БАҚ: Орысша ғана сөйлейді. Әсет Исекешев Мәскеудің мэрі ме?
2017 ж. 17 ақпан
3930
7
Кеше Астана әкімі Әсет Исекешев Елорда тұрғындарының алдында есеп берді. Әкім кездесуде бас қалада өткен жылы атқарылған және болашақта жасалатын шаруалар туралы айтты.
Әрине, әкімнің баяндамасынан Астанада қыруар шаруа атқарылып жатқан тәрізді. Алайда тұрғындардың сұрақтары баяндамада айтылған кереметтерге кереғар келіп жатты. Соңғы кездері қала әкімінің facebook—тегі парақшасы мен мен WhatsApp-тағы нөмірі халықтың талап-тілегін тыңдап жүр. Десек те, үлескерлер әлеуметтік желіге бірнеше рет хат жазғанымен, әкім тарапынан жауап болмағанын айтып шағымданды.
Ал қаланың қарт тұрғыны Әсет Өрентайұлын қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтен үлгі алуға шақырды. Қарияның айтуынша, Әуелбеков резіңке етігін киіп алып, тұрғындармен жақын қарым-қатынас жасайтын. Ал Әсет Исекешев болса, жылы кабинетінен ұзап шықпайтын әкім болып отыр.
Астанаға сырттан келгіштер неге үй алғыш?
Қала тұрғындары бірнеше жыл бұрын пәтер кезегіне тұрғанымен, өз кезектерін таппай қалғанын айтты. Бұл сұраққа Әсет Өрентайұлы мардымды жауап бере алмады. Тельман кентінің тұрғыны 2000 жылы пәтер алу үшін арнайы кезекке тұрған көрінеді. Бір қызығы оның пәтерде тұрған кезегі «жоғалып» кеткен.
– Өзімнің кезегім жоғалып кеткеннен кейін 3 баламды пәтер алу кезегіне қойдым. Балаларымның біреуі 2 топтағы мүгедек, екіншісі қалалық қалалық су арнасында 10 жыл жұмыс істегеннен кейін ыстық пен салқын судың салдарынан ауру болып қалды. Ал үшінші балам әскери қызметте еңбек етіп жатыр. Бір қызығы, сырттан қосылған азаматтар пәтерді тез алып, ал біз сияқты қарапайым жандар далада қалып отыр, – деді ашынған азамат.
Әсет Өрентайұлының айтуынша, қаланың пәтер кезегінде 40 мыңнан астам адам тұр. Десек те, ол тұрғын үй мәселесін шешу үшін барлық бағдарлама іске асырылып жатқанын айтып ақталды. Ал кезектің не үшін жоғалып кетіп жатқаны туралы әкім ләм-мим демеді.
Шыны керек, сырты жарқыраған Астананың ішінде күрмеуі қиын мәселелер шаш-етектен. Оның бәрін Әсет Өрентайұлы бір сәтте шеше алмауы мүмкін. Өйткені, елордаға еліміздің әр аймағынан күн сайын жүздеген адам келіп жатыр. Оның үстіне оның бас қаланың басшысы болғанына небәрі 8-ақ ай болды. Бірақ біздің көңілімізге ең үлкен кірбің ұялатқан нәрсе – әкімнің өз баяндамасын бастан-аяқ орыс тілінде өткізгені болды.
Сөзінің алғашқы 5 минутын ғана қазақ тілінде бастаған әкім, одан кейін 1 сағат бойы орыс тілінде есеп берді.
Соған қарағанда, Әсет Исекешев өзін Астана қаласының әкімі емес, Мәскеу мэрі деп ойлап қалса керек.
Асланбек Серғали,
Дереккөз: 365info.kz