«Астана-Көкшетау» тас жолындағы апат: Құмарбек Жакетайұлының ерлікпен ажал құшқаны мәлім болды
2016 ж. 08 желтоқсан
2438
2
4 желтоқсан күні «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында ірі жол апаты болғаны туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Кейінірек онда қаза болған 4 адамның есімі анықталды. Ажал тырнағынан аман қалған Данил есімді баланың да әкесі табылды. Ал осы оқиғалардың қалтарысында қаршадай баланы құтқарып, көлікте жанұшыра шыңғырған қыз баланы да аман алып қаламын деп жүріп ажал құшқан ауыл тұрғынының ерлігі қалып қойды. Ол жайлы бізге бүгін ғана мәлім болып отыр.
Редакцияға қоңырау шалған Рахымбек Мүбәракұлы есімді азамат болған жайды баяндап берді. Оған оқиғаны үш жолаушысы қаза тапқан көлік иесі Ерлан Сұлтанов кеше, 6 желтоқсан күні ерлікпен көз жұмған Құмарбек Жакетайұлының жерлеу рәсімі кезінде айтып берген. Оқиғаның ұзынырғасы былай:
4 желтоқсан күні Бурабай ауданы Жаңажол ауылында Қазира Майлыханқызының жерлеу рәсімі болады. Марқұмның туған-туыстары тайлы-тұяғы қалмай алыс-жақыннан жиналады. Сағат 12:00 шамасында Макинск қаласында берілетін асқа бару үшін 100-ге жуық көлік қабір басынан аттанған. Алдыңғы лекте Құрметбек есімді азамат мінген Kia Rio «Атамекен» елді мекенінен «Астана-Көкшетау» тас жолына шығады. Бұрылыстан шыға берісте оларды жол бойындағы адамдар қол бұлғап тоқтатуға тырысады. Таяу жерде көліктер соқтығысып қалғанын, олардың да соқтығысып қалу қаупі барын солай ым-ишарамен білдірген. Жұрттың қол бұлғап тұрғанын көрген Kia Rio жүргізушісі жылдамдығын бәсеңдете берген. Осы сәтте оларға «Ниссан цефиро» маркалы жеңіл көлік келіп соғылған. «Ниссан» соққыдан соң сырғып барып, өшіп қалған. Оның жүргізушісі бірден көлігін жолдың оң жақ шетіне шығармақ болып, жұртты көмекке шақырған (ол жерде біраз адам жиналып қалған екен). Kia Rio-ның жүргізушісі екеуі көлікті жол шетіне шығаруға әрекеттеніп жатқанда шымкенттік нөмірі бар автобус «Ниссан цефиро» көлігін артқы тұстан келіп соққан. Соққы қатты болған, көліктің жүксалғышы салонға кіріп кеткен, ал ішінде отырған үш жолаушы жарақат алған, бірақ әлі тірі болған. Ал автобус «Ниссанның» алдына барып тоқтаған.
Осы тұста Құмарбек Жакетайұлы асқа бара жатқан көліктердің бірінен түсіп, соғылған көліктің қасына жеткен. Есіктерді аша алмаған соң, алдыңғы терезені сындырып, ішінен Данил есімді ұл баланы алып шығуға көмектескен. Жол бойында Астанаға қарай кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, оған баланы Макинск қаласының ауруханасына жеткізуді тапсырған. Көлік иесінің есімі - Кирилл Гончаров. Ендігі сәтте екі жігіт (Ерлан Сұлтанов пен Құмарбек марқұм) жанталасып, іштегі әйелдерді құтқармақ болады. Бірақ есіктерді аша алмайды. Құмарбек Жакетайұлы алдыңғы оң жақ есіктің терезесінен жолаушы қызды шығарып алады. Одан соң Ерлан Сұлтанов екеуі қалған жолаушыларды құтқаруға кіріседі, Құмарбек көліктің артқы сол жағына барып, қолындағы шағын ғана сүйменмен артқы терезені опырып, ашуға әрекеттеніп жатады. Іштегі бір қыздың қолынан тартып, шығармақ болып жатқанда, арттан екпіндей келген тағы бір автобус «Ниссан цефироны» соққан қалпы алдыңғы автобустың астына тығып жіберген. Осы сәтте іштегі шыңғырған қыз баланы құтқаруға әрекеттеніп жатқан Құмарбек Жакетайұлы екі көліктің ортасында қалған да, «Ниссанмен» бірге автобустың астына кіріп кеткен. Кейін оның жансыз денесі автобустың астынан табылған.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Қазавтожол» РМК ақылы жол дирекциясының операторына сілтеме жасап хабарлағандай, соңғы соғылған «VAN HOOL» жолаушылар автобусы «Бурабайдағы «Риксос» қонақүй кешенінен Астанаға бара жатқан. Онда «BI Group-тың» 49 қызметкері болған. Жүргізуші боран мен көктайғақтың салдарынан рөлге ие бола алмай, «Ниссан цефиро» жеңіл көлігін соққан. Осының салдарынан сол көлікте отырған жолаушылар - 1984 жылғы Алена Бухалюк (Астана тұрғыны), 1994 жылғы Қымбат Сәдуақасова (Зеренді ауданының тұрғыны), 1967 жылғы Айсұлу Кәленова (Астана тұрғыны) және 1966 жылғы Құмарбек Жакетайұлы (Бурабай ауданының тұрғыны) оқиға орнында көз жұмған. Құтқарылған бала дін аман, ал бойжеткен қыздың еш жері сынбаған, тек жеңіл жарақаттар алған.
Құмарбек Жакетайұлы Бурабай ауданы Жаңажол ауылының тұрғыны. 1991 жылы Моңғолиядан атамекенге оралған. Артында үш баласы, жары қалды. Ол өмірінің соңғы сәтінде қаршадай баланы аман алып алуға көмектесіп, өрімдей жас қызды құтқарып қалды. Екі жастың өмірі үшін өз жанын пида етті. Бұндай ерлік жасаған азаматты бейбіт күннің батыры деуге әбден лайық!
Жары Тұңғатар Сапарғалиқызымен бірге