ЕЛБАСЫНЫҢ РАҚЫМШЫЛЫҒЫН «САУДАЛАЙТЫНДАРДЫ» ЖАЗАЛАУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН, АСАНОВ МЫРЗА!
2017 ж. 30 қаңтар
1725
0
ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың назарына
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Жақып Асанов мырза!
2016 жылдың 16 қазанында Алматы облысы, Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы үйімізден алаңсыз жұмысқа бет алған анам Күлдари Әбілқайырованы жол үстінде көлік қағып, ажал құшты.
Шешемді 40 км/сағат жылдамдықпен жүруге тиісті жерден 90 км жылдамдықпен қарсы бағытпен келе жатқан kz 717 ZKA 05 мемлекеттік нөмірлі БМВ көлігі соғып, 25 метр жерге дейін сүйреп әкеткен.
Жол үстінде анамды қағып, мерт қылған жүргізуші Үмітбеков Нұрсұлтан Жамбылұлы арада үш ай өтпей жатып рақымшылыққа ілікті.
Елбасымыздың Тәуелсіздіктің 25 жылдыққа арнап жариялаған рақымшылығына Нұрсұлтан Үмітбеков қалай, қандай жолдармен, кімдердің ықпалы арқылы ілікті?
Осы мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі ашып жазып, сізден көмек сұраймын. Айдың күннің аманында анасынан айрылып, азаматтық құқығын қорғай алмай зар жылап жүрген бізге қол ұшын созуыңызды өтінемін.
Қайғылы оқиға 16 қазан күні таңғы сағат 6-дан 22 минут кеткенде болған. Жолдың екі жағында орналасқан дүкен мен жем сататын орталықтың видео-таспасына оқиғаның қалай болғаны толығымен түскен.
Бірақ, жол оқиғасына қатысты қылмыстық істің анықтаушысы (дознаватель) Олег Алибеков қолымыздағы видео-таспаға «ашылмай қойды» деген негізсіз сылтаумен сараптама тағайындаудан бас тартты.
Қылмыстық істің бар шындығын ашатын видео-жазбаға сүйенудің орнына жазбаны берген азаматтарға барып, «бұл таспаны неге бересіздер?» деп қоқан-лоқы жасады.
Қарапайым халықтың құқығын қорғауға тиісті лауазымды тұлғаның бұл қылығына қалай түсінеміз? Бұл бір.
Екіншіден, біздің қолымыздағы 6 сағаттық видео-таспада Олег Алибековтің істі қалай тексергені анық көрінеді. Ол жерде қылмыстық іске қатысы жоқ бөтен адамдар әлдебір келісімдер жасап (Бұл істі бұрмалауда kz 222 PDA 02 (TOYOTA PRADO) нөмірлі көлікпен келген ер азамат белсенділік танытты. Жалпы, қылмыстық істің тура жолдан тайқып кетуіне сол көліктің иесінің ықпалы мол болды деп ойлаймыз. Кейін білгеніміздей бұл жігіт Нұрсұлтан Үмітбековтің лауазымды қызмет істейтін туысы көрінеді) сабылып жүр. Олег Алибековтің менің анамның қанын «саудалап», дәп бір базардағыдай іске қатыссыз адамдармен әлденелерді талқылауға қандай құқығы бар?
Үшіншіден, анықтаушы Олег Алибеков оқиғаның барысын көрсететін сызбаны жүз пайызға өзгертіп, қылмыскерлердің ығына жығылғанын қалай түсінерімізді біле алмай, дал болып отырмыз.
Бірінші сурет. Анамды қаққан машинаның орны көрсетілген сызба. Бұл сурет күдікті Нұрсұлтан Үмітбековтің қарсы бағытпен жүйіткіп келе жатып, анамды қаққанын толық дәлелдей алады (оны видеодан да анық байқауға болады).
Екінші сурет. Олег Алибековтің қылмыстық іске қатысты сызбасы. Сызбадағы өлшемдер дұрыс бола тұра, көліктің келіп тоқтаған бағытын теріс тарапқа айналдырып жіберген. Соның нәтижесінде қарсы бағытпен келе жатып анамды қаққан қылмыскерді өз жолымен келе жатқандай етіп өзгерткен. Анықтаушы өзінің қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, нақты деректерді не үшін бұлай бұрмалап отыр?
Төртіншіден, Олег Алибеков біздің тарап тағайындаған Заңды өкілдің жоғарыдағы деректерін құлағына да ілген жоқ. Заңды өкіліміз істің барысымен танысу үшін анықтаушыға бір неше рет хабарласты. Ол «Іске қатысты сараптама қортындысы дайын болған жоқ» деп бізді алдап жүріп, 28 желтоқсан күні телефонмен хабарласып, 29-ы күні (Талғар ауданы прокурорының қолы қойылмаған) Үмітбеков Нұрсұлтан Жамбылұлының рақымшылыққа ілінгені туралы қаулыны қолымызға бере салды. Рақымшылық туралы Заңда Заңды өкілдің келісімі болмаса, қылмыскердің рақымшылыққа ілінбейтіні тайға таңба басқандай етіп жазылған. Соны біле тұра анықтаушы жәбірленуші тараптың құқығын таптап, Елбасының сарабдал саясатын айыпталушының мүддесіне қарай бұрып жіберді.
Бесіншіден, жол оқиғасына қатысты қылмыстық істің қаулысында шешемізді көлік фарымен соғып, нәтижесінде тек басынан соққы алып, мерт болғаны көрсетіліпті. Олег Алибеков анамыздың басы әйнекке соғылғанын, басы ғана емес, жамбас сүйегінің күл болып кеткенін, аяғының үш жерінен, сонымен қоса бір қабырғасының сынғанын жасырып қалған.
Бесіншіден, анамды қаққан көлік іс толық зерттеліп бітпей жатып, 16 күннен кейін иесіне заңсыз қайтарылған.
Айып-тұрағынан ол көлікті Олег Алибеков шығарып бергенін мына суреттер дәлелдейді. ҚР заңдарында қылмыстық іс толығымен зерттеліп болмайынша, айғақ затты қайтаруға, бүлдіруге, жасыруға болмайтыны анық жазылған. Айғақ зат қандай заңдық негізге сүйеніп иесіне қайтарылды? Ол көлік қалпына келтіріліп тасталған жоқ па? Айғақ заттың бүлінбегеніне кім кепілдік етеді?
Алтыншыдан, Үмітбеков Нұрсұлтан Жамбылұлын көлік жүргізу құқығынан айырмаған. Кеше ғана жолдың қарсы бетіне шығып кетіп (жалпы дені сау пенде бірнеше көлік еркін сиятын үлкен жолда қарсы бетке шыға ма?) адам соғып өлтірген азамат тағы басқалардың қанын мойнына жүктемесіне кім кепіл?
Жетіншіден, анамды қағып кеткен жердегі сағатына 40 шақырым жылдамдық жүру керектігін көрсеткен белгі оқиғадан кейін екі аптадан кейін алынып тасталды. Біз ес білгелі тапжылмай тұрған, осы маңдағы мектептің оқушылары өтетін бұл белгінің алынып тасталуының себебі неде? "Күшті құйрығымен диірмен тартадының" кебі емес пе?
Қош. Біз анықтаушының істі біржақты жүргізуіне байланысты Алматы облыстық прокуратурасы мен ішкі істер департаментіне шағымданған едік. Прокуратура рақымшылық туралы шыққан қаулыны бұзды (Егер Алибековтердің ісі заңды болса, ол қаулы бұзылмас еді деп ойлаймыз). Ал ІІД Олег Алибековтің үстіне жазған шағымымызды тексеруді анықтаушының күнде қасында жүрген тікелей бастығы Мұхит Садырбаевқа тапсырған. Садырбаев өз қызметкері Олег Алибеков қылмыстық істің шындығын осыншама бұрмалап жатқанда қайда қарап отырды? Бар іс ол кісінің де қолынан өткен жоқ па? Қазақта «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мәтел бар. Сол айтпақшы біз Садырбаевқа сенбейміз. Неге дейсіз бе?
Осыншама заңсыздықтар орын алып жатқан соң, әділдік іздеп бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгіндік. (Сілтемеден қараңыз. http://kaznews.kaztrk.kz/society/12559-koligimen-adam-kagyp-oltirgen-azamat-bostandykta-zhur.html «Қазақстан» арнасының жаңалықтар қызметі)
31 арнаның жаңалықтары
БАҚ журналистері Мұхит Садырбаевтың қарауына түскен іске қатысты пікірін білмек болды.
Ол Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне мәлімет жіберетінін, сол жақтан ресми пікір берілетінін айтты.
Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзабекова Мұхит Садырбаев дайындап берген жалған ақпаратты бүкіл Қазақстан халқына жариялап жіберді. Айман Мырзабекова: «Жәбірленуші тараптың өкілі қосымша ұсынған бейнежазба бойынша да сараптамалар жүргізілген. Қазіргі күні аталған факт ІІД анықтау басқармасы мен процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды» дейді.
Егер жоғарыдағы видео-жазбаға сараптама жүргізілсе, онымен біздің Заңды өкіліміз неге таныспаған? Бізге бір күн бұрын Олег Алибеков «Ол бейне-жазбаның ашылмағанын растайтынын құжаты бар екенін, сондықтан да сараптама жасалмайтынын» мәлімдеген болатын.
Сонда Алибеков өтірікші ме, Садырбаев па?
Құрметті, Жақып Асанов мырза!
Мен «осыншама заңсыздықтар неге орын алып отыр?» деген сұраққа жауап іздеп, ақыры мынандай күдікті шешімге келдім. Егер де Олег Алибеков айыпталушыдан пара алып, істі сотқа жеткізбей жауып тастауға сөз бермесе, біздің тарапқа бір рет болсын көз қиығын салар еді. Ол қазір өзіне міндеттелген анықтаушылық қызметін ұмытып, күдіктінің адвокатына айналып алды. Бұл зайырлы мемлекеттің Заңына қаншалықты сәйкеседі? Осының бәрін көріп отырып көкейіме «Олег Алибеков Елбасы жариялаған рақымшылықтан ақша жасап, қалтасын қампайтып жүрген жоқ па екен?» деген сауал тығылады. Жоғарыдағы жағдайларды сараптай келе, Қазақстанның азаматы ретінде мұндай күдікті ой ойлауға хақым бар деп ойлаймын.
Құрметті, Жақып Асанов мырза! Анамды қағып өлтірген Үмітбеков Нұрсұлтан Жамбылұлы ҚР Заңдары негізінде өзіне тиесілі жазасын алса деген тілегім бар. Ал, осы қылмыстық істің өңін айналдырып, Елбасының рақымшылығын саудаға салып жүрген kz 222 PDA 02 (TOYOTA PRADO) мемлекеттік нөмірлі көлікпен жүретін (сақтандыруы жоқ, көлік басқа адамның атына тіркелген) Нұрсұлтан Үмітбековтің лауазымды қызметте істейтін туысқаны мен Олег Алибековті жауапкершілікке тартып, тиісті жазасын алуына ықпал етсеңіз.
Бүгін Елбасының рақымшылығын жеке мүдделеріне пайдаланбақ болғандар ертең Отанымызды саудалауы әбден мүмкін.
Индира Сұлтанқызы
Abai.kz