«Ақ жол»: Дене тәрбиесі сабағына басымдық берілуі керек
2017 ж. 04 сәуір
2511
1
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевқа Депутаттық сауал
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Ресми статистикаға сүйенетін болсақ, мектеп түлектерінің 80%-ға жуығының денсаулықтарында түрлі ауытқулар болса, біраз бөлігі ішімдікке әуес болып, есірткі мен темекіге тәуелді екені анықталған. Бұл әлеуметтік экономикалық қиындықтардың ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын ұйымдастыра алмай, алтын уақыттарын ерігумен өткізіп, салауатты өмір салтын ұстанбауының салдары. Бүгінде дереккөздердің мағлұматы бойынша жастарымыздың 30%-дан кемі ғана дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысса, дамыған мемлекеттерде бұл қоғамның маңызды көрсеткіші 70%-ды құрайды. Кең ауқымды халықаралық тәжірбие, жат қылықтарды төмендету үшін, бағаны көтеріп, тиым салу шаралары ғана емес, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мен спортқа тартудың да аса маңыздылығын көрсетті. Осы орайда, 2012 жылдың өзінде Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында: «Егер біз Қазақстандағы өмір жасы Европадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай ақ әрбір мекемеде белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек» деп атап өткен. Сол уақытта, ҚР Үкіметінің, 2007 жылғы 29-желтоқсанындағы Қаулысына сәйкес денешынықтыру мұғалімдері сабақтан тыс секциялар жүргізгені үшін айына жеті мың теңгеден сәл аса үстеме ақы алатын еді. Оның өзі де білім беру мекемелерінің тек жартысын ғана қамтитын. Бұл көлге тамған көздің жасындай аз тиын-тебен қандай маманның қай жеріне жамау болады. Егер оқушылардың қалыпты жаттығуы жұмасына үш рет болады деп есептесек, бір сабағы үшін жаттықтырушы 583 теңге алады екен. Яғни жарты келі қиярдың құны. Осы «қыруар» сома күн де, үш сағатқа жуық сабақтан тыс жұмыс істеуге, күш қуаты бойында, отбасын асырап отырған азаматты қызықтыра ма деген сұрақ туады. Естеріңізге сала кетейін, бүгінде бір баланың бір сағаттық дайындығы 2000 теңге көлемінде болса, кәсіби бір жаттығу құны 5000 теңгенің көлемінде. Президенттің Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамын қалыптастыру туралы тапсырмасынан кейін көптеген денешынықтыру, шығармашылық пәндердің мұғалімдері, ата-аналар мен оқушылар, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерді жандандыратын ұстаздардың еңбектері нақты бағаланады деп қатты үміттенген еді. Бұл шаралар іске асса, далада жүрген көп бала көше тәрбиесін емес, пайдалы іспен айналысар еді. Бірақ бұл үкілі үміт үш жарым жылға созылып, Президенттің тікелей тапсырмасына қарамастан, керісінше 2015 жылдың 31-желтоқсанындағы Үкімет қаулысымен тіпті бұрын болған осы аз қаражаттың өзі де алынып тасталды. Әрине, барша бала Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев,Ольга Рыпакова немесе Дима Баландин сияқты олимпиада чемпионы болмас. Оның керегі де жоқ шығар, елімізге жүгіріп-секіріп, күресіп, жүзетіндер ғана емес, сонымен қатар өнім өндіріп, үй салып, ғарышқа ұшатындар да керек. Бізге өз сенімсіздігін жеңетін, ащы терді төге білетін, сынақтардан сынбай өтетін жастар керек. Осының барлығына, Елбасы тапсырғандай, еңбекке жол ашатын – мектептердегі бұқаралық спорт деп білеміз. Жоғарыда айтылғанға байланысты, бақандай 5жыл уақыт өтсе де, өскелең ұрпақ денсаулығының қоғамды алаңдатар тұстарын ескере отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы Үкіметті, цитата: ҚР «Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бөджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз етсін» деген Елбасының тапсырмасына қайта оралуыңызды сұраймыз. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары qazaquni.kz