Көр қазушыларға басшылары айына 12 адам жерлеуге жоспар белгілеген
2017 ж. 08 наурыз
3492
4
Шымкенттің «Самал» базарына жақын маңда «Ақмырзабай ата» деп аталатын мазарат жатыр. Жергілікті азаматтардың айтуынша, оның бір ғасырға жуық тарихы бар. Төңіректегі «Тельман» бөлімшесінің және басқа да аумақтардың тұрғындары марқұм болған туыстарын осы қорымға апарып жерлейді.
Міне, бүгінде осы «Ақмырзабай ата» мазаратында көр қазушы болып істейтін азаматтар мен жерлеу қызметін көрсететін «Ритуал» серіктестігі басшысының арасында келіспеушілік туындап отыр, деп жазады "Замана" газеті.
Бұл дау «Ритуал» серіктестігінің көр қазушыларға жоспар міндеттеуінен бастау алған. Аталған мазаратта көр қазу жұмысын үш азамат атқарады екен. Солардың бірі – Сабыржан Кәрімов деген жігіттің үйі мазаратқа жақын жерде екен. Мәселенің жай-жапсарын білмек мақсатта үйіне барған едік, Сабыржан үйінде жоқ болып шықты. Әйелінен телефон нөмірін алып хабарласқанымызда ол өзінің бір шаруалармен сыртта жүргенін, жуық арада келе алмайтынын айтты. «Бәрінен хабардар, сізге не болып жатқанын сол кісі айтып бере алады», – деп Бақытжан деген кісінің телефон нөмірін берді.
Хабарласып, мән-жайды түсіндіргесін ол кісі жанына бірер ауылдастарын ертіп келетінін, күте тұруымыз керектігін айтты. Осы екі арада С.Кәрімовтің әйелінен оның қайын атасы, яғни күйеуі Сабыржанның әкесі де көр қазушы болып жұмыс істегенін, осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болғанын естідік. Сабыржанның өз міндетін адал орындайтынын, кейде мазаратқа ешкімі жоқ адамдардың мүрдесін әкелгенде де мұсылман салтымен жерлейтіндерін білдік.
Арада көп өтпей жанына бірер ауылдастарын ертіп Бақытжан деген азамат та келді.
«Бздің бәріміз «Ритуалдың» көр қазушыларға айына 12 адамға жоспар бересіңдер дегеніне наразымыз, – деді өзін Бақытжан Болатұлы Қасымовпын деп таныстырған жігіт ағасы (суретте). – Мен мына ауылда тұрамын. Бұл мазаратта біздің аталарымыз, туыстарымыз жерленген. Сондықтан болып жатқан оқиғаға бейжай қарай алмаймыз.
«План» қойған деген не сұмдық?! Бұрын мұндай болған емес. Бәрі өткен желтоқсан айынан басталды. Алғашында «планды» 24 мәйітке бергізбек болды, жұрт шулап, қарсы шыққасын оны 18-ге кемітті, енді осы ақпан айынан бастап 12 көр қазуға жоспар беріп отыр. Марқұмның туыстары қабірге бөлінетін жер үшін 8 мың теңге төлейді, осыны мәйіт басына шаққанда «Ритуалға» айына 96 мың теңге төлеу керек екен. Ал көр қазушылар мұндай жоспарды қалай орындайды? Адамның ажал құшуы бір Құдайдан емес пе? Бір айда 12 адам өледі деп кім кепілдік беріп айта алады? Міне, қазір үш-төрт күн болды, көр қазушыларға жұмыс жоқ, олар бос жүр. Олардың кей айларда оншақты қабір қазуларына тура келеді, кейде одан да асуы мүмкін. Бірақ күн сайын емес қой. Ал көр қазушылардың үшеуінің алатыны – 30 мың теңге, оны да кейінгі кездері төлемей қойыпты.
Жерлеу бюросы мазаратты материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз еткен емес. Мысалы, марқұмды жерлегенде оның «ішкі үйіне» кірпіш керек. Қазақтар мен өзбектер оған 20 қыш қояды, татар, түріктер 40 қыш қояды. «Ритуал» мекемесі осындай кірпішті әкеліп берген емес, көр қазушылар оны марқұмның туыстарынан сұрауға мәжбүр.
Мұнда жолдар нашар, су жоқ. Мазарат ішіндегі аяқжолдарды кезінде ауыл адамдары салғызған, су жүйесін де ауылдастарымыз тартқызған. Кейін ақшасын төлемеді деп құбырды қырқып тастады. Мазаратқа туыстарының басына зиярат етуге келетін адамдар дәрет алатын су табылмайды. Ағаштарды суғаруға да су жоқ. Жолдар жөнделмеген. «Ритуал» түкті де бітірмей, енді көр қазушыларға «план» міндеттеп отыр. Мұны не деп түсінеміз? Әділдік қайда?»
Б.Қасымов осылай дейді. Қысқасы, көр қазушылар аталған серіктестік басшысына айына 12 мәйіттің «квитанциясын өткізу деген жоспар болмасын, қанша мәйіт жерленеді, ақша соған ғана төленеді, «Ритуал» мазарат ішінің жағдайын жөндесін деген талаптар қойып отыр екен. «Ауыл тұрғындары да осындай пікірде», – дейді Б.Қасымов.
Білгеніміз, «Ритуал» ЖШС-і жұмысшыларының айлық жалақысы ақталуы, басқа да шығындарының өтелуі керектігін алға тартып, бұл талапқа көнбей отырған көрінеді. Ал кейбір кісілердің айтуынша, мұның астарында жекелеген адамдардың ішкі есебі болуы да мүмкін деседі.
Қалай болғанда да мазарат төңірегінен осындай жайсыз әңгіме шығып тұр. Шынында да көр қазуға «план» белгілеп беру деген сұмдық нәрсе емес пе?