Батырхан Шүкеновтің әнін естіген ресейлік зағип қыз қазақ тіліне ғашық болып қалды
2017 ж. 05 қаңтар
2303
0
Танымал қазақ әншісі Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" әнін тыңдағаннан кейін 18 жастағы мәскеулік Виктория Андреева қазақ тілін үйренуге кірісіп кетіпті.
Бойжеткен қыздың айтуынша, ол осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желі арқылы қазақ жастарымен танысқан екен. Олар Викаға Қайрат Нұртастың әндерін тыңдатып, ұнағандарын орысшаға да аударып берген екен.
"Ол әлі бастауы болатын. Ал, Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" әнін тыңдаған кезде менің жан дүниемде тебіреніс пайда болды. Қандай сезімдер тербегенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бәлкім мұндай адамнан айрылып қалғанымызға деген өкініш те болған шығар. Ал, ән керемет. Менің ойымша, Батыр бұл әнге өзінің Отанына деген махаббатын қосып орындаған. Ал, әншінің бұл сезімі маған да берілді. Міне, осыдан кейін мен қазақ тілін үйренуге шындап кірістім", - дейді мәскеулік қыз.
Виктория тіл үйрену үшін алдымен soyle.kz порталының қызметін пайдаланған екен. Алайда, сәл уақыттан кейін аталған сайттың зағиптарға арналған функциясы істен шығып қалған. Кейін, "Жас толқын" онлайн-курсымен тіл үйренбек болғанда, ол қызметтің де зағиптарға арналған функциясы пайдалануға қолайсыз болыпты. Алған бетінен қайтпаған бойжеткен әлеуметтік желілер арқылы тіл үйрететін мұғалім іздеп, оны ақыры Ақтөбеден тауып отыр.
Қазір мәскеулік оқушы өзі туралы қазақ тілінде еркін айтып бере алады. Бірақ, оның арманы - қазақ тілінде таза сөйлеп, өлең сөздерін аудару, қазақша фильмдер көру.
"Мен қазақ ертегілерінің кейіпкері Алдар көсені жақсы білемін, Қыз Жібек туралы фильмді көріп шықтым. Әміре Қашаубаев пен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдадым. Қазіргі эстраданы да тыңдап отырамын. Мұқағалидің өлеңдерін оқимын. Маған ұнайды. Мағынасын түсінбеген күннің өзінде ұйқастары, мәнері ұнайды", - дейді Виктория Андреева.
Оның айтуынша, қазақ тілі оның әнге деген махаббатын оятыпты.
"Тек қазақ тілін үйрене бастағаннан кейін менің ән айтуға деген құштарлығым оянды. Алғашында тек тыңдайтынмын. Кейін неге өзіме ән айтпасқа деп шештім. Айтатын әнімді ұзақ таңдап, ақыры таспаға жазып шықтым", - дейді бойжеткен.
Виканың қазіргі арманы - Қазақстанға келіп, қазақтармен қазақша сөйлесу, сүйікті әншілерімен кездесіп, қолтаңба алу. Сондай-ақ, ең алдымен қазақтың ұлттық тағамы еттен ауыз тию дейді ол.