17 жастағы қызды күйеуі намазды дұрыс оқымағаны үшін ұрып өлтірген болып шықты
2017 ж. 14 сәуір
3865
2
17 жастағы Ақырыс Қозыбайдың ауыр соққылар алып, артынша қайтыс болғаны туралы мәліметтер таяуда Желіде пайда болған еді. Ал кейін қызды 21 жастағы күйеуінің ұрып өлтіргені белгілі болды. Бұл туралы Lada.kz-ке сілтеме жасап tengrinews.kz хабарлады.
Олардың отасқанына екі аптаға ғана болған екен. Ерлі-зайыптылар 1 сәуірде үйленген.
17 жастағы Ақырыс Қозыбай 13 сәуірде, кеше жер қойнына тапсырылды. Ал ер адам 12 жылға сотталуы мүмкін.
Ал осыған дейін Маңғыстау тұрғындарының бірі қайтыс болған қыздың Жармыш ауылының тумасы екенін және Ақтау қаласында әпкесінің үйінде тұрғанын хабарлаған. Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиға алдында ер адам қызбен ұрысып қалып, кейін Сайын Шапағатов ауылындағы бір туысының үйіне кетіп қалған. Ол жақта қыз туған күн тойлауға шыққан. Ақырысты бір жігіт сол жерден алып қашып, соққының астына алған. Ауруханаға түскен 17 жастағы қыз есін жимастан көз жұмған.
"Әзірше біз ештеңе білмейміз, тек Ақырысты намазды дұрыс оқымағаны үшін күйеуінің ұрғанын білеміз. Басқа мән-жайды білмейміз. Тергеу аяқталған соң ғана жауабын аламыз. Ер адам лайықты жазасын алады деп сенеміз", - дейді Ақырыстың достары.
Маңғыстау облыстық ІІД қыздың зорлық белгілерінен қайтыс болғанын растап берді. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
"9 сәуірде шамамен 23:00-де 1996 жылғы жігіт 1999 жылғы кәмелет жасына толмаған қызға күш қолданып, соққының астына алған. Қыз бала облыстық ауруханаға жеткізілген, алайда ол есін жимастан қайтыс болды", - деді Маңғыстау облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің өкілі.
Осы дерекке қатысты Маңғыстау облыстық ІІД сотқа дейінгі тергеу шараларын ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша жүргізіп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.