БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
2017 ж. 02 ақпан
2681
0
ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІ ТУРАЛЫ ЕЛ ЗИЯЛЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?!.
Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ тағамтану академясының президенті, Ғылым академиясының академигі:
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖОЛҒА БАСТАҒАН НЫҚ ҚАДАМ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуінде: «Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді.
Негізгі мәні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді.
Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды.
Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды.
Бұл реформа басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейді» – дегені мәлім. Бұл реформаны заман талабына сай жаңғыру реформасы деп атауымызға толық негіз бар. Өйткені, бұл жерде өркениетті елдердің санатындағы Егемен Қазақстан демократиялық жолға түсуді көздейді. Алдағы уақытта біз осынау реформа негізінде Елбасының тікелей бастамасымен ашық қоғамға бет алмақпыз. Мемлекет басшысының үндеуіне сай, ендігі жерде Парламент, Үкімет мүшелері жауапкершілік жүгін сезіне отырып, өз өкілеттіліктеріне сай ел дамуы жолындағы игі істерді жоғары жаққа жалтақтамай-ақ өздері шешуге мұрындық болады.
Бұл қазақ елі көптен күткен қадам. Ендігі жерде дамудың даңғыл жолымен жүріп келе жатқан Тәуелсіз Қазақстан жаңа жүйенің негізінде жаңа белестерді бағындыра береріне сенемін. Әрі бәріңізді жүйелі жұмыс жүргізуге мұрындық болар реформаны қолдауға шақырамын!
Шөмішбай САРИЕВ, ақын, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты:
ЖАҢА ЖҮЙЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ОРЫНДАЙДЫ
27-қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағында үлкен жиын өтті. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде телеарна арқылы жасаған үндеуіне, алдағы мақсат, жоспарларына Н.Оразалиннен бастап, бәріміз бірауыздан қолдау білдірдік.
Кеңес кезінде Қазақ елі Жамбылдың өлеңдері, М.Әуезовтің «Абай жолы» сияқты шығармалармен сырт елдерге таныла бастаған-ды. Одан кейін Президент арқылы, оның халықаралық деңгейдегі жасаған ұсыныс, реформалары арқылы кеңірек танылдық. Қазіргі күні Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін әлем халқы мойындаған тұста, Парламентке, Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктегені өте орынды.
Парламентте халық сайлаған өкілдер отырады.Үкімет, министрліктер және басқа да әкімдіктер сол Парламенттің алдында толықтай жауап беретін болады. Парламентті халық сайлайтын болғаннан кейін, бұл жүйе халықтың талап-тілегінен, көңілінен шығады деген сөз.
Кейбір адамдар қоғамдық формацияның өзгергендігін қаперіне алғысы да келмейді немесе білмейді. Қоғамдық дамудың қай кезеңінде өмір сүріп жатқанынан бейхабар. Кемшіліксіз ештеңе болмақ емес. Біреудің терезесі сынса да әкімшілік келіп бүтіндейді деп үміттенеді, ойлайды. Әр адам өзін-өзі қаржыландыруы тиістігін естен шығармаса...
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДА САЯСИ БӘСЕКЕЛЕСТІК КҮШЕЙЕДІ
ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақ елінде құқықтық-саяси реформалар жүргізуді жоспарлап отыр. Реформаның бір бөлігі Ата Заңды өзгертпей жүрсе, келесі бөлігі ҚР Конституциясын өзгертуді қажет етеді. Ал бұл реформалардың логикасы бара келе ҚР Парламентін таратып қайта сайлауға мәжбүрлейді. Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың екі маңызды мақсаты бар: Біріншіден, ең алдымен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық үрдістерді реттеу бұдан былай Үкімет пен атқарушы билік тараптарына жүктелмек. Сонымен, бұл бағытқа толығымен Үкімет жауапты болады. Сондықтан, осыған сәйкес Президент пен Үкімет құзыреттері заң мен ҚР Конституциясы ауқымында өзгермек. Оған қоса жеке Министрліктер мен ведомстволар және әкімшіліктер өздеріне тиісті салаларға жауапты болады. Сол себепті, заң жүзінде, ал кейіннен ҚР Конституциясы жүзінде бір қатар тиісті құзыреттер ҚР Президентінен Үкімет құзырына өтпек. Ұзын саны 40 шақты құзырет Үкімет пен ҚР Парламентіне тапсырылады. Бұл үрдіс уақыт күттірмейтін шаралар ретінде жедел жүрмек.Тіпті, іс осы парламенттік сессияда бітпек. Екіншіден, белгілі уақыт мерзімінде билік тармақтарының функциялары жүйеленіп біркелкіленбек. Әсіресе, ҚР Конституция деңгейінде оңай іс емес деп есептейді Президент.
Сонымен, бұл реформалар барысында жаңа құзыреттер Заң шығарушы билік тармағын күшейтпек. Енді ҚР Парламентінің Үкімет құрамын қалыптастыруында рөлі көтеріліп, соған сәйкес Парламент алдында Үкіметтің жауапкершілігі де өспек. Осыдан былай партиялар арасында саяси бәсекелестікті көтеруге шаралар басталмақ. Аталған бәсекелестік бұрынғыдан өткірлеу болуы мүмкін. Бәсекеде озып шыққан партия Үкімет құрамын қалыптастырады. Ал озбаған партия қалса да саяси үрдістен тыс қалмайды. Әрине, бұл жағдайда Үкімет өз құзыретінің тәуелділігін ҚР Президентінің алдына емес, Мәжіліс алдына қояды. Сол сияқты Үкіметтің жеке мүшелеріне Парламенттің қос палаталары жеке Үкімет мүшелері сенімсіздік жариялауы мүмкін. Парламент жеке министрді қызметтен тайдыруы ықтимал. Сөйтіп, Парламент Үкіметті қадағалайтын болады.
Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
ЕЛ ДАМУЫНА ЕРЕКШЕ СЕРПІН БЕРЕТІН РЕФОРМА
Өздеріңіз білетіндей, Тәуелсіз Қазақстан ширек ғасырды бастан өткерді. Бұл мемлекет үшін көп уақыт емес. Десе де, 26 жыл дегеніміз ер жігіттің толысып, жетілетін кезі. Осы тұта
бір сәт өткенге көз тастасақ, еліміз небір қилы заманды бастан өткерді. Сонау 90 жылдары балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын-қыстау кезеңде бір адамның тұтастай ел билігін қолға алуы – мемлекеттік аяғынан тік тұрып кетуіне ұйытқы болды. Өйткені жаңа мемлекет орнату – ол кезде тақыр жерге тау орнатқанмен пара пар еді. Өйткені, заңның барлығы Президенттің тікелей жарлығымен бекітіліп жатты. Себебі, Парламенттің талқысына салып отыруға уақыт тығыз тұғын. Өйткені, заң қабылдау тұрғысында үш-төрт ай емес, бір ай кешіксең, ел дамуына едәуір нұқсан келері анық еді. Сондықтан да, ел дамуының алғашқы кезеңдерінде дер кезінде маңызды шешімдер қабылдау арқылы қаншама қыруар істер атқарылды. Соның нәтижесінде 26 жыл ішінде біздің жас мемлекетімізді бүкіл әлем таныды. Бұл мемлекетіміздің сапалық деңгейге жетуінің айқын дәлелі болса керек-ті.
Елбасының бұл жолғы үндеуі айрықша маңызға ие. Өйткені, биліктің барлық тармақтарына арнайы өкілеттілік берілмек. Мұндай реформа болмаса, біз бір орында тұрып қалуымыз мүмкін. Сондықтан да біз, ел дамуына ерекше серпін беретін реформаны қос қолдап тұрып қолдаймыз.
Ендігі жерде әрбір аймақ орталыққа қарап қолдарын жайып қарап отырмай, жаңа жүйеге сәйкес өзін-өзі асыраудың жолдарына түседі. Бұл өз кезегінде әрбір адамның тұрмысындағы оң өзгерістерге алып келеді деп сенемін. Ендеше, Мәңгілік Елге бет алған әрбір қадамымыз құтты болғай!