Р. Жұмалы: Өз мемлекетінің тілін құрметтемеген лауазым иелерінен не игілік күтуге болады?
2017 ж. 18 қаңтар
3170
10
Cаясаттың басы – Тіл. Онсыз ұлт жоқ, демек ұлттық рух жоқ, олай болса мемлекеттің өзі жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғалы 27 жылдан асты. Сөз жүзінде. Іс жүзінде орыс тілінің тасасында қалып келеді.
Билік жұмысы мен отырыстарының 95 пайызы орысша жүргізіледі, мемлекеттік мекемелерге қазақша білмей жұмысқа тұру оп-оңай, орыс тілінсіз мүмкін емес. Қоғамдық орындар – халыққа қызмет орталықтары, банктер, дүкендер, кинотеатрлар, қоғамдық көлік - 95 пайызы орысша. Көшелердегі хабарламаларды қараңыз, 95 пайызы қайта орысша. Теледидарды қоссаңыз да, радионы тыңдасаңыз да сол жағдай - 95 пайызы орыс тілінде де, қалғаны аралас.
Рас, басқа да ұлыстарды кемсітпеу керек деген сөз жиі айтылады. Бірақ, біріншіден, қазақ тілі тек қазақтың ғана емес, сол ұлыстар тұратын мемлекеттің тілі. Екіншіден, сорақысы сол, аталған қоғамдық орындарда жүргеннің 95 пайызы қазақ. Осындай бассыздық пен намыссыздыққа кім жауап береді? Өз мемлекетінің тілін құрметтемеген лауазым иелерінен не игілік күтуге болады? Бөгде елдің мүддесін өз халқынан жоғары қойғандар неліктен маңызды мансаптарда отыру керек? Кінә өзімізден де бар. Қазақ тілін неге дәріптемейміз? Тіл заңының орындалуын неге талап етіп, сотқа бермейміз? Басқалар былай тұрсын, өзара неге Ана тілімізде сөйлесіп жазыспаймыз? Өз аттарымызда –ов, -ин, -ич сықылды сұмырай отарлық жалғаулардан қашан арыламыз? Ресейдің губерниясы емес, бұл Өр де Азат Қазақтың елі екенін неге көрсетпейміз?