Amnesty International - ҚАЗАҚСТАН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕП ОТЫР
2017 ж. 12 ақпан
2391
2
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "әлеуметтік желілерге бұрын-соңды болмаған шабуылын" тоқтатуға шақырды. Ұйымның "Жазба жарияламастан бұрын ойлан: Қазақстанда әлеуметтік желілердегі пікірін еркін білдіру кеңістігін жою" деп аталатын есепте Астананың "Интернет пен әлеуметтік желілердегі өзгеше ойлауды түбірімен жоюдың агрессиялық және шектен шыққан тәсілдерін барынша қолданатыны" айтылған.
Бұл туралы abai.kz хабарлайды.
Құқық қорғаушылар билік Қазақстанды "ақпараттық қоғам" ретінде көрсетуге талпынып жатқанына қарамастан "заң арқылы және іс жүзінде интернеттегі ақпаратқа негізсіз шектеу енгізгенін" айтады. Осының салдарынан қолданушылардың көпшілігі аңдудан сақтану үшін немесе бұғатталған контентке қол жеткізу үшін интернеттегі материалдарды виртуалды жеке желілер арқылы алады дейді.
AI есебінде атыраулық азаматтық белсенділер, өткен жылы "жер реформасына қарсы" митингілерден соң ұсталып, "алауыздық тудырды" деп және басқа да айыптар бойынша бес жылға сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне тоқталған. AI Боқаев пен Аянды өздерінің ой-пікірін еркін білдіру және бейбіт жиын өткізу құқықтарын пайдаланғаны үшін ғана бас бостандықтарынан айырылған ар-ұждан тұтқыны деп санайды.
Amnesty International есебінде Қазақстан билігін азаматтардың ой-пікірін еркін білдіру құқығын құрметтеп, билікті сынайтындардың үнін өшіруге және бейбіт демонстранттарды түрмеге жабуға қолданылатын әкімшілік және қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізуге шақырады.