ДИАГНОЗ: ҚОРҒАНСЫЗ МҰҒАЛІМ
2016 ж. 29 желтоқсан
2589
1
Даудың басы, яғни Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы №118 Т.Бигелдинов орта мектебінде 2004-жылдан бері үлгілі ұстаздар қатарында келген Меңсұлу Малдыбаеваның бұл қатардан шығып қалуы 2013 жылы жаздағы демалыс кезінде мектептің ағымдағы жөндеу жұмысы мұғалімдер күшімен өткізілгеніне қарсы басқа да ұстаздармен бірге оның да қол қойғанынан басталады. Соның аяғы 2014 жылы 25-қаңтарда М.Малдыбаеваның жұмыстан қуылуымен аяқталады.Оған М.Малдыбаеваның өзі жетекшілік ететін 11- «в» сыныбындағы Шадияр Жаманбай атты тәртіп бұзған балаға қол жұмсауы себеп болады. Қысқаша айтсақ, істің мәні былай.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы №118 Т.Бигелдинов орта мектебінің директоры А.Асқарова Сарыағаш АІІБ бастығы, полиция полковнигі Н.Рахманбердиевке берген түсініктемесінде «...18.10.2013 жылы қазақ тілі сабағында М.Малдыбаева оқушы Жаманбай Шадиярды ұрып-соққанын білдім, М.Малдыбаеваны шақырып ескерту бердім» дейді. Ары қарай 11 күннен кейін, «...29-қазанда Ш.Жаманбайды ұрып-соққанын сыныптастарынан есіттім. Бұл жағдай қараша айларында да тағы қайталанған бірнеше рет. Осы орын алған жайт бойынша М.Малдыбаеваны шақырып, ата- аналармен кездестіріп, ескерту берілген кезде, айқайлап, жөн сөзге көнбеді».
Неге директор ескерту беріп қоя салады? Ауызша және де. Қазан айында, қарашада бірнеше рет қайталанды дейді.
Бірақ, М.Малдыбаеваның Ш.Жаманбайды ұрып-соққаны жайындағы шағым оқушының ата-анасы тарапынан құқық қорғау орындарына 13.01.2014 ж. түскен. Сот-медициналық сараптама 14.01.2014 ж басталып, 21.01.2014 ж. аяқталған. Сарыағаш АІІБ полиция бөлімі Сарыағаш аудандық білім бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Б.Майриховқа 14.01.2014 ж. М.Малдыбаеваға тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныс түсіріп, ал, Б.Майрихов мырза өз кезегінде дәл осындай ұсынысты 22.01.2015 жылы №118 Т.Бигелдинов орта мектебінің директоры А.Асқароваға жолдап, 25.01.2014 ж. №118 Т.Бигелдинов орта мектебінің директоры А.Асқарованың М.Малдыбаеваны жұмыстан босату жөнінде бұйрығы шығады. Онымен де бітпейді, ОҚО Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты (судья Ә.Бектұрғанов) 26.02.2014 ж. М.Малдыбаеваға «7 тәулік әкімшілік қамау жазасын» тағайындайды.
М.Малдыбаеваның жұмысқа қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап арызын 2014 жылдың 23-маусымында Сарыағаш аудандық №2 соты (судья Н.Ешпанов) қанағаттандырмай тастаса, ОҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы (төрағалық етуші судья Н.Биболов) 2014 жылдың 25-тамызында ол арызды қанағаттандырады және «...жұмысқа қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген уақытының үш айлық еңбек жалақысы 184992 теңге өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолдансын» деп қаулы қабылдайды.
Сот қаулысында: «...А.Асқароваға оқиғалардың орын алған күндері белгілі болған, дау болған бұйрықты шығаруға негіз болған оқиғалар сот қаулысында (26.02.2014 ж. болған ОҚО Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты – авт.) көрсетілгендей 18.10.2013 жылы және 29.10.2013 жылы орын алып, талапкерге тәртіптік жаза 25.01.2014 жылы қолданылған. Сондықтан, алқа талапкер М.Ш.Малдыбаеваға тәртіптік жаза қолдануға негіз болғанымен, Еңбек кодексінің 74-бабында көзделген тәртіптік жаза белгілеудің бір айлық мерзімі өтіп кеткен деп санайды» деп тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Яғни, апелляциялық алқа ҚР АІЖК-нің 218-бабының : «1.Сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс. 2. Сот шешімді сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негіздейді» деген шарттарына толық сәйкес шешім қабылдап отыр.
ОҚО сотының кассациялық сот алқасы (төрағалық етуші судья А.Елшібаев) 9.10.2014 жылы апелляциялық алқа қаулысын бұзады. Және оны былайша негіздейді: «Келтірілген мән-жайлар мектеп мұғалімі М.Малдыбаева сабақ үстінде оқушыны ұрып-соғып, оның денсаулығына зиян келтіріп, ұстаздық жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, адамгершілікке жат-қылықтар жасағаны жұмыс берушіге 13-қаңтар 2014 жылы полиция бөліміне арыз жазылып, ол жөнінде процессуалдық шешім қабылданып, оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері бар екені туралы Ішкі істер басқармасы шешім қабылдағаннан кейін ғана белгілі (?) болғандығын бекітеді.
Апелляциялық сот алқасының мектеп директорына М.Малдыбаеваның іс-әрекеті 2013 жылдың қазан айында белгілі болған деген тұжырымы шынайы дұрыс дәлелдермен құпталмаған. Мектеп директоры талапкер шын мәнінде мектеп оқушысын ұрып-соққанына кезінде толыққанды көзі жетпеген, қызметтік тексеру жүргізбеген, оған қоса М.Малдыбаева сол кезде де және бүгінгі таңда да өз тарапынан оқушыны ұрып-соғу фактісі орын алмағанын айтады».
Сонда кассациялық алқа А.Асқароваға «сіздің түсініктемеңіз өтірік!» дегісі келе ме? Алқаның көздеген мақсаты әділ шешім шығару емес, қалайда М.Малдыбаеваның жұмысқа қайта оралдырмау болғаны ғой? Бұлай дейтініміз, кассациялық алқа апелляциялық алқаның шешіміндегі негіздемесін теріске шығаруға тиіс еді. Бұл шарт орындалмаған! Оның орнына апелляциялық алқаның шешіміндегі «жаза қолдану мерзімі өтіп кеткендігі», сол үшін ғана бірінші сатыдағы сот шешімі ішінара өзгертілгені туралы негіздемені айналып өтіп, директордың істе бар өз қолымен жазған түсініктемесін теріске шығарып, «... жұмыс берушіге Ішкі істер басқармасы шешім қабылдағаннан кейін ғана белгілі (?) болғандығын бекітеді» деп, көпе-көрнеу заң бұзушылыққа барып отыр.
ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы (судьялар – Ғ.Аққуова, Б.Жұмағұлов, Н.Сисенова) 2015 жылғы 29-қазандағы өз қаулысында ОҚО сотының кассациялық сот алқасы қаулысының жоғарыда келтірілген екі абзацын сол күйінше көшіріп береді-дағы, ең соңына, «... ұрып-соғу фактісі орын алмағанын айтады» деп біткен сөйлемнен кейін «... деген негізсіз тұжырым жасаған» деп төрт сөз қосады. Ал, бұндай тұжырым апелляциялық алқа қаулысында мүлдем жоқ! Сірә, бұл астаналықтардың шымкенттік кассациялық алқадағы әріптестерінің сәтсіз байламын түзетуге тырысқан, қателігін жуып-шайған, «олар осылай деп айтқысы келген ғой, дұрыс түсініңіздер» деген сыңайдағы әрекеті болса керек.
Бұл жерде де апелляциялық сот алқасының «...тәртіптік жаза белгілеудің бір айлық мерзімі өтіп кеткен деп санайды» деген негіздемесі теріске шығарылмаған.
Бірақ, апелляциялық алқа қаулысын дереу орындауға ешкім кірісе қоймайды. А.Асқарова да өз тарапынан оның орындалуына кедергі келтіріп бағады. Бұны аз десеңіз, жоғарыда аты аталған Б.Майрихов мырза 2014 жылдың 23-қыркүйегінде ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов мырзаға хат жазады. Жазғанда да қара аспанды төбеден төндіріп жазады: «Апелляциялық сатыдағы соттың жаңа шешім қабылдауы, М.Малдыбаеваның жұмысына қайта орналасып бала тәрбиесімен айналасуы Ш.Жаманбайдың ата-анасының, ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып (бұл жерде және ары қарай біз қарайттық – автор), ... қазіргі таңда бұл мәселе аудан тұрғындарының және мектептегі педагог қызметкерлер арасында түрлі негативті пікір қалыптасуына, ата-аналардың педагогика қызметкерлеріне деген сенімінің төмендеуіне себеп болуда.
Жоғарыда аталған жағдайлар аудан тұрғындарының арасында резонанс тудырып отырғанын, бұл мәселе қазіргі таңда кассациялық тәртіппен сотта қаралып жатқанын ескеріп, кассациялық сот алқасымен заң шеңберінде шешілуін бақылауға алуыңызды сұраймын».
Ойпырмай, Құдай зор сақтапты-ау, сәл болмағанда, Плевако айтпақшы, Қазақстан құлап қалғандай екен... О заман да бұ заман, өз әріптесін, тіпті өз қарамағындағы адамды, оның ішінде мұғалиманы, қыз баланы соттайын деп жатқанда бір ауыз араша айтуға жарамаған басшы мұғалім өз жұмысына қайта орналасқанда ең болмаса неге тағы да бейтарап позиция ұстанбаған, неге сонша шыр-пыры шығып қарсы болады? Жоқ әлде Майрихов мырза Малдыбаеваның түзелмейтінін көріпкелдікпен біліп қойып па?
Жарайды, бұның бәрі «лирика» дейік-тағы, моральды, яғни, адамгершілік жағын сөз еткенді қоя тұрып, «физикаға», мәселенің құқықтық жағына көшейік. Оның үстіне біздің де Малдыбаеваны ақтауға тырысу мүлде ойымызда жоқ. Әйтсе де, бір баланы жағынан тартып жібергеніне бола Алла-Тағала пендем десе есігін көрсетпегені абзал темір тордың ар жағында 7 тәулік отыру кім үшін болғанда да артық кетпесе кем жаза емес. Түсінген адамға. Осы тұрғыдан алғанда кінәсі үшін бір рет жазасын тартқан адамды – ал, тіпті қылмыс үшін екі рет жазалау жоқ – «ату его, ату!» дегендей, одан әрмен суға батыру әрекетінің артында тек оқушылар қауымының қамын, педагогтардың абыройын ғана ойлау тұр ма?
Аудандық білім бөлімі басшысының сот ісіне араласуы Сарыағаш секілді жарты облыстың халқы бар аудан мектептерінде қалыптасқан жемқорлықтан хабар береді. Бүгінгі нақты өмір бізді мүлдем басқа жорамал жасауға, Б.Майриховтың түпкі ойы – білгенін істеп жатқан мектеп директорына қарсы шыққан мұғалімнің аузын жабу, оны барынша аямай жазалау арқылы өзге де оқытушыларға қысым жасау, күш көрсету, мектеп директорларына қарсы сөйлейтін болса көретін күні осы болатынын сездіріп қою деп болжам жасауға мәжбүрлейді. Кассациялық алқа сотының да Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарын бұза отырып қаулы қабылдауы, оны Жоғарғы Сот алқасының қолдауы биліктің екі дербес саласының – атқарушы органдар мен сот органдарының тұтасып бара жатқандығын көрсетеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қоры бұл істі аяғына дейін жеткізуге тырысады.
Жаңабек Әбішев, заңгер
qazaquni.kz