ҚАРИН: 25 ЖЫЛДЫҚТАН КЕЙІН ҚОҒАМНЫҢ ЕКІНШІ ТРАНСФОРМАЦИЯ КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ. СЕБЕБІ ЖАҢА ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ КЕЛДІ

11 қарашада, Алматы қаласында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Ерлан Қарин бір топ белсенді жастармен кездесу өткізді. Үш сағатқа созылған кездесуде Әнуар Шотбай бастаған жиырмаға жуық жас өздерінің көкейіндегі сұрақтарын қойып, Ерлан Тынымбайұлымен емін-еркін сұхбат өрбітті, - деп жазады Қамшы.

image

Талқы жиын тақырыбы толықтай ұлттық мәселеге арналып, жастар қордаланған ұлт мәселелерін ортаға қойды. Сұхбатта ұлттық экономика, саясат, ауылдардың келешегі, қазақ мәдениеті мен тарихы, тіпті терроризм мен салафизмнің себеп-салдары, күресу жолдары да талқыланды. Жастардың тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы жетістіктері мен міндет, мақсаттары туралы сұрағына Ерлан Қарин төмендегідей жауап берді:

25 жылдықтан кейін, қоғамның екінші трансформация кезеңі сөзсіз басталады. Себебі жаңа ұрпақ келді. Олар мүлдем жаңа ұғымда. Мысалы менің балаларым «Кеңес одағы», «Совет» дегендерді мүлде түсінбейді. Жалпы, Советтік тарих Украинадағы жағдайдан кейін символикалық түрде бітті. Себебі украин дағдарысы біздің елдерді біріктіріп келген ортақ кеңестік құндылықтардың толық құлдырауына әкеліп соқтырды. Бұл геосаяси тұрғыда. Бұған дейін біз, Қырғызстан, Өзбекстан болсын, тіпті Ресейдің өзі де советтік кезеңдегі дамудың инерциясымен келдік. Сол кездегі тарихтың, қозғалыстың, динамиканың, ресустардың ықпалымен келдік. Ал ең бастысы, біздің елдерде жаңа толқын келе бастады. Енді міне, Тәуелсіздіктің құрдастары 5-10 жылда қоғамдық, мемлекеттік саясатқа, бизнеске белсене араласа бастайды. Өздерімен бірге мүлдем жаңа ұғымдар, жаңа құндылықтар, жаңа принцпитер ендіре бастайды. Сөйтіп жаңа түбегейлі және терең трансформация жүзеге асады. Постсоветтік тарих осымен толықтай бітті.

«Бізге тәуелсіздік оп-оңай келе қалды» деген қалыптасқан пікір бар. Мен келіспеймін. Ал, кейбір ұлтшылдар арасында «Біз тәуелсіздікті ең соңғы болып, амал жоқтан алдық, бәрі қирап қалғаннан кейін тек қана жариялай салдық» деген де қате пікір бар. Бұнымен мүлде келіспеймін. Біз тәуелсіздікті 1991 жылы жай, кездейсоқ алған жоқпыз. Ол үлкен күрестің нәтижесі. Бір ғана мысал айтайын. Тәуелсіздікті 16 желтоқсан күні тойлаймыз ғой. Мен ең бері дегенде Семей сынақ полигоны жабылған 29 тамыз күнін де егеменділіктің басы ретінде де атауымыз керек деп ойлаймын. Осы күні Қазақстан тұңғыш рет өзінің егемен ел ретінде шешімін шығарды. Оған дейін де Қазақстан полигонды жапқысы келген, бірақ кеңестік ВПК-ға (Әскери-өнеркәсіп кешені) қарсы шығу оңай болған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің жабық сессиясын өткізіп, «бүкіл жауапкершілікті мойныма аламын» деп, полигонды жабуға табанды шешім шығарды. Ол кезде Қырғызстан да, Өзбекстан да, Әзербайжан да тәуелсіздік жариялаған жоқ болатын. Немесе көші қон туралы заңды да біздер сол жылдың қараша айында қабылдадық. Нағыз тәуелсіздік – формальды құжат қабылдауда емес, еркін егемен шешім шығара білумен өлшенеді. Сондықтан бұл жаңсақ қате пікірді әрі қарай бізге тарата берудің қажеті жоқ. Мұрағаттарды қарап отырсаңыз, Қазақстанда тәуелсіздік жариялауға дайындық сол 1991 жылдың кем дегенде наурыз айынан басталған. Республика басшылығы жоспарлы түрде құқықтық, қаржылық, құжаттық басқа да мәселелерге дайындалып барып, желтоқсанда тәуелсіздік жариялады. Бұл ұзақ процесстің кульминациясы.

25 жылдықта үлкен-үлкен жетістіктер бар. Ең үлкен жетістік еліміздің шекарасының бекітілуі! Шекараны большевиктер билігі кезінде айқындап алу Алаш қайраткерлерінің ұлы ерлігі. Ал, әлем алпауыттары алдында, халықаралық деңгейде ресми бекітіп алу Елбасының ерлігі. Менің қазақ даласына қатысты карталарды жинайтын хоббиім бар екенін білесіздер. XIV-XV ғасырлардың карталары да бар. Оларды табу оңай болмады. Бірақ, солардың ішінде мен үшін ең қымбаты 1938 Қазақ ССР картасы. Әдетте, коллекционерлерге ең көне зат ұнайды, бірақ маған бұл карта ерекше сезім тудырады. Қараймын да ойланам, сондай аласапыран кезеңде осындай жерге ие боп қалай қолдарынан келді екен деп. Әсіресе, Ресеймен арадағы шекараға қарап отырсам ирек-ирек бір сұғынып, бір шығып жатқан шекара. Ал, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердің шекарасына қарап көріңіз, түзу сызық, немесе солтүстік Африкадағы мемлекеттер шекарасын қараңыз. Яғни, біздің қайраткерлер, әрбір соқпақ, әрбір төбе, бұлақ үшін дауласып, үлкен еңбек істеді, жай сыза салған жоқ. Құрлықтағы ең үлкен шекара, 7500 км шекараны белгілеп шығу – үлкен күрес болғанын көрсетеді. Ал, содан 70 жылдан кейін Қазақстанның Ресеймен арадағы шекараны көпке создыртпай, ешбір даусыз, тиянақты бірден бекітіп үлгергеніміз Елбасының үлкен ерлігі.

Бжезинскиймен кездескенімде маған «Сіз «уникальный» елден келіп отырсыз, сіздер мені таңқалдырдыңыздар. Несімен таңқалдырдық дегенде, ол сіздің Президентіңіз бірнеше ұлы шешімдер қабылдады: Бірінші ел орталығын көшіріп, жаңа Астананы салдыңыздар. Бұл тек сіздердің тарихтарыңыз үшін ғана емес, әлем тарихына кіретін маңызды геосаяси шешім болды деді. Екінші, Қытай және Ресей сияқты мемлекеттермен шекара мәселесін шешіп алуларыңыз үлкен ерлік» деді.

Оны неге айтып отырмын. Мысалы, білетін болсаңыздар Қырғызстан мен Өзбекстан арасында әлі күнге дейін шешілмеген 500 км шекара бар. Екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия 7 жыл бойы жұмыс істеп, соншалық даулы шекарадан тек 12 км шекараны ғана анықтай алған. Содан кейін 5 жыл бойы біріккен отырыс өткізбеген. Жаңа басшы Мирзияев билік басына келе сала өзбек үкіметі қырғызбен 40-қа жуық даулы участкілерді бір айдың ішінде ақ шешіп үлгерді. Бұл – шекара мәселесінде лидердің саяси ерік-жігердің маңызы қаншалық екенін білдіреді. Сондықтан, тек осы шекара мәселесін тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында көпке созбай, бірақ тиянақты шешіп тастағаны үшін ғана Елбасыны халық қахарманы деп атауға болады.

***

Әңгіме арасында жастар Ерлан Тынымбайұылынан Ресейден келер қауіп, қазақ ұлтшылдығы турасында да сұрады.

Мен жақын уақытта Ресейден де, Қытайдан да келер үлкен қауіп көрмеймін. Ресейдің үлкен тарихи комплексі бар, оны өздері де біледі. Біздің солтүстік көршіміз өзінің бүкіл тарихында әрқашан да Батыстың құрамдас бөлігі ретінде дәлелдеуге тырысып келеді. Сыртқы саясатының негізгі мақсаты да сол. Өзін Батыста мойындату. Алайда, сол бағытта жеңіліс тауып, ұтылып жатса, есесін әрдайым Шығыста қайтарғысы келеді. Қауіптісі осы. Қытай тарапынан қауіпті де бізде тым әсерлету әдеті бар. Алайда шын мәнісінде Қытайдың бұл аймақта үстемдік етуге жоспары да, мүмкіншілігі де жоқ. Екі осы алып көршімізбен біздер ашық, тең әріптестік орнатуға ұмтылуымыз керек.

Қазақ ұлтшылдығы осы уақытқа дейін қандай парадигмамен келді? Сыртқы ықпалмен күресіп келді. Өзге елдің тілінің, мәдениетінің, ақпараттық саладағы ықпалымен күресіп келді. Алайда, соңғы жылдары жағдай күрт өзгерді. Мысалы, 2013 жылы бірінші рет Қазақстан телеарнасының жаңа жылдық көрсетілімі ресейлік арналардан асып кетті. Немесе, әлеуметтік желілерде салыстырып қараңызшы, орыс тілді әншілер мен қазақ тілінде ән орындайтын әншілердің аккаунтына жазылғандардың санына. Бұл ақпараттық, демографиялық салада, жалпы ішкі нарықта түбегейлі жаңа трендтердің пайда болғанын көрсетеді. Қазақ тіліне айтарлықтай енді қауіп жоқ екенінің көрсеткіші. Олай болса, парадигма ауысуы керек. Қазақ ұлтшылдығы жаңа кезеңде, алдағы перспективасында басқа мақсаттарға жұмыс істеуі керек. «Қазақтың сапасы» деп әріптесім Берік Әбдіғалиұлы көтеріп жүрген мәселені талқылауға қайта оралу қажет. Қазақ саны артып жатыр, сапамыз бәсекеге қабілетті ме? Осы жағын ойлану керек. Әлем өзгеріп келе жатыр. Көрші елдің азаматтары шетелге шығып жұмыс істеп еліне табыс әкеліп жатады. Ал, қазақ мобильді емес, өз еліміздің ішінде орын ауыстырғымыз келмейді. Бұл бір ғана мысал. Біздерде бірнеше объективті фактор бар, біз олардан шығып кете алмаймыз. Ең үлкен проблема біз үшін ол демография. Қазақ ұлтшылдығының алдында қандай да бір миссия болмасын, ағартушылық бағытындағы жұмыс үзілмеуі тиіс. Қазақ саясатында ағартушылық жұмыс үнемі қатар жүріп келді. Ал қазір одан бетер осы бағытқа күш салу қажет. Әлемдегі процесстерді өз дүниетанымымыз арқылы, өз мүдделереміз тұрғысынан қайта қайта талқыға салып отыру қажет.

***

Ерлан Қарин өз әңгімесінде дін мәселесіне де тоқталып «Бұл дискуссия ұзаққа созылып кетті. Біз салафизмге тиым сала алмасақ та, нақты әдебиеттер мен нақты уағызшыларына тиым салуымыз керек», - деп атап өтті. Жиынға жиналған жастар үлкен әсермен, алдағы уақытта жиі жиналып тұруға уағдаласып тарасты.

Нұрғали НҰРТАЙ