БІЛІМ РЕФОРМАЛАРЫ БЮДЖЕТТЕН АҚША СОРУ YШІН ЖАСАЛАДЫ
2017 ж. 14 қаңтар
3620
1
Еліміздегі білім саласы туралы әңгіме қозғалса-ақ, жұрттың өз еркінен тыс бірден жағымсыз эмоцияға берілері хақ. Жасырары жоқ, аталмыш салада аздап болса да, мақтанышпен айта қоятындай бір жақсылық дүниені күндіз майшаммен іздеп таба алмайсың. 25 жыл ішінде бұл сан-сапалақ саланы басқаруға тағайындалған министрлер мен олардың әрқайсысы әкелген реформалардың санынан кісі жаңылады. Реформалар білім жүйесін жөнге келтіру ниетінде емес, бюджеттен ақша сору мақсатында жасалды. Бүгінгі таңда ресми ақпарат көздерінің өзі басқа салалардың ішінде білім жүйесінің бірінші болып жемқорлық ұясына айналғанын растайды.
Әдетте, басқаларымен салыстырып айтқанда, бұрынғы кеңестік білім жүйесінің артықшылығын айту белең алады. Алайда, білім жүйесінде ұзақ жылдық бай тәжірибесі бар, екі кезеңді де өз басынан өткерген Ерсайын Ерқожаның пікірінше, білім саласында Кеңес Одағы кезінде де әртүрлі мәселелер болған. Солардың негізгісі – қазақ тілінде оқытатын мектептердің күрт азаюы. Нәтижесінде қазақ мектептеріндегі білім беру сапасының нашарлағаны түсінікті. Бұл мәселелер әсіресе 3 министрлік – жоғары білім беру, ағарту министрліктері мен кәсіптік-техникалық білім беру комитеті біріктірілгеннен кейін анық біліне бастаған. Себебі, біріккен Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігіне мектепте бірде-бір күн жұмыс істемеген жоғары оқу орнының қызметкерлері басшылық жасады. Олар мектеп мәселелерін мүлде білмейтін еді. Ал, білім негізі орта білім беретін мектептерде қалыптасатындығы белгілі.
Білім саласындағы осындай сәйкессіздіктерді көре отыра, жанашырлық танытып, о баста Базарбек Төтенай, Атабай Қылышбаев сынды ниеттес азаматтармен ынталы топ құрған Ерсайын Ерқожа өзінің білім саласын жақсартуға күш салуы жемқор шенеуніктермен ширек ғасырға созылған бітіспес айқасқа айналып кетеді деп ойламаған да олар. Аталмыш топ 1989 жылы министрліктің жанынан қазақ мектептеріне көмек беріп, үйлестіретін бөлім аштырады. Осы бөлімнің бастығы Бақтияр Смановпен және кейіннен министрдің орынбасары болып келген Жантілеу Әзісхановпен бірлесе отырып, 1954-1989 жылдар аралығында қысқартылып кеткен 654 мектепті 1994 жылға дейін қайта ашқызды. Яғни, олар Кеңес Одағы 34 жыл ойрандаған дүниені 4 жыл ішінде орнына келтірді.
Ерсайын Ерқожаның айтуынша, 1996/97 оқу жылына дейін министрліктің екінші деңгейдегі басшылық орындарында болған азаматтар озық білім жүйесін, оның сапасын сақтай алды. Атап айтқанда, сол кездегі министр орынбасары Жантілеу Әзісханов, бөлім басшысы Бақтияр Сманов өз мамандықтарын жете игеріп, білім саласының барлық сатыларынан өткен еді. Осы кезеңде Ерсайын Ерқожаның өзі Республикалық оқу-методикалық кабинетінің директоры қызметін атқарды.
Білім саласындағы дағдарыстың одан әрі тереңдей түскенін, күрестің оңтайлы тәсілін таңдау керек екенін түсінген ол 1999 жылы Ануар Акчурин мен Базарбек Төтенаймен бірігіп, «Ұрпақ тағдыры – Білім» атты қоғамдық бірлестігін құрды. Сөйтіп, 5-6 жыл ішінде 4 министрді (Көшербаев, Бектұрғанов, Беркімбаева, Құлекеев), вице-министрлерді, департамент директорларын, ҚБА президенттерін (Сейдімбек, Озғамбаев), вице-президенті Момынбаевты, министрлік құрамындағы институт директоры Әбілқасымованы, республикалық мекеме директоры Балапановты, т.б. жұмыстан қудырды.
Бірақ, билік өкілдері де қол қусырып қарап отырған жоқ. 1993-2000 жылдар арасында Ерсайын Ерқожаның белсенділігін тоқтату үшін құқық қорғау органдары тарапынан әртүрлі қорқыту-үркітулер болды. Iшкі істер министрлігі, Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Салық полициясы, кейіннен Қаржы полициясы қылмыстық іс қозғады. 2000 жылдың 5 маусымында билік тарапынан тапсырыс алғандар Ерсайын Ерқожаға қастандық жасап, бетіне күкірт қышқылын шашты. Сол жылдың 16 желтоқсанында оны Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Роза Мұқанбаева 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда, билік қоғам белсендісін ой еркіндігінен, күрескерлік рухынан айыра алмады.
Өзінің жеке басына, өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан Ерсайын Ерқожа күресін тоқтатқан емес. Таяуда ұлт жанашыры «Қазақстандағы білім саласы: дағдарыс пен күйреудің 25 жылы» – «Образование в Казахстане: 25 лет кризиса и развала» атты екі тілде кітап шығарды. 660 беттен тұратын қалың кітапта ширек ғасыр ішінде білім саласының дағдарыс пен күйреуге ұшырауы нақты деректермен, құжаттармен дәлелденген. Оны Қазақстандағы білім саласының боямасыз балама тарихы ретінде қабылдауға болады.
25 жыл бойы орта есеппен 1,5 жылда бірін-бірі алмастырып отырған 14 министрдің «реформаларынан» білім саласына ешқандай пайда келген жоқ. Қайта осы ширек ғасыр созылмалы күйреу мен дағдарыстың кезеңіне айналды. Әр реформа қоғамда бітпес дау тудырып, әлеуметтік өршеленіске әкеп соқтырды. Биліктің білім саласында ұстанып отырған саясаты – ел болашағына, ұлт болашағына жасалған қиянат, қастандық. Оның зиянды зардабын кейінгі ұрпақтар ширек ғасыр түгіл, одан екі есе уақыт, тіпті, тұтас ғасыр бойы тартуы мүмкін деп түйіндейді өз ойын кітап авторы.
Жан ТІЛЕУБАЙҰЛЫ
qazaquni.kz