СОТҚА ШЕГІНЕР ЖЕР ҚАЛМАЙ БАРАДЫ...
2017 ж. 15 наурыз
2148
0
«Қазақ үні» газетінде бұған дейін 2016 жылдың 6-желтоқсанында «Балаң сотталады! Кінәсі болмаса да!» және 2017 жылдың 31-қаңтары күні «Біз түбінде жеңіске жетеміз» деген екі мақала жариялаған болатынбыз. Ол мақалалар Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы сотының шешімімен жазықсыз сотталған Қылмыстық атқару жүйесі қызметі (ҚАЖҚ) «Пробация» мекемесінің қызметкері Өмірзақ Бөртебаевтың тағдырына арналған еді.
ОҚО сотының апелляциялық алқасы осы алқаның төрағасы З.Пірнияз мырзаның төрағалық етуімен сот тергеуі барысында біз берген талап-өтініштерді (ходатайства) түгел қарамастан, алғашқы сот үкімін асығыс-үсігіс бекітіп жіберген еді. Бірақ, сот үкімі күшіне еніп кетсе де, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 127-бабына сәйкес тергеу мен сот барысында орын алған заң бұзушылықтарды зерттеуге, табуға, негіздеуге және ұсынуға ешкім кедергі бола алмайды. Ал, аталған істе заңды бұра тартушылық жиі орын алуына байланысты жаңадан ашылған мән-жай көп. Біз олардың бәрін бірдей бермей, жеке-жеке алға тартып, біртіндеп беріп жатырмыз. Мысалы, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 499-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот барысындағы жалған куәлік берушілікті дәлелдедік. Куәлердің жалған сөздері аудио және бейнежазбаларда, сот хаттамасында көрсетілген. Ал, ол сөздердің жалған екендігін Қылмыстық түзету жүйесінің облыстық мекемесі берген анықтама қылмыстық іске қатысты екі адамның да – Т.Әбдіхалықов пен Ө.Бөртебаевтың – аға инспектор екенін дәлелдеп отыр. Қылмыстық айыптау Ө.Бөртебаевтың қызметі үлкен деген негізге құрылған болатын. Және ҚАЖҚ департаменті бастығы Б.Қуандықовтың 12.08.2015 жылғы 79-бұйрығына сәйкес аға инспектор м.а. Т.Әбдіхалықов аға инспектор болып тағайындалған (1-сурет). Т.Әбдіхалықовқа 2016 жылдың 14-сәуірінде (қылмыстық іс қозғалғаннан кейін) берілген қызметтік сипаттамада инспектор деп берілген...
Біз «бұндай жалған қадам жасаушы облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғаңыздар» деп прокуратураға өтінішхат жіберіп едік, олар бұны қаржы полициясына тапсырды. Қаржы полициясы болса, сірә, прокуратура жаңылысқан деп, оның қатесін түзеткісі келген болуы керек, хатымызды Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өзіне жіберіпті. Біз ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау туралы» №221-заңының 10-бабының 1-бөлігінің, сондай-ақ ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің «хатты үстінен шағым жасалған тұлғаның өзіне жіберуге болмайды» дейтін 499-бабының 1-бөлігінің талабын бұзды деп, облыстық қаржы полициясын сотқа бердік. Ол өтінішімізді Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық соты қабылдағысы келмей, ақыры республикалық холл-орталыққа телефон шалып жүріп, бір жарым сағаттан соң амалсыз қабылдады. Бұл – өте сирек болатын жағдай! Біз соттан оның «қаржы полициясы заңды бұзды» деп тануын талап етіп отырмыз.
Кеше қаржы полициясынан барған хатты бізге қарай «футбол добы» етіп лақтырып жіберген Өзіндік қауіпсіздік басқармасының хатына қолданыстағы бар заңдарға сүйене отырып, олар халықтың хатын олай бір, бұлай бір қақпақыл жасай алмайтын болуы үшін істеп отырған әрекеттері заңсыз екенін дәлелдеп жауап жазып отырмын. Олар соттың шешімі шығып қойды деген сөзді желеу етіп, жаңадан ашылған мән-жайларға қатысты нақты жауаптан жалтарып кете алмаулары керек. Жоғарыда айтылған ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің «Преюдиция туралы» заңының 127-бабы осыны талап етеді.
Біз жақында Маңғыстау облысының криминалды полиция басқармасынан жәбірленуші, «менен Т.Әбдіхалықов ақша талап етті» деп арыз түсіріп, кейін өзі сот кезінде табылмай, жоғалып кеткен Б.Шодиметов жайлы сауалымызға да жауап алдық. 10.09.2016ж. Сайрам аудандық сотының төрағасы Н.Шетенов Б.Шодиметовке іздеу салу жайлы қаулы шығарады (2-сурет). Бірақ, тиісті органдарға оны тек бір айдан асқан соң барып, 11-қазан күні ғана жібере бастайды. Ол екі ортада, 29.09.2016 жылы Ө.Бөртебаевты 7 жылға бас бостандығынан айырған сот үкімі де шығады. Н.Шетенов неге осынша уақыт өз қаулысын дүмінің астына басып отырды? Сот біткенше Б.Шодиметовтің табылғаны сотқа да, тергеушіге де керек болмаған. Екіншіден, Сайрам құқық қорғау орындары б.Шодиметовтің Ақтаудағы мекен-жайы қайда екенін жақсы білген – Маңғыстаудан келген жауап хатта оның адресі анық көрсетіліп тұр! «27 м/а, 75 үй, 35 пәтер тұрғыны Б.Шодиметовті 07.11.2016ж. ұстап әкетті» делінген онда. Яғни, бұл жерде аудандық сот, полиция және прокуратура облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының көрсеткіші бұзылмауына жұмыс істеп отыр. Біз аталған мекемелердің жұмысына қарап, осылай болжам жасауға мәжбүрміз.
Одан бөлек, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша облыстық сотқа жолдаған хатымызды олар облыстық прокуратураға жіберіпті. Мақсаты – облыстың соты прокуратураға «өзіңнің жауабыңа сәйкес ия сотты жалғастырамыз, ия болмаса жаңадан ашылған мән-жай жоқ» деп істі қысқартамыз» деген ишара жасау болса керек...
Біз кәзір мәреге жақындап қалдық. Облыстық прокуратураға бұдан біраз уақыт бұрын жаңадан ашылған мән-жайлар туралы хат жіберген болатынбыз. Олар әдеттегідей облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының кінәсін дәлелдегенімізді мойындамай, аталмыш істі «жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарауға негіз жоқ» деп жауап қайтарыпты. Онымен де қоймапты, «Т.Әбдіхалықов аға инспектор болып істеді деген анықтама қате берілген, кінәлі жазаланды деп жазыпты (3-сурет). Сонда Б.Қуандықов мырзаның бұйрығының жалған бұйрық болып шыққаны ма? Демек, бұл мекеменің позициясы да айқындалды деп есептейтін боламыз...
Бұдан бөлек бізге бірнеше ай бойы соттағылар 23.09.2016 жылы сот отырысы болмады деп келген еді. Бұлтартпас дәлелдер келтіріп жүріп, оның болғанын да мойындаттық (4-сурет). Қызығы, судья С.Қабыловадан кейін бір апта өткен соң Сайрам аудандық сот төрағасы Тыныбеков «23.09.2016 жылы сот отырсы болған жоқ» деп хат жіберіпті (5-сурет)... Орыстың «что делает правая рука, левая не знает» дейтін сөзі осындайдан шыққан ғой...
Тағы бір жеңісіміз: қылмыстық істің ашылуына сотталған Т.Әбдіхалықов пен жәбірленуші Б.Тошиметовтің арасында жасырын жазылып алынған аудиожазба негіз болған еді. Бірақ, істе оның стенограммасы ғана тіркеліп, аудиожазбаның өзі «таптырмай» келген. Жақында табандылығымыздың арқасында ол жазба да табылды.
Қысқасы, біз мақсатымызға күн санап жақындап келеміз, соттардың шегінер жері күн санап азайып барады...
Жаңабек Әбішев, заңгер
qazaquni.kz