ҚЫТАЙМЕН «ҚҰДАЛЫҚ» ЖОБАСЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДАМ САУДАСЫ
2017 ж. 25 қаңтар
2773
2
Шымкент қаласының тұрғыны, қазақ ұлтының жанашыры Бәтима Ембердіқызы "Қамшы" порталына қазақ қыздарының қытайлықтарға тұрмысқа шығуына байланысты наразылығын білдірген екен. Бәтима ханым бірнеше жыл бұрын Қытайдан көшіп келіпті. Ол елдегі жағдайды өз көзімен көріп келген кісі мұндай аралас некеге үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, заңмен қудалау қажеттігін жеткізді.
«Қазір қоғамда қазақ қыздарын қытайға күйеуге беру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осы орайда айта кеткім келеді, шет елдің азаматшасына үйленген қытайға мемлекет тарапынан $10-15 000 көлемінде сыйақы беріледі, қытайдың валютасымен есептегенде бұл 100 000 юаньды құрайды. Бұл – қытайлардың ішкі саясаты. Қазір олар Қазақ жеріне көз тігіп отырғандықтан, қазақ қыздарына деген қызығушылығы артуда. Бұл дегеніміз біздің қыздарымызды мал базарына салғанмен тең, оның үстіне сол қытай күйеу жігіттерімен танысу үшін қазақстандық қыздар 25000 теңге ақша төлеулері керек. Бұл – адам саудасы.
Мысалы, Беларусияда мынадай заң бар: сол елдің қызына үйленген шет ел азаматы Беларусия еліне $100 000 ақша төлеуі қажет, ал Түркіменстанда 15 жыл бұрын шыққан заң бар: егер өзге елдің жігіті Түркмен қызын алатын болса, сол елге $50 000 қаражат төлеуі керек. Ал, біздің елде ондай ешқандай да заң жоқ, тіпті, бұл сұмдыққа қарсы шыққан азаматтардың өзін тергеуге алған.
Неке агенттігі қызметкерлерінің бізге айтқаны: "Ол жақтан келетін қытай күйеужігіттерінің айлық табысы $80 000 құрайды дейді". Оған кім кепіл? Қытайға тиген қазақ қыздарының ол жақтағы тағдырына кім кепіл? Оларды елдеріне алып барып жезөкшелікке салып жібермеуіне кім кепілдік береді?
Қазбек Иса айтқандай «Қазаққа зияны болмаса, пайдасы жоқ «заңдардан» интернационалдық дәріс оқып, қытайдың Астанадағы аталмыш агенттіктегі агентіндей әрекет етуші «саясаткерлеріміз» суб-жеңгетайлықты доғаруы керек. Ал «халықаралық жеңгетай» Татьяна Логвиненко…. керек болса, қытайға өзі тиіп алсын немесе сіңлілері мен қыздарын бере берсін…»
Бұл дегеніміз – елді, халықты басыну ғой. Мұны тоқтату керек. Неге мемлекет басқаруында отырған халық қалаулылары, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері осы мәселеге араласпайды? Неге бұл жағдайға қатысты заң шығармайды? Адам саудасы бабы бойынша неге осыны бастап отырғандарды қудаламайды?..
Татьяна Логвиненко деген халықаралық жеңгетай ашық және ресми түрде адам саудасымен айналысып, ұлтаралық дау туғызып отыр. Егер, Өзбекстанға немесе Ресейге барып осындай іспен айналысып көрсінші, сол жерде оның көзін құртып жібереді.
Біріншіден, бұл – біздің дәстүрімізге, дінімізге қайшы, екіншіден, заңдасқан адам саудасы мен жасырын жезөкшелік, үшіншіден, бұл – ұлтаралық адам саудасы...».
qazaquni.kz