«ҚАП, ІСТІ МИ ҚОСУДАН БАСТАМАҒАНЫМ-АЙ!»
2017 ж. 22 қаңтар
2655
4
Бір албырт бозбала әлдебір қызға ессіз ғашық екен. Бірақ қыз мұны менсінбейді. Бұл қатты қапаланып, бүйтіп қор болғанша жардан құлап өлгенім жақсы шығар деп қиялданыпты. Сөйтіп құз-жартастың жиегіне жете бере басында: «Иттей қылған қу өмір-ай! Менің мұңыма Құдай да қарайласпады!» – деген ой жылт етеді.
Осы сәтте-ақ Жаратушы бұдан:
– Әй, балам, қайда кетіп барасың? Сонша қайғыратындай басыңа не күн туды? – деп сұрапты.
– Енді... Гүлшелпек деген бір бойжеткенді сүйетін ем. Бірақ ол мені адам құрлы көрмеді. Ет-жүрегім мылжа-мылжа болып біттім. Тоздым әбден... Түңілдім тірліктен... Гулечкасыз күнім қараң. Сіз де көз қырыңызды салмай-ақ қойдыңыз! Міне, сондықтан, жардан секіріп көзімді құртқалы кетіп барам...
– Сонда не көмек сұрайсың менен?
– Рас жәрдемдесе аласыз ба? Онда менің түрімді кішкене әдемірек қылып беріңізші. Мысалы, қыр мұрын керек маған. Әйтпесе, мына таңқылау танауымды көрген қыздар анадайдан айналып өтеді.
– Е-е, жасап берейін! Сонша қиналғаның не?!
– Үлкен көз... Толқынды бұйра шаш та қажет...
– Жарайды, оның жарасы жеңіл ғой!
– Сәл дүрдиген ерін болса... Жазық маңдай да артықтық қылмайды.
– Мінеки, ешбір қиындығы жоқ мұның да...
– Әлбетте, біршама сұңғақ бой берсеңіз... Гулечка ұзын бойлы жігіттерді ұнатады.
– Сөз емес. Жасаймыз!
– Автокөлік сыйлай алмайсыз ба? Мәселен, «Мерседестің» ең соңғы моделі...
– Е-е, оның да ешбір қиындығы жоқ!
– О-о! Және аздаған ми қосып беріңіз. Қызбен пікір таластырып, ақылдырақ көрінуіме жақсы болар еді.
– Ә... Әрине! Милырақ болмаса қиын...
Әлден уақытта бойындағы өзгерісті сезінген жігіт жан қалтасынан кішкене айна шығарып қараған мезетте:
– Ах-х! – деп дауыстап жіберіпті. Өз келбеті таң қалдырса керек.
Сөйтеді де, анадайда жалт-жұлт етіп тұрған алқаракөк автөкөлікке қарай тұра жүгіреді.
– Өй, балам, тұра тұр! – дейді Құдай. – Істі аяқтайық та. Одан соң сенің Гуляң сабақтан әлі қайтқан жоқ қой...
– Кім?! Гүлшелпек пе? Оны қайтем енді? Мынандай түрмен, мынандай машинамен жүріп... Ай десе аузы, күн десе көзі бар өзге бір сұлуды тауып алмаймын ба?! Ха! Сіз де айтасыз-ау! – деп жөнеле береді.
– Қап! – деп қатты өкініпті сонда Жаратушы. – Жұмыстың бәрін ми қосудан бастамағанымды қарашы!..
Kultoleu Mukash
qazaquni.kz