Қытайдың бас газеті Димаш туралы не дейді?
2017 ж. 16 сәуір
5339
5
Қытай Халық Республикасының бас басылымы «Халық газетінің» кешегі (14.04.2017) шығарылымында Димаш Құдайбергенов туралы арнайы мақала жарық көрді.
«Қытай мен Қазақстанның мәдениет саласындағы қарым-қатынасын ән әуенімен жаңа белеске көтерді. Ол Қытайдың өнер сахнасында асқақтата ән шырқап, аз уақыттың ішінде-ақ сансыз жанкүйерлердің қолдауына ие болды. Ол екі ел арасындағы мәдениет ауыс-түйісі мен халық тілегінің тоғысуына көпір болу үшін барынша талпынды.
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық селбестік форумына бір ай уақыт қалды, осы сәтке орай мәдениеттің жарқын жаршысы болған жас жігітпен жақын танысайық», деп бастайды мақала авторлары Рын Шаншан мен Каң Ян. Төменде мақала мазмұнынан үзінділер ұсынамыз.
Димаш асқақ әнімен араға көпір салды
Көк көстюм киген жігіт баяу басып, бұлыңғыр тартқан сахнаның ортасына келіп, күйзелісті күңіреніспен басталатын «Adagio» әнін нашына келтіре шырқай жөнелді. Күйсандықтан құйқылжыған музыка әуені аққудың мамығындай майда дауыспен жарыса көтерілді. Хунан телеарнасының 6-ші кезекті өтіп отырған «Мен әншімін» атты бағдарламасында 500 көрерменінің таңдауымен, біріншілік сол сахнадағы ең жас әнші Димашқа бұйырды. Димаш 1994 жылы Қытаймен көршілес жатқан қазақ елінде дүние есігін ашқан. Қазақтың ата салты бойынша, атасы мен әжесінің қолында өскен екен. Атасы домбырашы, әжесі әнші, ата-анасы да әйгілі музыканттар еді. Осындай отбасында ержеткен Димаш та кішкентайынан ән-күйге әуес болды. Димаш 2010 жылы 16 жасында халықаралық ән бәсекесінде Бас жүлдені қанжығасына байлады, 2015 жылы қазанда Түркияның Ыстанбұл қаласында өткізілген Азия көлеміндегі халықаралық музыка фестивалына Қазақстан атынан қатынасты, қазақ елінде жанкүйерлер Димашты елдің мақтанышы деп қарайды. Ол түрлі ән стилдеріне жаттығып, кең таралған әндерді, еуропаша әуендерді және түрлі құлпырма үнді әндерді айту тәсілдерін меңгерді. Анасы: Димаштың өздігінен үйрену қабылеті жоғары, дауыс аумағын кеңейтуге де өзі жаттыққан, төрт октава арасында емін-еркін шырқай алады, - дейді. Түрлі тілдердегі операларды шырқау үшін Димаш неміс, украин, түрік тілдерін үйренген. Қазір ол қытай тілін үйрену үшін қолынан қытайша сөздігін тастамайды. Музыкада мемлекет пен тіл шекарасы болмайды. Димаштың Қытайда ән шырқауы оның қытайлық көрермендермен таныстығының бастамасы, әрі Қазақстанды Қытайға, Қытайды Қазақстанға таныстыруға көпір болды деуге болады. Жақында Қазақстандағы "Хабар" телеарнасы «Мен әншімін» бағдарламасын көрсететін болды. Жартылай шешуші жарыс кездерінде де Қазақстанның Қытайдағы елшісі студияға келіп, Димашқа қолдау көрсетті. Димаш қазақстандықтардың мақтанышы. Олар Димаш арқылы қытайлық әншілермен, Қытай мәдениетімен ішкерілей танысты. Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылар: Қытайдың эстрадасы тартымды екен, Димаш Қытайдың көркемөнерімен танысуымызға дәнекер болды, - дейді. Қытай мәдениетін таныстыру елшісі ретінде, Димаш Чыңдуға барып, мемлекеттік брендіміз мысық аюды көрді, Чыңдудағы дәстүрлі мәдениетімізді айғақтайтын арнайы дайындалған көшелерді аралап, Чыңдудағы мәдениеттің мән-маңызымен танысты. Димаш Чыңдудағы сапарын үнемі еске алады, өте-мөте, Чыңдудағы музыкалық орта оған ерекше әсер қалдырыпты. Қарт өнерпаздардың, балалардың өнері, бетқалқа құбылту өнері сынды Қытайдың дәстүрлі көркемөнері мен музыка өнері оның есінен берік орын алыпты. Димаш әсем әуені мен жай іс-әрекеттері арқылы екі ел арасындағы мәдениет ауыс-түйісін және екі ел халқының тілегін тоғыстырды. Жарыс барысында ол Қазақстан мен Қытайдың музыкасын бірнеше рет тоғыстыра орындап сынап көрді, натижесінің сәтті болғанын көрдік. Алдағы жерде ол Қытайда жиі өнер көрсетеді, қытайлық әншілерден үйренгені мен өзінің Қытайдан көрген-білгендерін Қазақстан халқына жеткізеді. Қазақ елінен келген жас әнші алдағы сапарында өзінің арманына талмай қанат қағып, ән әуенін асқақтата береді деп сенеміз. Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ «Егемен Қазақстан»