Алматы облысында азаппен өлтірілген тұрғынның анасы қайғыдан көз жұмды
2017 ж. 26 қаңтар
2619
2
Алматы облысында үш бірдей азаматын қара жер қойнына тапсырған бүтін бір әулеттің қайғысы әлі басылар емес деп хабарлайды КТК арнасы.
Мұны естіген марқұмдардың туыстары сотқа да тайлы-тұяғы қалмай келіп алған.
Жазаны жеңілдетуге жол бермейміз деп сотқа жеткендердің тең жартысы ішке сыймай, апелляциялық шешімді сыртта күтіп тұрды. Арызды қанды қылмысты ойластырған Оңалбаев пен Сүлейменов жазыпты. 40 сиыр үшін кісі өлтіргендері расталса да, қаскөйлер бұл жолы өзара келісіп, біреуіміз ғана өлтірдік деп адвокаттарынан айтып жіберіпті.
"Мұрат "Камазды" әр жерге тығып 6 күн айдап жүреді. Бір телефон соғуға болады ғой. Айтып отырғандары өтірік ол! Екеуі біліп тұр. Алдын-ала бұрын жоспарлаған", - дейді марқұмдардың туысы Адал Зарлықан.
Қылмысты көре тұра ешкімге айтпаған малшы Бақыт Байқасымов қана жеңіл жазамен құтылса, енді Мұрат Оңалбаев та осы әдіспен жазасын жеңілдеткісі келген сыңайлы. Талғат Сүлейменовтен қорықтым деген желеумен 25 жылын азайтуды өтінген. Алайда апелляциялық алқа ағайындыларды айуандықпен өлтіргендердің шағымын қанағаттандырмады.
Еске сала кетейік, қанды қылмыс былтыр қыркүйекте болған. Ұзынағаштағы базарға мал сатуға шыққан үш ағайынды ұшты-күйлі жоғалып, артынша мәйіттері табылған еді. Малға қызыққандар Жарқынбек, Қаділбек пен Мұқиятты атып өлтіріп, мәйтітерін қора ішіне жасырған.
Осы оқиғадан кейін марқұм Жарқынбек Долданның төсек тартып жатып қалған анасы төрт айдан бері беті бері қарамастан өткен бейсенбіде көз жұмыпты. Ал өлгендердің артында 9 бала қалды. Оның үлкені - 13 жаста, ал кішісі әлі екіге де толмаған.