2016 жылы Қазақстанға 33,7 мыңнан аса оралман келді
2017 ж. 26 қаңтар
2498
2
2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды, - депр хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 65,5 пайызы - Өзбекстаннан келген. Сондай-ақ, 24,9 пайызы - Қытайдан, 3,2 пайызы - Түрікменстаннан, 2,7 пайызы - Моңғолиядан, 3,7 пайызы - өзге елдерден оралған қандастарымыз", - делінген министрліктің хабарламасында.
Сондай-ақ, қандастардың басым бөлігі, яғни 33,9 пайызы - Оңтүстік Қазақстан облысына, 25,4 пайызы - Алматы облысына, 10,6 пайызы - Маңғыстау облысына, 5,8 пайызы - Жамбыл облысына, 24,3 пайызы - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанғаны айтылып отыр.
Елге оралған қандастарымыздың 65,4 пайызы - еңбекке қабілетті жаста болса, 16 жасқа дейінгілері - 28,6 пайызы, зейнеткерлер - 6 пайызын құрайды.
Ал еңбекке жарамды этникалық қазақтардың 10,8 пайызының жоғарғы білімі бар болса, 20,3 пайызында орта арнаулы білім бар, 65 пайызы жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 3,9 пайызының білімі жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, "Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:
- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;
- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.
- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.