Алматыда притон ашып алған әйел мен оның көмекшілері ұсталды
2016 ж. 15 қараша
1804
0
Алматы полицейлері жеңгейтайлықпен айналысатын топты ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД өкілдеріне сілтеме жасап.
Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, бұл интим-бизнесті 32 жастағы Ж. есімді азаматша ұйымдастырған.
"Полицейлер Алматы қаласының Жетісу ауданында түнгі сағат он бірге қарай жеңгейтайлықпен айналысатын 32 жастағы азаматшаның көрсететін қызметтеріне ақша алып жатқан жерінен ұстады. Оның қасында тағы бес әйел болды, олар жеңіл жүрісті қыздардың қызметін ұсынып жүрген болып шықты. Сондай-ақ, онда қызмет көрсетін шамамен тоғыз қыз шет жақта тұрды. Полицейлер оларды да ұстады", - делінген хабарламада.
"Сонымен қатар, жедел шаралардың нәтижесінде ұйымдасқан қылмыспен күресу басқармасының қызметкерлері жеңгейтайлықпен айналысатындарға такси қызметін ұсынатын үш жүргізушіні ұстады. Олардың әрқайсысының немен айналысқаны сотқа дейінгі тергеу жұмыстары барысында анықталады", - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Өңірлік ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметкерлерінің бірінші тәулікте жүргізген шаралары нәтижесінде осы топты ұйымдастарған азаматшаның қоластында жалпы саны 16 жеңіл жүрісті қыздың жұмыс істегені анықталды. Қазіргі уақытта олардың 15-і куәгер ретінде жауап беріп, жұмыс берушісіне қарсы түсініктемелер беріп жатыр.
"Процессуалдық мәліметтерге қарағанда, басқа да қылмыс түрлері бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы қосымша хабарланатын болады. Ж. есімді азаматша мен оның М. есімді көмекшісі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қалалық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру деректерін анықтап жатыр", - деді Салтанат Әзірбек.