22 жастағы астаналық мұғалім оқушы қыздардың денесіне қол жүгіртіп, қырындаған
2017 ж. 27 ақпан
5649
9
Жетінші сынып оқушысының анасы елордалық №58 мектепте сынып жетекшінің қызына қол жүгірткенін мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Телефон арқылы Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат берген қыздың анасы 14 ақпан күні қызының мектептен жылап келгендігін айтты. Ол "мұғалім сабақ соңынан алып қалып, қолым мен иығымнан сипады" деп айтыпты. Оқушының сөзіне сүйенсек, мұғалім "басқа қыздарға да тиіседі", бірақ олар мұны айтуға қорқады екен. Бұдан бұрын сынып жетекшісі дене шынықтыру кезінде мұғалімге байқаусызда доп тигізіп алған ер баланы ұрып жіберген.
Ата-ананың айтуынша, 18 ақпан күні мектепте жиналыс өтіпті, бірақ директор да, мектеп психологы да қатыспаған. Есесіне жиналысқа келген оқу ісі меңгерушісі мен өзге мұғалімдер әріптестерін мақтап, болған оқиғаның түсінбеушілік екенін айтқан.
"Мен мұғаліммен сөйлестім, жасы 22-де. Мектепке қараша айында орналасқан, екінші тоқсанда. Басында жылап, ештеңе айта алмады. Мұғалімдер оны қорғаштап еді, өзгеріп сала берді. Қызымды сипағанын мойындап, мұны оқушыларымды жақсы көргеннен деді. Басқа қыздарға тиіспегенін айтып, тіпті ер баланы ұрып жібергенін де жоққа шығарды. Ол жайтты бүкіл сынып көрген болатын. Мені жала жапты деп айыптауға тырысты", — дейді оқушы қыздың анасы.
Осы оқиға әлеуметтік желілерде таралып кеткен соң, мұғалімнің әпкесі қыздың анасына хабарласып, бауыры үшін кешірім сұраған. Кейін мұғалімнің өзі де қоңырау шалған екен.