Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауданының «Майқапшағай» кедендік бекетінен Қазақ еліне Қытайдан көшіп келе жатқан жесір ананың 49 900 АҚШ долларын шекарашылар тәркілеп алған. Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
Шекарашылар Қытайдан келе жатқан жесір ананың бар ақшасын тәркілеп алды
2017 ж. 08 наурыз
5000
15
Өмір бойы жиған-тергенінен бір-ақ сәтте Қазақстан шекарасына келіп айырылған ананың қазіргі жағдайы ауыр.
Оқиғаның толық мән-жайы былай...
Мәуітхан Гүлжан ақпан айының 8-і күні Қытайдан Қазақстанға балаларымен және інісімен бірге көшіп келу үшін ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бекетінен өтеді.
Күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен.
Шекарадан өткен екі кішкентай баламен қоса есептегенде жеті адамның қалтасында жалпы жиыны 59,900 АҚШ доллары болған. Яғни, Мәуітхан Гүлжанның өзінде - 19,700, бірге туған інісі Мәуітхан Мұқияттың қалтасында - 10,500, ұлы Мұқташұлы Әділбектің жанында - 9,900, жиені Сайлан Мейрамбектің қалтасында - 9,900, жиен келіні Гүлжанат Солтікеннің қалтасында 9,900 АҚШ долары болған.
Гүлжан Мәуітханның айтуынша, оларды Майқапшағай кеден бекетіндегі шекара қызметкерлері бақылау терминалынан «құжаттарыңыз толық, бәрі заңды» деп өткізген.
«Шекара торынан Қазақстанға қарай шығарып салатын автобусқа отырған кезімізде артымыздан қуып келіп, қайта тексерді. Меніңше, бұлай істеуі заңға қайшы. Сосын, бәрімізді бақылау терминалына қайта тізіп алып кіріп, шешіндіріп, қойны-қонышымызды ақтарды. Тіпті, жылағанына қарамай, 3 жастағы және 8 жастағы екі баланы да шешіндіріп, тұла бойын тінтіп шықты. Жоғарыда аталған бесеуміздің қалтамыздан шыққан 59,900 АҚШ долларын түгелдей сыпырып алды. Бізде жолда тамақ алып ішетін, жолға төлейтін, қонақ үйге жататын көк тиын ақшамыз қалмай, екі ортада дағдарып қалдық. Ақыры бір таныс кісілердің көмегімен Зайсан қаласына келген кезде менің жүрек ауруым ұстап, есімнен танып, жедел жәрдеммен емханадан бір-ақ шықтым. Ол жерде де тағы бір қырсық дайын тұр екен. Көші-қон заңы бойынша, Қазақстан азаматтығын алғанша осы елдің азаматы ретінде қаралатын «ықтиярхат» куәлігім болса да емханадағылар: «Сіз шетел азаматы екенсіз. Емделуіңіз де ақылы болады» деп басымызды қатырды. Шырқырап жүгірген ұлым Алматыдағы таныстарынан ақша алдырып, емханаға жатып, зорға аман қалдым», – дейді ол.
«Атажұртым бар» деп алыстан ат терлетіп келген жесір ананың басындағы бұл ауыр жағдай туралы енді құзырлы орындарға арыздану үміті тұр.
«Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 1997 жылғы 18 шілде күнгі №10 нормативтік қаулысының 6-2 бөлімінде «Адам қолма-қол және (немесе) ұлттық валюта және (немесе) жол шектері контрабандасын жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын, яғни, баламасы 10 мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі оның бөлігі контрабанда мүлкі ретінде танылмайды және адамға тағылған айып көлеміне енбейді. Осы сома иесіне қайтарылуы тиіс», - деп анық көрсетілген.
Ал шекарадан өткен кезде декларация толтырмаған жағдайда белгіленген көлемнен көп емес мөлшерде асып кеткен ақшаға заң бойынша айыппұл салынып, иесіне қайтарылуы тиіс дейді заңгерлер.
Олардың қолындағы бұл ақшаның қайдан алынғаны жайлы Қытайдың Көктоғай аудандық құрылыс басқармасының анықтама қағазы да бар.
«Ал оқиға болған кезде шекарашылар орысша сөйлеп, бізге тіпті, не жағдай болғанын да ашық түсіндірмеді. Кеден қызметкерлері әрқайсымызды бөлек-бөлек үйге кіргізіп алып, қоқан-лоқы жасап, сұраққа алды. Қысқасы, інім Мұқият пен ұлым Әділбекке, жиенім Сайлан мен жиен келінім Гүлжанатқа: «Бұл ақшалардың бәрі жеке өздеріңдікі емес, бір адамға тиесілі. Соны ашық мойындаңдар, әйтпесе, дәл қазір қамауға аламыз. Сосын паспорттарыңа қара таңба басып, шекарадан Қытайға қайта қуамыз!», - деп қорқытқан. Қытай елінде туып-өскен, орысша білмейтін, кириллица жазуын түсінбейтін, Қазақ елінің заңдарымен таныс емес олар, қорыққанынан шекарашылар не деп айт десе, солай айтып, түсініктеме және тергеу қағаздарына қол қойып берген. Сұрақ сұрау кезінде қастарында не аудармашы, не заңдық қорғаушы болмаған. Ақыры олар барлық ақшаны маған тиесілі етіп көрсетіп, қағаздар толтырып, менің мойыныма қылмыстық жауапкершілікті артып, бір өмір жиған қаржымды тартып алды. Анығында ол ақшаның бәрі жеке өзіме емес, балаларыма, ініме тиесілі болатын», – дейді Гүлжан Мәуітхан.
Бірнеше күн өткен соң тергеушілер келіп, мән-жайды түсіндірген әрі Зайсан ауданындағы экономикалық тергеу бөліміне шақырып алып, Гүлжан Мәуітханға: «Заң бойынша сізге тиесілі ақша осы» деп қолына 10 мың АҚШ долларын қайтарып берген. Қалған 49,900 АҚШ доллары ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер депертаментіне жіберілгені жайлы айтқан.
Сонымен, не Қытайға қайта алмай, не Қазақстанда тұрақтап тұра алмай, ауыр күйге түсіп, жолы кесіліп, бар ақшасынан айырылған көңілі қапалы, жаны жаралы ананың мұң-зарын тыңдар құлақ табылса деп тілейміз.