ғана баспана ала алады. Қалғандары бұл санатқа кірмейді.
Біз жұмыс іздеп қалаға келген жастарды кері итермеуіміз керек! Болашақ министрлер, болашақ құрылысшылар, болашақ банкирлер солардың арасында жүр. Мына жоба бойынша біз бірінші кезекте сол жастарды қолдаймыз".
Иә, осы жастар ғой, өздеріне тиер жалғыз мүмкіндік -жатақханалар салуға қарсы шыққандарға ызаланып, "Бізге деген үкімет салып беретін жатақхананы да қимайтындар болса, онда олар бізді кең сарайдай үйлеріне тұрғызсын"-деп отырған. Олар қолдарына түссе, "мүгедекті жекпе-жекке шақырғыш" Тәңірберген Бердіоңғардың, депутаттарды сабауға құмар экс-депутат Мұхтар Тінікеевтің сазайын беретіндерін жазып жатыр. Ал "келинканы" әзірге атамапты, атын айтуға намыстанған шығар...
"Ақ жол" партиясының "Тұрғын үй құрылыс банкімен" бірлесіп өткізген дөңгелек үстелінде осы баспанаға байланысты "жастарға жатақхана керек" деп, өзекті мәселені көтерген журналистердің бірі Нұргелді Әбдіғани: "Өткен жылғы уақытша тіркеу кезінде ресми түрде 690 мың ішкі мигрант тіркеліпті. Шын мәнінде бұл көрсеткіш әлдеқайда көп екені түсінікті. Демек, 690 мың баспанасыз Қазақстанда бар деген сөз"-дейді. 2016 жылы тұрғындары 2 миллионға жеткен ең үлкен мегаполис Алматыда ҚСЗИ жүргізген деректерге сүйенсек, 70 пайыз халқы өзге қалалардан келгендер екен. Олардың 50,7 пайызы ішкі мигранттар. Ал ендеше, бұдан кейін сайтта ғана сарнап отыра беруге бола ма?
Сондықтан, тағы да айтамыз, мәселенің мәнісін түсініп, байыбына барып, байлам жасау керек. Ең алдымен ауылдан келген қазақ жастарының, жалпы қазақтың басты мәселесі – баспаналы болуды шешу – жылдан жылға қордаланып келе жатқан қоғамдық-әлеуметтік ең күрделі де, маңызды мәселені шешу болып табылатынын ойлайық.
Елбасының жастарды баспанамен қамтамасыз ету туралы нұсқауларына сәйкес, Азат Перуашев көтерген жастар үшін құны арзан, қолжетімді баспаналар салу мәселесін Үкімет қолдауы тиіс. Бұл мәселені "Тұрғын үй құрылыс банкі" де, құрылыс компаниялары да қолдауға дайын екендіктерін әлден мәлімдеп жатыр.
Ендеше, әлеуметтік желіде айтысқанша, әлеуметтің қамын ойлап, жағдайын жасайық!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz