Министр болып жүргенде өзімді жайсыз сезіндім – Зейнолла Кәкімжанов
2016 ж. 19 желтоқсан
2711
0
Осы ғасырдың алғашқы жылдарында үкіметте жарқырап көрінген Зейнолла Кәкімжанов бүгінде саясатпен емес, ауыл шаруашылығымен айналысқан жөн көреді. Қазір туған өлкесінде (бұрынғы Семей облысы аумағында) мал өсіруде. Басқа да шаруа қожалықтары бар.
Ол «Караван» газетінің тілшісіне берген сұхбатында министр болып жүргенде өзін жайсыз сезінгенін айтты.
«Өйткені іс-әрекетімнің бәрі шектеулі болды. Бірнеше сағатқа созылатын жиналыстарға баруға мәжбүр болдым. Уақытымның 75 пайызы бюрократиялық, түк те керек емес іс-әрекеттерге зая кетті» дейді З.Кәкімжанов.
Енді ол бүгінгі еркіндігіне қуанады екен. Қатып қалған қызметтен басағалы бері ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып жүр.
- Ауыл шаруашылығына қатысты үш жобам бар. Соның айналасында он шақты ауыл тіршілік етіп отыр.
- Ол қандай жобалар? Екеуін Фейсбуктен біліп алдық. Олар – Шар (туған қаласы – ред.) түбіндегі мал шаруашылығы және Алматы облысындағы жүзім алқабы.
- Жоқ, онда жүзім ғана өсірілмейді. Тағы бір шағын ферма бар. Сосын Алматы іргесінде тағы өсімдік өсіреміз.
- Жылқы фермасы да бар ма?
- Шағын ғана ет және сүт фермасы.
- Ферма... Мен жылқы фермасы деп естіп қалыппын. Асыл тұқымды сәйгүліктерге сіз де қызығасыз ба дегенім ғой.
- Асыл тұқымды бір үйір жылқым бар.
- Шар жақта ма?
- Иә, шығыс жақта. Бірақ ең негізгісі, өзім ауыл шаруашылығында жұмыс жүргізген 10 жылда әкемнің туған ауылы толық қалпына келді.
- Ол ауыл қалай аталады?
- Шалабай...
Айта кетейік, кезінде Зенолла Кәкімжанов мемлекеттік кіріс министрі (1999-2002), қаржы министрі (2002-2003) болды, басқа да мемлекеттік қызметтер атқарды. Қазір Altay Asset Management компаниясының басшысы.