Мұхтар Алтынбаев - Ерекшелік белгісі бар әскери форманы азаматтық тұлғаларға киюге тыйым салынады
2017 ж. 14 ақпан
3589
2
Ерекшелік белгісі бар әскери киімді азаматтық тұлғаларға киюге рұқсат етілмейді. Бұл туралы Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік пен қорғаныс Комитетінің отырысында сенатор Мұхтар Алтынбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Zakon.kz-ке сілтеме жасап Қазақ Үні ұлттық порталы.
«Бұл мәселе талай рет көтерілген, оны шешуге де тырыстық..., - деді сенатор. - Камуфляждық форманы азаматтық тұлғалар мүлдем кимеу керек. Көшеде аула сыпырушылар мен күзетшілер де киіп жатады бұл форманы. Ал шетелдіктер ЭКСПО кезінде келіп оларды көрсе не болады? Қазақстан әскерлері көше сыпырып жүр деп ойлайды ғой».
Аңшылар мен балықшыларға камуфляждық киім киюге тыйым салына ма деген сауалға Алтынбаев мәселе ерекшелік белгілері туралы айтылып отырғанын тілге тиек етті.
«Президент жарлығы бар - ерекшелік белгілері бар әскери киімдерді азаматтық тұлғалардың киюіне қатаң тыйым салынады. Бұл қауіпсіздік мәселесі» - деді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан казактар бірлестігінің өздерінің мерекелерін атап өтіп, әскери киім киіп, қылыш асынғандары туралы БАҚ-та жазылған болатын. Демек, казактардың бұл әрекеті де заңға толықтай қайшы болғаны ғой? Ал, Президент жарлығына қарамастан ерекшелік белгісі бар киімді киген казактар қауымдастығы өкілдері неге жауапкершілікке тартылмайды? Оларға әскери парад өткізіп, ант қабылдауға кім рұқсат берді?.. Қауіпсіздік мәселесіне сай бұл факт та жіті тексерілу керек деп санаймыз.
qazaquni.kz